Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Онлайнға өту міндетін қоямыз

Онлайнға өту міндетін қоямыз

«Атамекен» бизнеске арналған қызметтерді цифрлық жүйеге көшіруге ниетті
Бұл туралы «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов 6 ақпанда өткен ҚР Үкіметінің отырысында хабарлады.
«Цифрландыру аясында 1 сәуірге дейін Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары мен Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарының форматын тұтастай өзгерту үшін ұсыныс дайындаймыз. Онлайн-байланысқа өтуге басымдық береміз. Биыл процестерді аяқтап, келесі жылдан бастап өтеміз деп ойлаймын», – деп хабарлады Абылай Мырзахметов.
Былтыр «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Атамекен» ҚР ҰКП атынан 51 мыңнан аса кәсіпкер сервистік қызмет алды, 113 мың адамға консультациялық қолдау көрсетілді, 22 мыңнан аса азамат бизнес негіздерінен білім алды. Барлық көрсеткіш 105%-дан 170%-ға дейін орындалды.
«Іскерлік байланыс» – қолдау шараларының кең таралаған түрі. 555 адам оқыды, 43 адам Германияда тағылымнамадан өтті. Мұндағы көрсеткіш те асыра орындалды. Біз барлық жобаны сүйемелдейміз. Сервистік қызмет алған кәсіпкерлердің 3403-і жаңа кәсіпорын ашты, 1,5 мыңнан астамы рұқсат құжаттарын алды, ал 4625 кәсіпорынның жобалары сүйемелденді. «Бизнес Мектеп» бойынша: 22 мың қатысушыдан 2708-і бизнес ашты. 2 мыңнан астамы жұмыс істеп тұрған бизнесін сервистік қолдау арқылы кеңейтті», – деп атап өтті Абылай Мырзахметов.
«Атамекеннің» мәліметінше, бизнес үшін ең танымалы бухгалтерлік, салық және заң саласындағы сервистік қызметтер. Жалпы, кәсіпкерлердің сұранысына қарай тізім ұлғая береді.
Еске салсақ, «Атамекен» ҚР ҰКП – «Бизнестің жол картасы –2020» бірыңғай қолдау бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге қаржылай емес қолдау көрсету операторы. Сервистік қолдау республика бойынша Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары мен Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарында көрсетіледі. Ол тиімділікті арттыру мақсатында кәсіпорындарды басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған және шағын және орта бизнес субъектілеріне арнайы қызмет пен кеңес беруден тұрады.
07 ақпан 2018 ж. 1 196 0