Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагерлер мерейі үстем болды

Ардагерлер мерейі үстем болды

Жуырда аудан орталығынан шалғай жатқан Сыр беткейдегі ауылдардың өзекті мәселесін басшылыққа жеткізуде жанашырлықпен жұмыс атқарып жүрген бірқатар ақсақалдарға аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, майор Бауыржан Қуатов пен аудандық мәслихаттың депутаты Батыржан Ұзақов «Қазақстан Қарулы Күштеріне – 30 жыл» медалін табыстады.
Халқымызда «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген даналық бар. Расында әркімнің істеген ісі ұрпағының болашағы. Бүгінде ел арасында халықтың қамын күйттеген ақылы асқан дариядай, елдегі ірілі-ұсақты дауларда түзу жолға салатын ақсақалдар баршылық. Олар жастарға отансүйгіштік тәрбиенің үлгісін көрсетіп қана қоймай, елдің патриоттарын тәрбиелеуде өздерінің үлесін қосып келеді. Бекбауыл, Қызылжар, Райым, Жетес би, Аманөткел ауылдарында тұратын осындай жандардың омырауына медаль тағылды.
– Біз ел ішінде жастарға отансүйгіштіктің озық үлгісін көрсетіп жүрген ел ағаларына төсбелі табыстадық. Қазақстанның қуатты армиясын құруда ауыл жастарының әскерге бару, Отан алдындағы борыштарын өтеуде түсіндірме жұмыстарын оңтайлы жүргізіп, елім дейтін ер азаматтарды тәрбиелеп отырған ауыл ақсақалдарының еңбегі өлшеусіз. Бүгін кеудеге медаль таққан жандардың бәрі осы құрметке әбден лайық деп ойлаймын, – дейді Б. Қуатов.
Ал ауыл қарияларын ерекше жақсы көретіндігін айтқан Б.Ұзақов «Қазақстан Қарулы Күштеріне – 30 жыл» төсбелгісінің табысталуы олардың лайықты еңбегінің жемісі дейді.
– Мен депутат ретінде сайланған шақтан бастап ауылдағы ақсақалдармен жақсы қарым-қатынас орнаттым. Олардың елге болсын деген адал отансүйгіштік қасиеттерін байқадым. Аудан әкіміне депутаттық сауал жолдап, Ескіұра елді мекенінде ойын алаңын салуға ықпал жасадым. Қызылжарға асфальт, Шөмішкөлге тасжол, Бекбауыл, Құмбазар, Үкілісайға келер жылы тас жол түседі деп жоспарланып отыр. Хан пантоны қайта істеледі. Райымдағы аспалы көпірге жөндеуге демеуші ретінде қаржы бердім. Аманөткелге 1968 жылдан бері алынбаған су тартатын насосын алуға көмектестім. Бірақ осы істердің бәрінің басында сол елдегі қариялардың ықпалы жатыр. Егер сол жанашыр ақсақалдар бізге елдегі мәселені жеткізбесе, халық қиындықпен өмір сүруін жалғастырар ма еді қайдам, – дейді Б.Ұзақов.
Атап айтар болсақ, ауылдардағы Досымов Октябрь, Өткелбаев Аралбай, Досымова Ажаркүл, Нағашыбаев Жеткерген, Райымбердиев Темірхан, Дусмамбетов Аралбай, Қосанов Рашит сынды бірқатар ардагерлердің мерейі үстем болды.
Н. БАҚЫРАН 

13 қаңтар 2023 ж. 372 0