Педагогтер жеңіс тұғырында
Әне-міне дегенше жыл жабар тұсқа да келіп жеттік. Ағымдағы жыл әріптестеріміз үшін жағымды жаңалықтармен қорытындыланып жатыр.
Сол сүйінші жаңалықтың бірі – облыс орталығында өткізілген «2023-2024 ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША ЖЫЛ ҮЗДІКТЕРІН МАРАПАТТАУ» кешінде ауданымыздың абыройы үстем болды. Салтанатты шарада Облыс әкімінің кубогы үшін ұйымдастырылған «Сыр лигасы» бойынша Арал ауданының білім бөлімі І орынды иеленіп, үздік деп танылды. Сондай-ақ бөлім қызметкерлері «Үздік дене тәрбиесі әдіскері», «Үздік тәрбие маманы» сынды номинацияларды иеленді. Әскери қолданбалы спорт түрлерінен өткізілген облыстық сайыс пен Ұлттық мектеп лигасы бойынша да ауданымыз алдыңғы қатардан көрінді. Жас ұрпақты тәрбиелеу жолында еселі еңбек етіп жүрген бірқатар аудан ұстаздары да облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен басқарма басшысы Асқарбек Есжановтың «Алғыс Хатымен» марапатталды. Мұның бәрі еңбекқор ұстаздарымыз бен алғыр шәкірттеріміздің арқасы.
Айта кетейік, Облыс әкімінің кубогы үшін ұйымдастырылған «Сыр лигасы» сайыстың сегіз түрінен өткізілген болатын. Оның ішінде шәкірттеріміз бес бірдей байқаудан мәре сызығын бірінші кесіп, жеңімпаз атанды. Нақтырақ айтсақ, №220 орта мектебінің өрендері «Теңбіл доп» және «Жігіттердің сұлтаны» сайысы бойынша үздік деп танылса, Аудандық Өнер мектебінің оқушылары «Хор сайысы» бойынша жеңімпаз атанды. Ал көркем қылығымен көпшілікті таңдай қақтырған №73 орта мектебінің оқушысы «Ана тілі аруы» байқауынан қарсылас шақ келтірмесе, «Жас мобилографтар» сайысында №87 орта мектебінің оқушысы жеңіс тұғырынан көрінді. Міне, айтулы жеңіс осындай керемет көрсеткіштердің арқасында келді.
Қадірлі әріптестер, баршаңызды жетістіктеріңізбен құттықтай отырып, еселі еңбектеріңізге алғысымызды білдіреміз. Ел намысын бәрінен биік қояр білімді де тәрбиелі шәкірттеріміз көп болсын, жеңісті жол мұнымен тоқтап қалмай, жалғасын таба берсін.
Г.САҚТАПОВА