Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті

Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті

Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесіп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар төңірегінде ой бөлісті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Алдымен жиынды аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы А.Жоланов жүргізіп, әкімдік қызметке келгелі кеңес мүшелерімен жүздесіп жатқан аудан әкімінің алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, консультативтік кеңесші орган тарапынан атқарылған жұмыстар легін баяндады.
Айтуынша, өткен жылы аудандық қоғамдық кеңестің жұмыс жоспары бекітіліп, бекітілген жоспарға сай 7 отырыс өткізіліп, аудандағы өзекті деген біршама мәселелер қаралған. Сондай-ақ аудан экономикасын еселеп, әлеуметтің әлеуетін арттыруда өзекті деген мәселелер қоғамдық кеңес талқысына салынып, нәтижесінде бірқатар құзырлы органдармен бірлесіп, тиісті шешімдер қабылданған.
– Ақпан айында «Арал аудандық қоғамдық кеңесінің 2023 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту», «Аудандық полиция қызметінің қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстары», «Арал ауданы аумағында орналасқан қорымдарды қоршау туралы» мәселелер қаралды. Аудан бойынша жалпы 177 қорым болса, оның 151-і қоршалып, 23-і қоршалмаған, қалған 3-уін құм басып қалған. Арал қаласы мен қала маңының өзінде 12 бейіт орналасқан. Қазіргі күні бұл қорымдардың 8-і қоршалғаны, ал қалған 4 қорымның қоршалмағаны белгілі болды. Қоршалмаған 4 қорым бойынша жұмысшы тобы құрылып, жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар орталық қорымдарда орындар жетіспеушілігіне байланысты, басқа жерден орын белгілеп беру мәселесі алдағы уақытта шешімін тапса деген ұсынысымыз бар, – деді аудандық қоғамдық кеңес төрағасы А.Жоланов.
Иә, жалпы кеңес қаралымында өткен жылдың әр айында өзекті мәселелер талқыланды. Оны дер кезінде жергілікті баспасөз құралдары арқылы халыққа ақпараттандыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қажетті меморандумдар да жасалып, ел бірлігін нығайту жолында, ысырапшылдыққа жол бермей, заңсыздықтарды жою төңірегінде тұшымды ойлар айтылып, келелі кеңестер айтылды. Осы сынды жұмыстар тізбегін жіпке тізген А.Жоланов қоғамдық кеңес мүшелерін таныстырып өтті.
Жиында сөз алған аудан әкімі А.Оңғарбаев ең алдымен қоғамдық кеңес құрамына қабылданған азаматтардың түрлі салада еңбек етіп, олардың өз орталарында, халық арасында беделі бар екендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар аудан көлемінде атқарылып жатқан бірқатар жұмыстар тізбегін баяндап, алдағы уақытта қолға алынатын маңызды жобаларды ортаға салды. Айталық ауданда салынатын жайлы мектептер, халықтың көп жылдардан бері арманы болып келе жатқан аспалы көпір құрылысы, құрылысы созылып жұмысы сақалды құрылысқа айналған мемлекеттік құрылыс жұмыстарын мейілінше тез бітіру, алдағы уақытта салынатын үлкен ауқымдағы руханият орталығы және ауданға қарасты елді мекендерді кезең кезеңімен ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі алдағы жылдар еншісіндегі ең өзекті деген жұмыстар. Міне осы жұмыстарды атқару барысында қоғамдық кеңес мүшелерін бірлесіп жұмыс жасауға шақырған аудан әкімі жиналғандар тарапынан айтылатын ұсыныс-пікірлерге құлақ түрді.
Өз кезегінде қоғамдық кеңес мүшесі Т.Сүлейменов сөз алып, өз тарапына келіп түскен арыз-шағымдар мен ұсыныстарды аудан басшысының назарына салды. Кеңес мүшесі тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығы аудан өмірінен тыс немесе заңды шеңберден шығып кететін мәселелер емес. Барлығы да қоғам қалтарысынан тыс қалмай, қажетті деген шаралар аясында қолға алынып жатқан жұмыстар төңірегінде. Тек халық болған соң оның аласы да, құласы да болады. Аудан әкімі осы мәселеде біржақты пікір қалыптастырмай, мәселенің астарына үңіле білу керектігін жеткізді.
«Толқын» ақпарат
03 мамыр 2024 ж. 144 0