Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бюджет мәселесі басты назарда

Бюджет мәселесі басты назарда

Бүгін аудан әкімдігінде аудандық мәслихаттың кезектен тыс үшінші сессиясы болып өтті. Сессияның күн тәртібінде «2023-2025 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» Арал аудандық мәслихатының 2022 жылғы 21 желтоқсандағы №329 шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қаралды.
Аталған мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Т.Рашев кеңінен баяндап, аудан көлемінде атқарылып жатқан және алдағы уақытта атқарылатын біршама мәселені айтып өтті.
Көтерілген тақырып аясындағы мәселе төңірегінде халық қалаулыларының да белсенділігі жоғары екенін анық байқадық. Хабарламашыға және сессияға қатысқан жауапты бөлім басшыларына тікелей сұрақтар қойып, халықтың көкейіндегі, сұранысындағы көптеген мәселенің түйінін тарқатты. Өз ұсыныстарын айту арқылы сол мәселелердің тиімді шешілу жолын қарастыруды сұрады. «Бізді халық сайлады. Сол үшін халықтың сенімінен шығып, олардың қажетін барынша қамтамасыз етуіміз керек» деп алдағы уақытта сол қиындықтарды бірлесе шешуге болатын тиімді тетіктерін қарастырудың жолын талқылады.
Сонымен қатар сессия отырысына арнайы қатысқан аудан әкімі Серік Сермағамбетов те аудан көлеміндегі жағымды жаңалықтарға тоқталды. Өз сөзін бірінші кезекте ауылдарды қолдап, олардың жағдайына аса көңіл бөлу керектігінен бастаған аудан басшысы осы уақытқа дейін халықтың сұрауындағы мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келе жатқандығын айтты. Мәселен, Жақсықылыш кенті тұрғындарының бірнеше жыл бойы айтып келе жатқан жер мәселесі шешімін тауып жатқаны кент тұрғындарына қуаныш сыйлағандығына баса тоқталды.
Сондай-ақ қаладағы инфрақұрылым мәселесіне байланысты да сұрақтарға тоқталып, осы жағдайдың назарда екенін жеткізді. «Бүгінгі таңда баспаналарын тұрғызып алғанымен, қаланың ортасында отырып от жағуға мәжбүр болып отырған отбасылар бар. Сол тұрғын үйлер көгілдір отынға қол жеткізуі қажет. Осы бағытта жұмыс жасауымыз керек» деген Серік Сермағамбетов әлеуметтік салалардың да ұдайы назарда болатынын тілге тиек етті. Депутаттарға алдағы осындай ауқымды жұмыстарды бірлесе отырып жүргізуге сенім білдіріп, алғысын айтты.
Мәслихат депутаттары күн тәртібіндегі мәселеге байланысты «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 1-тармағына және 19-бабына сәйкес оң шешім қабылдады.
«Толқын» ақпарат
12 мамыр 2023 ж. 301 0