Маңызды мәселелер талқыланды
Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында әкімдік жиыны өткізілді. Аудан әкімі А. Оңғарбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте маңызды деген екі мәселе пысықталды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық барысы туралы Арал ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы С. Жанназарова хабарлама жасап, ҰБТ-ға дайындық сапасын жетілдіру және мектеп бітіруші түлектердің кәсіби бағдарын айқындау мақсатында жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын атап өтті.
Аудан басшысы 2022-2023 оқу жылында ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысымен облыс бойынша ең жоғарғы баллды Арал ауданының мектеп бітушісі иеленгенін алға тартып, дәл осы қарқынмен биылғы жылы да оқу жылын оң нәтижемен қорытындылау қажеттігін ескертте өтті. Сондай-ақ, жылдағы дәстүр бойынша осал топтағы отбасыларға аудандық арнайы комиссияның шешімімен облыс әкімінің гранты тағайындалады. Берілген мүмкіндікті пайдаланып, әлеуметтік қолдауға мұқтаж жанұядан шыққан балалар бірінші кезекте қамтылуын міндеттеді. Мұнымен қоса, Арал қаласына оқушыларды тасымалдау кезінде жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын тиісінше үйлестіру жүктелді.
Айта кетейік, биыл ауданымызда 2 588 оқушы қорытынды аттестаттау рәсіміне қатысады. Жылдағы дәстүр бойынша бітіруші түлектердің ресторандарда, басқа да ойын-сауық орындарында мектеп бітіру кештерін өткізуі, автокөліктермен кортежге шығуға тыйым салынған.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының басшысы Н. Бохаев сөз алып, 2024 жылдың І тоқсанында қала, кент және ауылдық округ әкімдерінің атқарған жұмыстары жөнінде жан-жақты саралап өтті. Оның ішінде, елдімекендердегі жұмыспен қамту көрсеткіштері, көктемгі әскерге шақыру, салық түсімдері, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мен «Адал адам» тұжырымдамасының орындалуы туралы және тұрғындарды жеке қабылдау мәселеріне тоқталды.
Аудан әкімі хабарламада көрсетілген салалар мен орындалмаған тапсырмаларды кеңінен талдап, бекітілген межені уақытылы орындамаған ауылдық округ әкімдеріне «ескерту», «сөгіс» және «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік шара қолданылды.
«Мемлекет басшысы өңір басшыларына елдің әлеуметтік мәселелерін жедел реттеу және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шаралар қабылдауды тапсырды. Атап айтқанда, әкімдерге инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті қолдау туралы міндеттер жүктеді. Сонымен қатар, әкімдердің тұрғындармен кері байланысты күшейтуі қажет екенін айтты. Қала, кент, ауылдық округі әкімдері, экономикалық жағдайы жақсарған, дамыған мемлекет қатарынан орын алудың бірден бір жолы - кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыссыздық көрсеткішін азайту. Осы бағытта мемлекет саясатының негізгі ұстанымы жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесі екендігі анық. Әкімдердің жұмысының негізгі көрсеткіші де осы. Жалпы кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жеткіліксіз» - деп, бұл ретте жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілердің санын арттыру, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде кәсіпкерлікті дамыту бағытында несие алу көрсеткіштерін орындау, ауылдық округтен кем дегенде 1 ірі жобаның іске асырылуын қамтамасыз ету жұмыстарын үйлестіру жүктелді.
Алдағы уақытта аталған салаларға байланысты төмен көрсеткіш көрсеткен қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне қатаң шара көрсетілетіндігі ескертілді.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі