Халықаралық мейіргерлер күні аталып өтті
Қоғамның басты байлығы – адам денсаулығы десек, сол байлықтың баянды болуына қалтқысыз қызмет етіп жүрген медицина саласының қызметкерлері.
Бүгін қалалық мәдениет үйінде ала таңнан адамзат атаулыға амандық тілеп, жабырқаған жанның жүрегіне жарық сәуле жағып, сырқаттардың жайын таба білген денсаулық сақшыларының мерекесі аталып өтті.
Салтанатты шара сала қызметкерлеріне арналған әсем әуенмен бастау алды. Мұнан соң, мерекелік кешке қатысқан аудан әкімінің орынбасары К.Бержанов сөз алып:
- Адам еңбегі жоғары бағаланатын біздің қоғамда қай мамандықтың да қадірі бар. Медициналық қызметтің тиімділігі мен сапасы негізінен мейіргерлерге байланысты. Кез келген сәтте адам денсаулығына араша болатын әрбір медицина маманы қандай құрметке де лайықты. Ерен еңбектеріңізге, шипалы алақандарыңызға, мейірімді жүректеріңізге шынайы алғысымды білдіремін,- деп ізгі тілегін жеткізді.
Одан соң, аудан әкімінің орынбасары медицина саласында аянбай тер төгіп жүрген азаматтарды алғыс хатпен марапаттады.
Шарада аудандық аурухананың бас дәрігері ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекесімен құттықтап, аудандағы денсаулық саласында ұзақ уақыт бойы қызмет етіп жүрген мейіргерлер мен сала ардагерлеріне алғыс хат пен арнайы сый-сияпат табыстады.
Кеш одан әрі аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне жалғасты.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі