Аралдықтар ширек ғасырдан бері көше комитетінің игілігін көріп келеді
Осыдан тура 25 жыл бұрын Арал қаласында Қызылорда облысы аумағындағы тұңғыш көше комитеті құрылды. «Комитеттің мақсаты не, қандай жұмыстар атқарды және атқарады?» деген сауалдардың жауабы сәл кейінірек. Шыны керек, ол – қазіргідей ақпараттық технологияның дамымаған шағы, телефонды тек қолы жеткен ұстайтын уақыт. Сондықтан, комитеттің мән-маңызы уақытында өте жоғары болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Әрине, қазірдің өзінде тұрғындардың әлеуметтік жағдайын білу, қоғамдық тәртіп пен қала тазалығын қадағалау, белгілі бір аумақтың тұрақтылығын сақтау бағытында көше комитеттерінің атқарар рөлі айтарлықтай көзге көрінеді. Бүгінде Арал қаласы бойынша құрылған көше комитеттері ширек ғасырдан бері қоғамдағы маңызды мәселелердің, әртүрлі түйткілді тақырыптың оңтайлы шешілуіне атсалысып келеді.
Өткен аптада З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінде Арал қаласы көше комитетінің төрағалары кеңесінің құрылғанына 25 жыл толуына орай мерекелік іс-шара өтті. Мерекелік басқосуда алдымен Арал ауданы әкімінің орынбасары Кете-Төлеби Бержановқа сөз берілді.
– Комитет кеңесінің мүшелерін Арал қаласы көше комитеттерінің төрағалары кеңесінің құрылғанына 25 жыл мерейтойымен құттықтаймын! Қасиетті Арал өңірі – төрт түлік малымен қатар, балығымен де аты шыққан берекелі құтты мекен. Бүгінде халық пен биліктің арасындағы байланысты дамыту, Арал қаласын көркейту бағытындағы іргелі істердің жалғасуында әрбіріңіздің қарымды үлесіңіз жатыр. Еліміз жылдан-жылға көркейіп, дамудың даңғыл жолына түсті. Оның ішінде Сыр өңіріндегі киелі – Арал жерінде де барлық сала бойынша ауқымды істер қолға алынып, нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Сіздердің белсенділіктеріңіз бен жасампаздық қызметтеріңіздің арқасында аудан орталығы күн санап әсем қала келбетіне айналып отыр. Айдынды Арал қаласының бүгінгі жеткен жетістігі осы жерде отырған әрқайсысымыздың, халықтың игілігі, жайлы тұрмыс-тіршілігі үшін жұдырықтай жұмылып өткен еңбектеріңіздің нәтижесі деп білемін, – деді ол.
Иә, Арал қаласы қазіргі таңда құлашын көкке сермеген үлкен алып шаһарға айналды. Мұндағы жұртшылық көпшілікке татулықтың, бірліктің үлгісін көрсетуден бір танбайды.
«Қазақта «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген дана сөз бар. Елді берекелі бірлік пен тату тірлікке ұйыстыра білу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Өздеріңіздей азаматтар барда туған жерімізді көркейту мақсатында толағай істер атқарыла бермек. Осы ретте көше комитеті кеңесінің және сіздердің жасаған елеулі істеріңізге алғыс айтып, шаһарымызға көрік беріп және әр аумақта қоғамдық тәртіптің сақталу бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табатынына сенімім мол. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген даналық сөзді естен шығармай, келешек ұрпаққа ізгі қасиеттерімізді қалдырамыз» деп сөзін жалғады аудан әкімінің орынбасары.
Мерекелік жиында Арал, Қазалы және Сырдария аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Айтбай Көшербаев көше комитетінің атқарар жұмысына тоқталып өтті.
– Аралым, айдын шалқарым,
Құт-береке қонған жер, – деп Әбілхан Маханов жырлап кеткендей, бүгінгі іс-шараға келгенде сіздермен 25 жыл бұрын жұмыс істеген кездер көз алдымнан өтіп, өте үлкен ықыласпен араларыңызға келіп қалдым. Әрине, біз 25 жыл бұрын халықтың көңілінен шығатын үлкен қоғамдық қозғалыс болатынын, ол өзін-өзі басқарудың мемлекеттік деңгейдегі қадам екенін білмедік, – дейді ол.
Сондай-ақ, жоба жетекшісі көше комитетінің бұқаралық сипатқа айналғанына қуанады. Мұндай жанашырлық арқылы елдің бір-бірімен байланысы нығая түскенін жасырмайды.
– Бір көшеде 60-70 үй болуы мүмкін, арасында жағдайы жоқ адамдар да кездеседі. Бір отбасында өңкей бала-шаға қалып, қазан қайнамай, дәмдері жетпей жатады. Ол кезде ұялы байланыс атымен жоқ, тұрғындар мұқтаж екен, ендеше оны көріп-біліп отыру керек. Тек бір көру емес, оған көмек қолын созу маңызды. Міне, бірінші кезекте біз осылай жұмыс істедік. Мінеки, сондықтан көше комитеті халықтық, бұқаралық сипаттағы қозғалыс екенін айтқым келеді. Бұл «халық қалай бір-бірімен араласады, ел-жұрт екінші бір қауымның жоқ-жітігінен қаншалықты хабардар?» дегеннен шығады. Ағайындар көшетін егіп, ауласын таза ұстап, балалардың тәрбиесіне, тәртібіне қарайлап отырса, көрші-көлем татулық үлгісін көрсетіп, аралас-құралас болса деген ниеттен туған ой. Мысалы, қазір болашақ көшелер бірігіп, электр энергиясын, газын тіпті күнделікті төлеміне бірге жұмыстар істеуге болады. Мәселен, электр энергияны бір көше 60 үй бір есептегішпен есептеуге болады. Ондай-ондай дүниелер көп, сонда ғана жақсыдан үйренеді, жаманнан жиренеді, – деді Айтбай Көшербаев.
Іс-шарада аудан орталығының көркейту бағытында еселі еңбек етіп жүрген бірқатар азамат аудан әкімінің «Алғыс» хатымен марапатталып, Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» төсбелгісі табысталды.
Сондай-ақ, Арал қаласы көше комитеті төрағалары кеңесінің төрағасы Аманжол Жолмағамбетов пен К.Дәрібаев, Толқын көшелерінің комитет төрағасы Өмірзақ Мектепбаевқа қазақы дәстүрмен шапан жабылды.
– Бүгін – айтулы күн, бүгін – 25 жыл бұрын бәрімізді қауыштырған осы көше комитетінің кеңесінің құрылған күні. Сол уақытта, шетелден азық-түлік келіп жатты. Германиядан бір жуылған киім келді, соны тарату бізге жүктелді.
Сол уақытта кейбір азамат үйіндегі тамағын жасыра алмай, өзі «мен төмен отбасымын» деді. Несін жасырайық, бүгінде қуанышын да, қайғысын да еске алып отырмыз. Біз уақытында сондай қиын жұмыстарды бастан өткіздік. Көше комитетінің кеңесін құрдық, оның төрағасы болып мен сайландым. Жақсы болсын, жаман болсын қызмет істеп келе жатырмыз.
14 жыл болды, күнделік жазамын, бұл – өмір жолым, бұл ұрпағым үшін керек. Қазір ауыз әдебиетінен тыңдаймыз, халықтан тыңдаймыз, соның тек жетеуі дәптерден тұрады. «Жиған-терген» деген кітаптың ішінде менің немесе біреудің өмірбаяны жоқ, мұнда халықтың аталы, баталы сөздері жазылған. Мектепке де, жастарға да, үлкендерге де қажет. Сондықтан осы кітаптың біреуін құрметті Айтбай ініме табыстағым келеді, – деді сахна төрінде Арал қаласы көше комитеті төрағалары кеңесінің төрағасы Аманжол Жолмағамбетов.
Сондай-ақ, Т.Тоқтаров және М.Өтемісұлы көшелерінің комитет төрағасы Жақсыбай Жұқабаев халық үшін қалтқысыз қызмет атқарғанына 15 жыл болғанын айтады. Тұрғындармен жұмыс істеу оңай емес екенін, десе де ел үшін, туған жердің түтіні түзу шығуы үшін қолдан келгенін аянбай жүргенін жеткізді.
– Мен – Арал ауданы әскери ардагерлердің төрағасымын. Одан бөлек, екі көшеде (Т.Тоқтаров, М.Өтемісұлы – ред.) 180 үйім бар. 15 жыл болды қызметтемін. Менің көшемде 18 үйді жалға алып тұрып жатқан тұрғындар бар. Жағдай қатты жақсарды деп айтуға болмайды, біреудің сарайында, едені жоқ жерде көпбалалы отбасылар тұрып жатыр. Оның бәріне көмектесуге үлес қосамыз. Өз зейнетақымнан да беріп тұрамын. Мысалы, кешкісін көшемде біраз жүремін, жағдайды бақылауға алуға тырысамын. Жасөспірім оқушылар шығады, оларды қайтарамыз бұзақылық болмауы үшін. Халықтың тыныштығын ойлап жүрген, қорғап жүрген азаматтың бірімін. Комитет төрағаларының бәрі де – марапатқа лайық адамдар.
Елдің арасында жүрген соң оңай емес, халықтың кейбірі мақтайды, кейбірі даттайды дегендей. Халық болғасын, бәрінің көңілінен шығу мүмкін емес, оған үндемеймін. Әскери адам болғандықтан, әскери тәртіппен жүремін, – дейді ол.
Іс-шара барысында «Ұлағат» ардагерлер аспапты ансамблі және дәстүрлі әншілер халық әуеніне жазылған әндерімен өз өнерін паш етіп, мерекелік жиынның сәнін келтірді.
Көше комитетінің құрылуына бірден-бір себепкер болған тұлға Айтбай Көшербаев сөз арасында Арал қаласы көше комитеті төрағалары кеңесінің төрағасы Аманжол Жолмағамбетовтың шығармашылығына тоқталып өтті.
– Мұндай естелік, мұндай күнделік жазба мәдениеті бар адам өте сирек. Мен журналистер арасында ғана болады деп ойлайтын едім, сөйтсем Аманжол ағада да сондай бар екен. Бұл тек қана бір адамның ғана өмір жолы емес, оның ішінде қанша кейіпкерлер, жүздеген өзінің жерлесі, бүкіл Аралдың тарихы бар. Менің де Кіші теңіздің дүниеге келу тақырыбына байланысты шығарған «Гидротехник күндері» кітабым бар еді. Мұнда өзіме қатысты барлық оқиға, Аралдың, әсіресе Кіші Аралдың салынуына жанқиярлық еңбек еткен азаматтардың басына бір-бір шырақ қойғандай етіп енгіздім, – деді ол.
Жиын соңында қонақтарға ақ дастарқан жайылып, барша қатысушы емен-жарқын пікір алысып, мерекеге орай өзара жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ, Аманжол Жолмағамбетовтың шығармашылығынан жасалған кітап көрмесін тамашалады.
Рыскелді ЖАХМАН,
Қызылорда-Арал-Қызылорда
halyqline.kz