Денсаулық сақтау саласының 9 айдағы жұмысы оң нәтижемен қорытындыланды
Кеше аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаевтың қатысуымен аудандағы денсаулық сақтау саласының 2025 жылдың 9 айында атқарған жұмыстары талқыланды.Жиынға Арал аудандық көп бейінді орталық ауруханасының бас дәрігері Б.Қуанышбаев, емхана, дәрігерлік амбулатория меңгерушілері, аурухананың бөлімше меңгерушілері, жалпы тәжірибелі дәрігерлер қатысты.
Күн тәртібінде 2025 жылдың 9 айында аудан халқына көрсетілген медициналық қызмет бойынша атқарылған жұмыстар, ана мен бала денсаулығын қорғау саласының көрсеткіші, жыл басынан бері түскен арыз-шағымдар мәселелері қаралды. Аталған тақырыптар бойынша бас дәрігердің орынбасарларының хабарламалары тыңдалды.
Хабарламашылардың баяндамасына сәйкес, 2025 жылдың 9 айының қорытындысымен аудан бойынша 1 жасқа дейінгі балалардың шетінеуі, онкологиялық аурулардың асқыну жағдайларының тіркелуі, жүрек-қан тамыр жүйесі ауруларынан болатын асқынулар мен өлім-жітім көрсеткіші төмендеген.
Онкологиялық ауруларды және туберкулез ауруын ерте анықтау, жүрек-қан тамырлар жүйесі, қант диабеті, сүт безі, жатыр мойны, тоқ ішек, тік ішек ауруларын ерте анықтау көрсеткіші жоғарылаған. Ұрпақ өрбіту жасындағы және жүкті әйелдерге көрсетілетін медициналық көмек сапасы артқан.
Осылайша жалпы нәтиже бойынша медициналық қызмет көрсету индикаторлары «салыстырмалы қолайлы аймақтан» «қолайлы аймаққа» жоғарылаған.
Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев ақ халатты жандарды Республика күні мерекесімен құттықтап, қызметтеріне табыс тіледі. Адам жанына араша түсіп, аудандағы медициналық қызмет сапасын арттыру бағытында сала қызметкерлерінің еңбегі зор екендігін атап өтті.
Мереке қарсаңында жоғары нәтижеге қол жеткізген бірқатар қызметкерлер Ұлттық Медицина Ассосациясының «Мамандығына адалдығы үшін» төбелгісімен, облыстық денсаулық сақтау басқармасының, аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Атап өту қажет, ауданда денсаулық сақтау саласында жасалып жатқан бірқатар оң өзгерістер бар. Жыл басынан бері Сексеуіл ауылдық ауруханасы, Тоқабай дәрігерлік амбулаториясы пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, қыркүйек айында ауданаралық Қамқорлық оңалту орталығы ашылып, ел игілігіне қызмет көрсетуде. Сондай-ақ, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында аудандық аурухана жанынан қосымша жапсаржай және жұқпалы аурулар бөлімшесінің құрылысы жүргізілуде. Бұған қоса, Арал қаласынан Шанхай, Жаңауыл мөлтек аудандарынан тәулігіне 250 келушіге арналған емхана құрылысының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді.

Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі












