Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өзекті мәселелер күн тәртібінде

Өзекті мәселелер күн тәртібінде

Кеше аудан әкімі Серік Сермағамбетовтың төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өткізілді. Мәжілістің күн тәртібінде біршама өзекті мәселелер талқыланды.
Жиынға дербес бөлімдер мен мекеме басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және ауылдық округ әкімдері «ZOOM» платформасы арқылы қатысты.
Алдымен күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан көлеміндегі жер қатынастары саласының кейбір мәселелері туралы аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Н.Ахметов негізгі баяндама жасады.
Баяндама барысында Н. Ахметов қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті. Яғни, ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін айналымға алу үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, қазіргі таңда тұрғындардың өтініштеріне сәйкес, жер учаскелерін анықтау үшін өлшеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын және жалпы көлемі: 129 405 шаршы метр болатын 20 жер учаскесі сауда-саттық (аукцион) арқылы сатуға аудан әкімдігінің 2022 жылғы 28 наурыздағы № 39-қ қаулысымен тізбесі бекітіліп, алдағы уақытта қолданыстағы заң талаптарына сәйкес мүліктік веб портал арқылы электронды түрде жүргізілетіндігін хабарлады.
Сонымен қатар, кент және ауылдық округтердің шекараларын кеңейту және бекіту мақсатында облыстық бюджеттен 39 480,0 мың теңге қаржы бөлініп, алдағы уақытта ашық конкурс арқылы жеңімпаздарды анықтап, кент, ауылдық округ әкімдері және тиісті қоғамдық ұйымдармен бірлесе нақты жұмыстар жүргізілетіндігін атап өтті.
Осы орайда жер учаскесіне кезекке тұру мәселесі, оның табысталуы және мақсатты пайдаланылуы жөнінде Арал қаласының әкімі Е. Талекенов қосымша мәлімдеме жасады.
Баяндалған жұмыстардың көрсеткіштеріне куә болған аудан басшысы жүргізілген жұмыстардың барысында орын алған кемшіліктерге тоқталып өтті.
Оның ішінде, ауылшаруашылығы мақсатындағы жайылымдық жер учаскелерінің игерілмей және кейбір ауылдық округтердегі тұрғындардың жайылымдық жерлерді алғанымен, аталған тұрғындарда ешқандай мал басы тіркелмей, жердің нысаналы мақсатта пайдаланылмай тұрғандығы анықталған. Яғни, табысталған жер учаскелерінің мақсатты түрде пайланылуына мониторинг жұмыстары мүлде жүргізілмеген. Және бірнеше ауылдық округтердің жанынан 5 км радиуста ауыл шаруашылығы мақсатында табысталған жерлердің игерілу жағдайына тоқталып, кемшіліктер анықталғандығын жеткізді.
Бұдан бөлек, жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер телімдеріне және кәсіпкерлік мақсатта табысталған жерлерге мониторинг жұмыстары мүлдем жүргізілмегендігі анықталып, бүгінгі күнге дейін өзіне жүктелген міндеттерді атқару барысында кемшіліктерге жол бергені үшін тиісті сала басшысының «сөгіс» түріндегі тәртіптік жауапкершілігін қарауды ұсынды.
Сонымен қатар, аудан басшысы аталған мәселелер төңірегінде алдағы уақытта игерілмей немесе мақсатты пайдаланылмай тұрған барлық жер учаскелерін анықтап, оларды мемлекет меншігіне қайтару бойынша заңға сәйкес жұмыс жасауды тапсырды. Елді мекендер жанынан берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиісті заң нормаларына сәйкес мал жайылымдарының ерекшелігі мен ауыл тұрғындарының пікірлері ескеріліп табысталуын қамтамасыз етуді және алдын - ала аукционға немесе конкурстық комиссия қарауына шығарылатын жер учаскелерінің тізбесіне ауданның, қаланың аумағында орналасқан жағдайда сала бойынша аудан әкімінің орынбасарынан және елді мекен шегінде сол әкімшілік аумақтың әкімдерінен келісім ала отырып жұмыс жасауды қатаң түрде тапсырды. Бұдан бөлек, аукционды (конкурсты) өткізу туралы ақпараттың қол жетімділігін қамтамасыз ету, жер сатудан түсетін түсімдердің уақытылы бюджетке төленуін қамтамасыз ету және жеке тұрғын үй құрылысы үшін уақытша табысталған жер телімдерінің қолдан-қолға сатылуын тоқтату, алаяқтық қылмыстарының алдын-алу үшін тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді Арал қаласының әкімі мен аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне тапсырды.
Мұнымен қоса, аудан басшысы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне көше түзулігін қатаң сақтауды, салынатын кәсіпкерлік және өзге де мақсаттағы ғимараттарды аудан әкімдігінің жанынан құрылған кеңесте талқылап, тиісті келісім беруді тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша мамыр айына жоспарланған мерекелік шараларды ұйымдастыру жөнінде аудан әкімінің орынбасары Б. Жұмағұлов баяндады.
Баяндамада биыл елімізде 7 мамыр күні – Қазақстан Республикасы Ұлттық Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл, 9 мамырда – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 77 жылдығы және 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні атап өтілетіндігі айтылды.
Осыған орай, мереке қарсаңында барлық білім беру ұйымдарында «Ерлік сабақтары» мен патриоттық акциялар, музейлер мен кітапханаларда тақырыптық көрмелер, жас сарбаздардың «Мен әскердемін» бейнечелленджі және аудан орталығы мен елді мекендерде салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылатындығын хабарлады.
Хабарламашыдан кейін сөз алған аудан әкімі аталмыш мерекелер қарсаңында өткізілетін барлық іс-шаралар өз деңгейінде өткізілуін ұйымдастыруды тапсырды.
Сонымен бірге, мерекенің идеялық мазмұнын ескере отырып, елді мекендердің орталық алаңдарын, саябақтар мен көшелерді мерекелік безендірілуін қамтамасыз етуді жауапты сала орынбасары мен қала, кент, ауылдық округ әкімдеріне тікелей тапсырды.
Аппарат мәжілісінің қорытындысы бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, аталған тапсырмалардың орындалуын қадағалау аудан әкімінің орынбасарлары мен аудан әкімі аппаратының басшысы Н.Бохаевқа жүктелді.
"Толқын" ақпарат
04 мамыр 2022 ж. 460 0