Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәдениет майталмандары марапат төрінде

Мәдениет майталмандары марапат төрінде

Ауданда мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған «Мәдениет  ұлттың  бейнесі» атты салтанатты кеш өтті.
Халқымыздың мәдени мұрасы мен ұлттық өнерін насихаттауға өз үлесін қосып жүрген жандар үшін бұл мерейлі мереке.
Шара алдымен айдынды Арал топырағынан түлеп ұшқан талантты суретшілердің бірі Абай Әбішевтің сурет көрмесінен басталды. Туған жердің табиғатын айшықты бояулармен бейнелеп жүрген қылқалам шеберіне аудан басшысы қазақи дәстүрмен шапан жауып, жылы лебізін білдірді.
Салтанатты кеш барысында өнерді өміріне серік еткен жандарды кәсіби мерекесімен аудан әкімі Серік Сермағамбетов құттықтап, сала мамандарының қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды. «Өлке мәдениетін аудандық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейде дәріптеп, ұлттың өнегесін қалыптастырып келе жатқан мына өздеріңізсіздер. Барлық мәдени көпшілік шаралар, батыл бастамалар мен мазмұнды бағдарламалардың байыппен іске асуына, рухани-танымдық жобаларды ұйымдастыруда еңбектеріңіз қашанда өлшеусіз. Киелі өнер жолында шежірелі Арал өлкесін ел-жұртқа танытып, биік тұғырдан көрсетіп жүрген баршаңызға  шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің жаңа бастамаларыңызға сәттілік,  шығармашылық табыстар мен игі жетістіктер, бақыт, зор денсаулық пен амандық тілеймін», - деп, ізгі ақ тілегін жеткізді.
Мерекелік шарада өңірімізде жемісті еңбек еткен сала үздіктері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Қызылорда облысы әкімінің, Арал ауданы әкімінің «Алғысымен» марапатталды.
Сондай-ақ, рухани құндылықтарымызды дәріптеу жолында елеулі қызмет еткен жандарға аудан әкімі отандық шипажайға жолдама берді.
Кеш одан әрі дәстүрлі халық әндері мен күйлері, эстрада әуендері орындалған, мың бұралған бишілер өнер көрсеткен аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына жалғасты.

"Толқын" ақпарат
20 мамыр 2023 ж. 233 0