Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЛАНЫҢ ЗЕЙІНІН АШҚАН «ZEYIN»

БАЛАНЫҢ ЗЕЙІНІН АШҚАН «ZEYIN»

Талап қылған жанға мүмкіндік көп. Талпынсаң алдыңнан жол ашылады. Бұған уақыт дәлел, жылдар куә болып отыр. Әсіресе қазіргі уақытта мемлекеттің ынталы жанға жігер сыйлап, ілгері ұмтылуға арналған бағдарламалары өте көп. Солардың бірі кәсіпкерлікке бет бұрып, ойлағанын жүзеге асырамын деген жандарға жасалған жағдай. Бұл бағыттағы жұмыстар еліміз тәуелсіздік алғалы бері жалғасын тауып келеді. Десе де соңғы жылдары халықтың көзқарасы, талпынысы ерекше.

Жалпы кәсіпкерлікке қадам басу уақыттың жаңалығы емес екенін жақсы білеміз. Білімді, білікті жандар қай уақытта болса да жоспар құрып, сол жоспары арқылы алға жылжудың жолын таба білген. Бұл сөзімізіге Шығыстың ойшылы Ахмед Иүгінекидің «Білікті білім жинап, кәсіп етер, Білімнің дәмін татып, өсіп өнер» деген сөзі анық дәлел.
Расында білім өсіп-өркендеудің, өрге қарай жылжудың бірден-бір адастырмас жолы десек артық айтқандық емес. Санасы аппақ парақтай тап-таза бүлдіршіндерге дұрыс бағыт, тура жол сілтейтін ұстаздардың да құрметке бөленуі сондықтан. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де ұлағатты жолды таңдап, сол бағытта білім алып, алған білімін өзінің кәсібіне айналдырып отырған жас кәсіпкер Әдемі Қуандықова.
1997 жылы Құланды ауылында туған Әдемі Ерқосайқызы мектеп қабырғасында жүріп өзіне білім берген ұстаздарына деген қызығушылықпен осы мамандықты таңдайды. Алдымен Қарағанды қаласында «Болашақ» колледжін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша оқып бітірген ол кейіннен Арқалықтағы «Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық институтында» бастауыш сынып оқушыларына білім беру мамандығын оқып шықты.
Бірақ мектеп қабырғасындағы шәкірттерге дәріс беру мүмкіндігі болмады. Дегенмен қос дипломмен қарап отыру бүгінгі қоғамда қамсыздықтың бейнесі екенін түсінген Әдемі өз білімін жаңа бағытта жүзеге асырып, қолдан келер жұмысты кәсіпке айналдыруды ұйғарды. Осылайша былтыр
«Zeyin» оқу орталығын ашып, осы жерде бастауыш сынып оқушыларына білім беруді қолға алды.
– Бүгінгі таңда қай салада болмасын оқу бітіріп, бірақ жұмыссыз жүрген жастар көп. Бұл тәуекел етпеуден деп білемін. Байқап қарасақ қыз балалар әдетте оқу бітірген соң тұрмыс құрады. Одан кейін әрбір қыз ана бақытын сезінуі қажет. Осылайша жұмысқа орналасуға мүмкіндік болмай жатады. Бірақ талап қылсаң, көздеген мақсатыңа жетуді ойласаң қазірде мемлекетімізде жан-жақты жағдай жасалған. Мен де қазір үш баланың анасымын. Баламен үйде отырып, олардың сабағына қараймын. Бұл маған өз мамандығым бойынша алған білімімді тәжірибе жүзінде жүзеге асыруға, оны ары қарай дамытуға үлкен көмек болды. Мұнан бөлек өзге де оқу орталықтарында дәріс беріп, балалармен жұмыс істеуге машықтығымды ары қарай дамыта түстім. Бірде жолдасыммен ақылдаса отырып, кәсіпке бет бұруды шештік, – дейді Әдемі Қуандықова.Расында қазіргі қоғамның сұранысындағы кәсіпті жаңылмай тауып, заман талабына сай жұмыс істеуді көздеген кәсіпкер мұнан бөлек:
– Баланың санасы біліммен, оқумен жетіледі. Білімнің тұрақтылығы оның жиі қайталап, еске салып отырғандығында. «Қайталау – білімнің анасы» деген сөз мұғалімдердің қашаннан ұранына айналған. Оқушының мектепте алған білімі санасында жатталып қалуы үшін тұрақты түрде қадағалап, оны жиі қайталатып отырған абзал. Әлбетте бұл жұмыс ата-ананың үйдегі басты міндеттерінің бірі. Бірақ заманның қазіргі талабы, ағыны бөлек. Ата-аналар балалары бақытты өмір сүруі үшін, олардың тоқ жүруі үшін бірінші кезекте жұмыс жасап, еңбек етеді. Ал баланың сабағын қадағалау көп уақытта мүмкін бола бермейді. Міне «Zeyin» оқу орталығында алдымен осыны назарда ұстаймын. Сонымен қатар ата-аналармен, балалардың мұғалімдерімен байланыса отырып, әр оқушының осал тұсы, балаға қиындық тудырып жүрген тақырыптар, пәндер бойынша жұмыс істеп келемін. Бұл ретте жеке оқытуға да сұраныстар көп. Ал осы жүргізілген жұмыстардың нәтижесін орталықтан білім алып жүрген шәкірттердің жетістігінен анық байқай аласыздар. Жақында Қазақстандық интеллектуалды олимпиадалар сайтының ұйымдастыруымен 1 сынып оқушыларының білімін тексеру мақсатында математика пәні бойынша орталықтан білім алып жүрген Шерхан Райханов І дәрежелі дипломға ие болды, – деді.
Әңгімелесу кезінде жас кәсіпкер алдағы жоспарларымен де бөлісті. Ата-аналар мен балалардың алғысына бөленіп келе жатқан Әдемі «әрбір білім алушым «апай, мен бүгін мектептен бес алдым» деп қуанып келгенде менен бақытты адам болмайды дейді. Расында қазақтан шыққан математик Асқар Жұмаділдаев «Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!» деген екен. Баланың бақыты, болашағы үшін еңбек етіп келе жатқан кәсіпкерге біз де сәттілік тіледік.
14 ақпан 2023 ж. 291 0