11 оқушы облыс әкімінің грантын иеленді

Иә, жақында ғана білім грантына қол жеткізіп, таңдаған кәсібінің иесі болуға алғашқы қадам жасаған жастар жайында ақпарат тараттық. Бірақ бұл қуаныш мұнымен шектеліп қалмады. Нақтырақ тоқталып өтейік.
2023-2024 оқу жылы қарсаңында өңірге қажетті мамандықтар бойынша облыс әкімінің оқу гранты бөлінген болатын. Оқу гранттары «Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы» Арал аудандық мәслихаттың 2021 жылғы 12 ақпандағы №13 шешімінің 3-тармағына сәйкес айқындалды. Соның нәтижесінде конкурсқа мүгедектігі бар, жетім балаларға, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы алатын, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, балалар үйінде, атанасының екеуі де жасы бойынша зейнеткер, ата-анасының екеуі немесе біреуі мүгедектігі бар адам болып табылатын, құрамында бірге тұратын кәмелетке толмаған төрт және одан көп балалары, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған, толық емес отбасыларындағы балалар арасында және басқа да жекелеген санаттар бойынша қабылданған құжаттармен өткізілді.
Осы көрсетілген санаттарға жатқызылатын түлектер арасында әлеуметтік көмек ретінде өткізілген конкурс нәтижесімен аралдық 11 оқушы облыс әкімінің грантын иеленді. Бұл жастарға тегін оқып, сапалы білім алуына үлкен қолдау. Осындай қолдауға қол жеткізіп, қалаған бағытында кедергісіз білім алатын жас жерлестеріміз де сенімді ақтап, білікті маман, білімді кадр болатынына сенім мол.
«Толқын» ақпарат