Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Теміржолшылар құрметке бөленген күн

Теміржолшылар құрметке бөленген күн

Күні кеше Сексеуілдің көгі көңілді әуен, шадыман шаттыққа толы болды. Мейманасы тасыған теміржолшылар өздерінің кәсіби мерекесі және Сексеуіл темір жолы мекемелерінің құрылғанына 120 жылдығы мерекесі қарсаңында түрлі деңгейде шаралардың куәсі болды. 
Экономиканың күретамырына айналған теміржол саласы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында, өндіріс пен халық арасындағы байланысты нығайтуда аса маңызды рөл атқарып келе жатқаны ілгеріден белгілі. 
Кент орталығы кешкілік ақшаңқан киіз үйлермен әрленіп, сауық-сайранның салтанат құрар құтты мекеніне айналғандай. Алыстан менмұндалайтын арайлы алаң үлкен-кішінің той-думанға көңілін қоштап, жан сарайын жадыратқандай тәрізді. 
Жалпы темір жол саласы соның ішінде азулы саланың қос қанатындай Сексеуіл локоматив жөндеу және пайдалану депосының басқалардан орны бөлек іспетті. 
Сонау 1905 жылға дейін шеберхана атанып келген орталық Орынбор-Ташкент теміржолы пайдалануға берілген тұста ол Сексеуіл паравоздар жөндеу депосы болып қайта құрылған еді. Кейіннен Сексеуіл локомотив айналым депосы болды. Сол уақыттарда локомотив бригадаларына арналған демалыс үйі салынып, осы салаға жан-жақты көңіл бөліне бастады. 1980 жылы деподағы жалпы жұмысшылар саны 1500-ге жетті. Сондай-ақ, 2000 жылы Сексеуіл локомотив депосы пайдалану және жөндеу депосы болып екіге бөлінді. Бұдан бөлек осы темір жол саласында 12 мекеме түрлі бағытта жұмыс жасайды.
Мемлекет басшысы қоғамда еңбек адамына деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп, жұмысшы мамандықтарды дәріптеу керектігін баса айтқаны белгілі. Бұл еліміздің өндірістік және логистикалық әлеуетін нығайту жолында айтарлықтай септігін тигізетін маңызды бастама. Бұл кеште қарапайым жұмысшы мамандар мен қарапайым еңбең адамдарына деген деген құрмет ерекше сезілді. 
Салтанатты шараның бел ортасынан табылып, жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан азаматтар бұл кеште ескерусіз қалмады. Кешкілік шымылдық түрген гала концертте аудан әкімінің орынбсары Н.Бохаев барша теміржолшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, өзінің ізгі лебізін білдірді.
– Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Теміржолшылар күнімен және Сексеуіл локоматив жөндеу және пайдалану депосының құрылғанына 120 жыл толуымен құттықтаймын! Бұл мереке еліміздің даму жолындағы теміржолшылардың өлшеусіз еңбегін, тынбай төгілген терін, елге деген адал қызметін тағы бір мәрте айшықтайды. Бұл әр рельске сіңген маңдай тер, әр сапарға ұласқан сенім мен тұрақтылықтың шежіресі. Болат жол бойындағы барыс-келісті бір сәт көзден таса қылмай, локомативтің кідріссіз әрі сенімді жұмыс жасауына жағдай жасап келе жатқан Сіздердің осы жылдар ішіндегі еңбектеріңізді ел біледі. Қызметтеріңіз әрқашан табысты болсын! Кәсіби мереке күні сіздерге зор денсаулық, отбасы амандығы, еңбекте толағай табыс тілеймін, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Шара барысында Арал аудандық мәслихатының төрағасы, «AMANAT» партиясының Арал аудандық филиалы төрағасы Б.Төрахметов құттықтау сөз сөйлеп, теміржолшыларға деген игі лебізін жеткізді.
Маңызды логистиканың тамырына қан жүгіртіп, уақытпен санаспай жұмыс жасап жүрген бір топ теміржолшылар мерекелік кеште Қазақстан Республикасы көлік министрлігінің «Құрметті темір жолшы» төс белгісімен және облыс, аудан әкімінің Алғыс хатымен, «AMANAT» партиясының Қызылорда облыстық филиалы төрағасының алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар Қазақстан темір жол ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының құрмет грамотасымен, Қазақстан темір жолы жүк тасымалы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрмет грамотасымен және Қазақстан темір жолы жүк тасымалы жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қызылорда бөлімшесінің құрмет грамотасымен, Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының алғыс хатымен бір топ теміржолжылар марапатталды.
Көпшілікті шаттандырған мерекелік кеште қазақ өнеріндегі танымал есем, жерлесеміз Өмірқұл Айниязов бастаған жергілікті мәдениет саласының өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, мерекенің мәнін айшықтай түсті. Кеш соңында мерекелік отшашулар шашылды.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі
03 тамыз 2025 ж. 48 0