Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балаларды шаттандырған балабақша

Балаларды шаттандырған балабақша

Шижағадағы бұл ғимарат алыстан көз тартады. Ал осынау сәнді нысанның ішінде асыр салған әр үйдің ерке балалары үшін жағдай жасаған іскер азаматқа ерекше риза. Ауыл тұрғындары да алғысын жаудырып, осындағы тәрбиешілер қауымына риясыз пейілмен тілектестіктерін білдіруде.
Мемлекет басшысы «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекеттің жарқын болашағының сенімді кепілі. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» деген болатын. Өміршең ұстанымға айналып келе жатқан Президеттің осы бастамасына үн қосқан кәсіпкер Берік Жандәулетовтың игі ісі шижағалықтарға айрықша қолдау екені сөзсіз. Балғын балалардың кемел келешегі үшін жасалған жұмыс әркез мақтауға тұрарлық.
Иә, балабақшада 5 топ жұмыс жасайды. Бас-аяғы 120 балғын бөбек тәрбие ошағында баянды болашаққа сеніммен көз тігеді. Балабақша құрылтайшысы Гүлдана Ұйқасова Аққұм ауылдық округі, Шижаға ауылындағы әр шаңырақтың үкілі үміттері үшін қай кезде де айрықша қолдау көрсетеді. Қазіргі таңда мұнда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Маусым айының алғашқы жұлдызында "Аяулым" балабақшасында ерекше мереке өтті. Кішкентайлардың құрметіне ұйымдастырылған шуақты шараға куә болғандар балалардың өнерін тамашалап, таланттарына таңдай қақты.
Балабақша меңгерушісі Айжан Ұйқасова өздері тарапынан тәрбие көріп, жақсыны үйренген бөбектердің бағытына ерекше қуанышты.
А.ЖАЙШЫЛЫҚ

04 маусым 2024 ж. 217 0