Сәт сапар, жас түлек!

Соңғы қоңырау – тек күнтізбедегі мереке емес, балалық дәуренмен қоштасу, жеткіншектік кезеңнің белесін аттап, өмірдің жаңа парағына аяқ басу. Шәкірт жүрегіндегі мыңдаған естеліктерге толы жүректі тербейтін уақыт. Өзгелер үшін жазғы демалыстың басталуы болса, 11-сынып оқушылары үшін жаңа өмірге жолдама, ұстазға ризашылық білдіретін, ата-анаға алғыс айтатын, дос-жаранмен қимай қоштасатын күн.
Биылғы 2024-2025 оқу жылының аяқталуына байланысты Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқу жылының қорытындысы мен соңғы шараларға қатысты мәлімет берді. Министрдің мәліметінше, 2025 жылы 217 мың оқушы 11-сыныпты, 364 мыңнан астам бала 9-сыныпты тәмамдайды. Елімізде мектептер бес күндік оқу аптасына көшкендіктен, 23 мамыр күні 1-10 сынып оқушылары үшін сынып сағаттары өтеді. Ал 11-сынып түлектері үшін салтанатты шаралар «Мектебім, саған мың алғыс!» тақырыбында 23-24 мамыр күндері ұйымдастырылады. Аттестаттарды тапсыру рәсімі 18-20 маусым аралығында өтсе, 9 және 11 сыныптардың қорытынды емтихандары 29 мамыр мен 16 маусым аралығында өткізіледі.
Бұл күн – ұстаздар үшін де ерекше толқынысқа толы шақ. Өзінің шәкіртін білім мен тәрбие жолында өсіріп, үлкен өмірге шығарып салу – мұғалім еңбегінің ең үлкен жемісі. Осы тұста 11-сынып түлегі Зұлхарнайын Тынышбаев:
– Соңғы қоңырау мерекесімен достарымды шын жүректен құттықтаймын! Ұстаздарымызға білімнің шамын жағып, әрбір қиындықта жетелеп, жеңіске сендіргендеріңіз үшін алғысымыз шексіз. Сіздер төккен тер, сабырлы, дана мінез – болашақта табысқа жетуіміздің берік іргетасы. Бүгінге дейін жеткен жетістіктеріміздің әрқайсысында сіздердің үлестеріңіз бар. Сіздерге зор денсаулық, сарқылмас шабыт пен шәкірттеріңіздің биік белестермен қуантуын тілейміз! – деп лебізін білдірді.
Олардың бірі мұғалім болуды қаласа, бірі дәрігер немесе заңгер болуды мақсат етеді. Ендігісі қалам ұстап, жазушы болуға ниетті. Алғашқы қадамдарын мектеп қабырғасынан бастаған бұл жастар – ертеңгі ел тірегі. Олар – Қазақстанның болашағы. Сондықтан әрбір түлекке артылар сенім мен жауапкершілік орасан.
Алған білімдері мен тәрбиесі өмір жолында бағыт беретін шамшыраққа айналсын. Сәт сапар, жас түлек!
Сымбат АЙДАРХАНОВА