Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Азаматтарға сенім артылды

Азаматтарға сенім артылды

Кеше аудан әкімі Серік Сермағамбетов актив жиынын өткізді. Онда ең алдымен аудан әкімінің орынбасарларының қызметтік бөлінісі жиналғандарға таныстырылды. Өз кезегінде аудан басшысы артылған міндетті абыроймен атқару, жетекшілік ететін саланың жұмысын жандандыру орынбасарларының қолынан келетініне сенім білдірді.
Сондай-ақ, аудан басшысы аудан әкімінің орынбасары болып, артынша қала әкімі қызметін мінсіз атқарған Ербол Тәлекеновтің Астана қаласында басқа қызметке ауысуына байланысты әріптестері атынан ақжарма лебізін арнады. Бұдан бөлек, аудан орталығының өркендеуіне және Аралдың экономикасының артуына сүбелі үлес қосқан азаматқа ауданның Құрмет грамотасын табыстап, риясыз пейілмен алғысын айтты. Өз кезегінде Ербол Сәтбайұлы қолдау білдірген аудан әкімдігіне, басқа да әріптестеріне, қаладағы көше комитеттері төрағаларына шексіз ризашылығын жеткізіп, әлі де туған жердің көкжиегін кеңейтуге сырттай тілектес болып жүретінін алға тартты.
Мұнан соң аудан әкімі Серік Сермағамбетов Арал ауданы әкімі аппаратының цифрлық технологиялар және мемлекеттік қызметтердің мониторингі бөлімінің басшысы лауазымына Махмут Жақсылық, Арал ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-секторлық жұмыс бөлімінің басшысы Ибрагим Бақытжанұлы, Арал ауданы әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы лауазымына Азамат Алтайұлы тағайындалғанын көпшілікке құлағдар қылды.
Иә, кадрлық өзгеріс осылайша өрілді. Көңіл көншітетін бір жәйт бар. Бұл аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің маман таңдаудағы ойлы қадамы. Айталық, мұның алдында аудан әкімінің орынбасары болған Қайрат Әбсұлтанов таяуда ғана облыстық маңызды басқармаға басшылыққа лайықты деп танылды. Тағы бір аудан әкімі аппаратындағы білікті кадр Серік Райымбетов ҚР Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясын тәмамдап, Қызылорда облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің бас инспекторы болып іске кірісті. Енді міне, қала әкімі ретінде қырық мыңға жуық тұрғынның талап-тілегін орындай білген Ербол Тәлекенов Астанадағы «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры қызметіне барды.
Жалпы, жерлестеріміздің жоғарыдан көрінгені қуантатын жағдай. Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді. Жастарға сенім білдіріп, бір бөлімнің тізгінін ұстату да жақсылықтың нышаны. Жоғарыда тақырыпқа тілге тиек еткеніміздей, активте азаматтарға сенім артылып, олардың елдік мүдде жолында аянбай еңбек етуіне қолдау жасады. Ендеше, атадан балаға жеткен «Талапты ерге нұр жауар» қағидасын бүгінгі басқосуда тағы бір аңғарғандаймыз. Лайым, жерлестеріміздің аты алға оза бергей.

А. ЖАЙШЫЛЫҚ 
05 қыркүйек 2023 ж. 259 0