Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі республикалық білім додасының гран-при иегерін қабылдады

Аудан әкімі республикалық білім додасының гран-при иегерін қабылдады

Бүгінде елімізде өткізіліп жүрген түрлі білім бәсекелері оқушыларымыздың шеберлігін шыңдап, олардың қабілеттерінің ашылуына мол мүмкіндіктер тудыруда.
Осы орайда, жақында Нұр-Сұлтан қаласында өткен «EDU Stream жұлдыздары» байқауында Н.К. Крупская атындағы №14 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Жаңабай Нұраян жүзден жүйрік шығып, гран-при иегері атанды.
Бүгін аудан әкімі С. Сермағамбетов білім бәсекесінде оқ бойы озық шығып, аудан мерейін өсірген Жаңабай Нұраян мен жетекші ұстазы Сәрсенбаева Ардақты арнайы қабылдады.
–Еліміздің әр аймағынан қатысқан үздіктер арасынан суырылып, биіктен көрінген оқушымыздың бұл жеңісін тынымсыз дайындық пен төккен еңбектің нәтижесі деп бағалаймын. Жас та болса, өзінің зерттеу еңбегіне туып өскен жері Арал өңірінің мәселесін арқау етіп, әлемдік деңгейдегі ағылшын тілінде еркін түрде жобасын қорғап шықты. Біліктіліктің терең үлгісін көрсеткен өзіңдей оқушыларды әрқашан мақтан тұтамыз. Осы ретте, Нұраянның топ жаруына атсалысқан ата-анасының, ауданымыздың бiлiм беру жүйесiн дамытумен қатар, айтулы жеңіске өлшеусiз үлес қосқан жетекші ұстаздарының, мектеп ұжымының еңбегі зор, – деп, алдағы уақытта да биік белестерден көрінуіне тілектестігін білдірді.
Сонымен бірге, аудан басшысы гран-при иегері атанған оқушы мен жетекшілік еткен ұстазына арнайы құттықтауын табыстап, сый-құрмет көрсетті.
Кездесуде аудандық мәслихат хатшысы Базарбай Төреахметов сөз алып, жас өреннің бұл жетістігі аудан мерейін асырғанын айтып, оқуда озат болып, барлық алға қойған мақсаттарының орындалуына сәттілік тіледі.
–Мыңдаған оқушылар арасынан озып шығып, жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын. Осындай жоғары деңгейдегі сайысқа дайындаған ұстаздарыма, қолдау білдірген ата-анама шынайы алғысымды білдіремін. Құрмет көрсетіп жатқан сіздерге де көп рақмет – деді, республикалық сайыста жеңімпаз атанған Нұраян.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі



07 шілде 2022 ж. 492 0