Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Денсаулық сақтау саласының 3 айлық жұмысы сараланды

Денсаулық сақтау саласының 3 айлық жұмысы сараланды

Кеше Арал аудандық көп бейінді орталық ауруханасының мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаевтың төрағалығымен арнайы жиын өтіп, аудандағы денсаулық сақтау саласының 2025 жылдың 3 айында атқарған жұмыстары талқыланды.
Жиынға Арал аудандық көп бейінді орталық ауруханасының бас дәрігері Б.Қуанышбаев пен емхана меңгерушілері, дәрігерлер қатысты.
Алдымен ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 24 қарашадағы №945 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасында денсаулық сақтау саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының» нысаналы индикаторларына қол жеткізу үшін Арал аудандық көп бейінді орталық ауруханасының атқарған жұмыстары және есепті мерзімде жалпы өлім-жітімнің, оның ішінде еңбек етуге қабілетті жастағылар арасында орын алған өлім-жітім себептерін талдау жөнінде бас дәрігердің бастапқы медициналық санитарлық қызметі жөніндегі орынбасары Л.Әділбаева хабарлама жасады.
Мұнан соң қатерлі ісік ауруларының алғашқы рет кеш сатысына тіркелу себептерін талдау жөнінде бас дәрігердің ішкі аудит және пациенттерді қолдау жөніндегі орынбасары Қ.Үмбетов, аудан халқының денсаулығын нығайту мақсатында аудандық емхананың өткен жылдың есепті мерзімімен  салыстырмалы түрде атқарған жұмыстары туралы аудандық килиникалық-диагностикасының емханасының меңгерушісі А.Исаев хабарлама жасады.
Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев көтерілген мәселелердің барлығы да өзекті екенін айтып, адам өміріне араша болуда ең алдымен ақ халатты абзал жандар өз ісіне адал болуы керектігін атап өтті. Сондай-ақ нәтижелі көрсеткішке қол жеткізу үшін сапалы медициналық қызмет басты орында болуы керектігін жеткізіп, саладағы бірқатар жұмыстарды тілге тиек етті.
– Өткен жылы салаға 25 дана санитарлық автокөлік табысталып, шалғай орналасқан Жіңішкеқұм, Құланды, Жаңақұрылыс, Ақбасты, Қарашалаң елді мекендеріндегі медициналық бекеттер автокөліктермен қамтылды. А.Байтұрсынов емханасы, Жақсықылыш кентіндегі дәрігерлік амбулатория және  жүйке аурулар диспансерінің жылу жүйесі  табиғи  газға  көшірілді. Сексеуіл кентіндегі 40 орындық аурухана құрылысы аяқталып, ел игіліне табысталды. «Ұлт саулығын нығайту» жобасы аясында Тоқабай елді мекеніндегі дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Қалада орналасқан «Қамқорлық» ерте араласу оңалту орталығы қайта жаңғыртудан өтуде. Нысан биылғы жылдың маусым-шілде айларында ашылады. Медициналық қызмет түрлерін кеңейту мақсатында аудандық аурухана негізінде 54 төсектік «Кардиология» және «Инсульт» бөлімшелері ашылып, жұмыс істеуде. Арал аудандық көпбейінді орталық ауруханасы ультрадыбыстық зерттеу аппаратымен жабдықталды, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Саланың алдағы жұмысы ағымдағы жылдың 6 айдағы қорытындысымен қайта қаралатын болады.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 
Фото: Арал ауданы әкімдігі 
19 сәуір 2025 ж. 112 0