Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елжанды жастармен ертеңіміз еңселі

Елжанды жастармен ертеңіміз еңселі

Болашақ еліміздің тағдыры бүгінгі жастармен тікелей байланысты екендігі белгілі. Иә, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекетімізде жүзеге асып жатқан саяси реформаның негізгі бағыттарының бірі – жастар саясатын жаңғырту. Міне, сол үшін елімізде жастар саясаты мемлекеттің маңызды міндеттерінің біріне жатады. Мемлекет тарапынан да ел жастарына біршама мүмкіндіктер қарастырылып, түрлі бағдарламалар арқылы қолдау көрсетіліп жүр.
Бүгінгі статистикалық мәліметке сәйкес, ауданда 78 850 халық болса, оның 25473-і, яғни 24,2 пайызы 14 пен 35 жас аралығындағы жастарды құрайды екен. Атап өтер болсақ, мектеп қабырғасында 14-18 жас аралығында 6752 оқушы болса, орта арнаулы оқу орнында 696 студент білім алады.
Сонымен бірге аудандық жастар ресурстық орталығы аудан жастарымен тығыз байланыс орнатып, жүйелі жұмыс атқаруда. Мәселен,«Жас маман» жобасы бойынша – 11кездесу, «Дін және жастар» – 6кездесу, «Еріктілер мектебі» – 24мәдени-көпшілік шара, сондай-ақ «Жастар қоғам назарында» – 7 рейд жұмыстары, «Мен спортты таңдаймын» – 6спорттық шара және «Жас кеңесші» – 3 «Ашық есік» акциясы ұйымдастырылған. Жалпы жыл басынан бері 57 шара ұйымдастырылып, оған 1711-ге жуық жас тартылған.
Тағы айта кетерлігі, жыл басында аудан әкімі Серік Сағитжанұлының тапсырмасына сәйкес аудандық жастар ресурстық орталығы мамандары ағымдағы жылдың 18 мамырынан бастап мемлекеттік жастар саясатын ауыл жастары арасында кеңінен насихаттау мақсатында «Мүмкіндіктер керуені» жобасын қолға алған. Атаулы жобаның басты мақсаты – ауылдық жерлердегі жастардың әлеуетін көтеру. Бұл жоба бойынша бүгінге дейін Бекбауыл, Бөген, Жаңақұрылыс, Аққұм және Аралқұм ауылдарының 263 жас тұрғындары тартылған. Сонымен қатар жоба аясында «Ауыл аманаты» агронесие бағдарламасы, жас кәсіпкерлердің кәсібін дамыту, NEET санатындағы жастармен жұмыс жасау, сондай-ақ жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және мектеп бітіруші түлектерге мамандық таңдау жөнінде ақпараттар беріліп, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Атаулы жоба аясында ауданға қарасты басқа да ауылдық округтер қамтылып өтпек.
–Бүгінгі басты мәселелердің бірі – жұмыссыздық болып отыр. Жұмыссыздық салдарынан көптеген жастар құқықбұзушылық әрекеттерге барып, түрлі жолдарға түсіп жатады. Осы тұста аудан жастарын жұмыспен қамту бойынша тиісті шаралар қабылданып, жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Өткен жылы 1346 жұмыссыз жас маусымдық, жастар тәжірибесі және тұрақты негіздегі жұмыстарға орналастырылып, жұмыссыз есебінен алынған. Ал үстіміздегі жылдың бірінші тоқсаны бойынша аудандық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде 1407 адам тіркелсе, оның 487-сі жастар. Қазіргі кезде 72-сі жастар тәжірибесімен және 167-сі қоғамдық жұмыстармен қамтылды. Сонымен қатар жұмыссыз жастар санын азайту мақсатында маусымдық «Жасыл ел» еңбек жасағына және ақылы қоғамдық негіздегі жұмыстарға тарту көзделіп отыр. Қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың жастар үшін маңызды тұстарын түсіндіру және оларды жүзеге асыру мақсатында мобильді топ мүшелері алдағы уақытта көшпелі «Жастар керуенін» жалғастыратын болады, – дейді аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ақтілек Алтынбекұлы.
Кешегі күн – бүгінгі тарих. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау кең -байтақ аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ», – деп баса айтты. Алдағы уақытта тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру жастардың жауапкершілігінде екендігі сөзсіз. Сол үшін «Жас келсе – іске» деген қағиданы әрбір жас ұстана отырып, әрекет ете білгені жөн.
А.НҰРЛАНОВА

30 мамыр 2023 ж. 339 0