Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Теңізді өлкеде соңғы қоңырау соғылды

Теңізді өлкеде соңғы қоңырау соғылды

1 маусым – еліміздің барлық дерлік өңіріндегі білім ордаларында соңғы соңырау соғылатын күн. Жүректері асқақ арман мен қуанышқа толы мектеп түлектері үшін өмірдің алдыңғы сатысына қадам басатын сәт. Айдынды Арал өлкесінде де бір мезгілде соңғы қоңырау соғылды.
Мерекелік шара өткен жаңа оқу жылы қарсаңында пайдаланылуға берілген №71 мектеп-интернатында өтті. Салтанатты шараға аудан әкімі Серік Сермағамбетов қатысып, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған түлектерге ақжолтай тілегін арнап, аяулы ұстаздарды мерекемен құттықтады.
–Сіздерді соңғы қоңырау салтанатты шарасымен шын жүректен құттықтаймын! Жаһандық ғылыми-техникалық даму барысын ескерсек, бүгінде білім алу жеткіліксіз. Өмір кемесімен білім теңізінде әрдайым ізденіс пен талпыныс қажет. Бүгінгі қоғамда өркениетке қажетті мамандықтар әр он жыл сайын жаңарып отырады. Сондықтан да сіздердің алдарыңызда ертеңгі күні бәсекеге қабілетті, жан-жақты сауатты маман болу міндеті тұр. Өздеріңізге артылар сенім мен үміт жоғары. Сіздердің тәуелсіз еліміздің өсіп өркендеуіне үлес қосар, Арал өңірінің даңқын асқақтатар азамат болуларыңызға тілектестігімді білдіремін! Жаңа өмірге басқан қадамдарыңызға ақ жол, сәт сапар тілеймін!– деді аудан басшысы ізгі тілек білдіріп.
Сонымен бірге салтанатты жиында ардагер ұстаз, мектеп ардагерлер кеңесінің төрағасы Келмырза Баймырзаев білім ұясынан қанат қаққалы тұрған жас түлектерге ақ жол тілеп, шәкірттерге білім мен тәрбиені қатар бере білген ұстаздар қауымына шексіз алғысын білдірді. Сондай-ақ жас түлектер атынан «Үздік аттестатқа» үміткер Малкаждарова Алима құрдастарына сәттілік тілеп, тілек арнады.
Мұнан кейін қалыптасқан дәстүр бойынша түлектер ұстаз, мектеп жайлы әндерді шырқап, алтын ұяға деген жүрекжарды ыстық ықыластарын білдірді. Шара соңында түлектер вальс ырғағында ілесіп, соңғы мектеп биін биледі.
Ерекше күн аудандағы барша білім ордаларында кеңінен өткізілді. Айта кетейік, аудандағы №64 орта мектебінде де «Сыңғырла, соңғы қоңырау!» атты салтанатты жиын өткізілді. Жиынға аудандық білім бөлімінің әдіскері А.Әбдікерова, Арал индустриалды-техникалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Б.Жиеналиев, ардагер ұстаз, ата-аналар комитетінің төрағасы Ә.Серекеев қонаққа келді. Мерекелік шараны мектеп директоры К.Тлепов құттықтау сөзімен ашып, жас түлектерге ақ жол тіледі. Сонымен қатар АИТК ұжымының атынан Б.Жиеналиев Тлепов Кенжебек Шарапатұлын Алғыс хатпен марапаттады. Мектеп түлектері ата-аналар мен білім нәрімен сусындата білген ұстаздарға алғыс білдіріп, ән шашу арнады. Мұнан кейін салтанатты шара мектеп оқушыларының өнерлерін тамашалаумен жалғасын тауып, шара соңында әуеге шарлар мен ақ көгершін самғады.
Мерекелік шара Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейінде де өзгеше сипатта өткізілді. Салтанатты шарада сөз алған мектеп-лицей директоры Ж.Айтжанов 2022-2023 оқу жылындағы жаңалықтар мен жетістіктерге кеңінен тоқтала келе, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған мектеп бітіруші 59 түлекке тілек білдірді. Сондай-ақ мектеп түлектерінің 4-еуі «Алтын белгіге» және 9-ы «Үздік аттестатқа» үміткер. Шараға қатысқан Арал ауданы бойынша білім бөлімінің сектор меңгерушісі А.Әбиева және ата-аналар комитетінің төрағасы А.Жолмағамбетов мектеп-лицей ұжымы мен түлектерге ізгі лебіздерін білдіріп, алдағы білім сынағында жоғары нәтижеге қол жеткізулеріне тілектестіктерін білдірді. Салтанатты шара соңында өнерпаз оқушылардың өнерлері тамашаланып, жас түлектер қоштасу вальсін биледі.
Биыл аудан бойынша 929 оқушы мектеп бітіреді. Олардың 726-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдіруде. 56 түлек «Алтын белгіге» үміткер болса, 57 оқушы «Үздік аттестатқа» ұсынылып отыр.
«Толқын» ақпарат
02 маусым 2023 ж. 472 0