Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірқатар міндеттер нақтыланды

Бірқатар міндеттер нақтыланды

Бүгін аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, бірқатар ағымдағы мәселелер қаралды.

Жиында аудан әкімінің орынбасары алдымен ұзақ жыл бойы Мергенсай ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып, құрметті зейнет демалысына шыққан Марат Хангенеұлы Құтмамбетовке ауданның ең жоғарғы марапаты «Құрмет грамотасын» табыстап, иығына шапан жапты.

Өз кезегінде М.Құтмамбетов көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, аудан активі мен жиынға қатысушыларға алғыс айтты және әріптестерінің алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Сондай-ақ жиын барысында Нұрмұхамет Омарұлы ауданға қарасты Жетес би ауылдық округінің әкімі болып жаңадан сайланған Дайрабай Баймұратұлы Жалғасбаевтың кандидатурасын таныстырды. 19 қазанда өткен сайлау қорытындысы бойынша жергілікті халықтың басым дауысын иеленген Дайрабай Баймұратұлы «Amanat» партиясынан ұсынылған.

Аудан әкімінің орынбасары жаңадан сайланған ауыл әкімін құттықтап, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытында бірқатар күрделі мәселені шешу үшін белсенді жұмыс жасау керектігін атап өтті.
Күн тәртібінде ақпараттық және телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі шараларын жүзеге асыру бойынша міндеттер пысықталды.

Қазіргі таңда аудандағы 49 елді мекеннің 45-і ұялы байланыс желісімен қамтылған. Оның ішінде 35 елді мекен мобильді интернетке қол жеткізсе, 10 елді мекенде тек байланыс жасаумен шектеледі. Ал қалған 4 елді мекенде мүлде мобильді байланыс жоқ. Тіпті Арал қаласының өзінде де ұялы байланыс желісіне қатысты мәселе бар.
Аудан әкімінің орынбасары аталған мәселелерді ескере отырып, 2023–2027 жылдарға арналған Жол картасының орындалуын және тиісті индикаторлық көрсеткіштерге қол жеткізу үшін жан-жақты жұмыс жүргізу қажеттігін айтты. Сонымен бірге жауаптыларға әрбір елді мекен бойынша толық зерделеу жұмыстарын ұйымдастырып, байланыс операторларына ұсыныстарды алдын ала енгізуді тапсырды. Сондай-ақ аудан аумағы арқылы өтетін республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралі бойына мобильді интернет тарту мәселесі де назарға алынды.
Жиында «Жылу беру маусымындағы өрт қауіпсіздігі» мәселесі де талқыланды. Осыған қатысты Нұрмұхамет Омарұлы әлеуметтік нысандарда өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау керектігін айтып, жауапты тұлғаларға бірнеше нақты тапсырма берді.

– Өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы тұрақты бақылауды қажет ететін маңызды мәселе. Сондықтан әлеуметтік нысандарда жоспарлы тексерулер, оқыту жұмыстарын және профилактикалық шараларды үздіксіз жүргізу қажет, – деді Н.Бохаев.

Жиын соңында көтерілген мәселелердің барлығы өзекті екені айтылып, берілген тапсырмалардың уақытылы орындалуы хаттама негізінде қатаң бақылауға алынатыны ескертілді.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

21 қазан 2025 ж. 269 0