Кітапханалар қызметі: дәстүр мен жаңашылдық
Ашып айтар болсақ, қазіргі кітапхана – инновациялық идеялар мекені. Коворкинг аймақтары, медиа-залдар, интерактивті панельдер, подкаст студиялары іске қосылып, жастарға арналған алаңдар кеңейіп келеді. Мәселен, кітап көрмесі енді тек сөрелерде емес, виртуалды форматта да ұйымдастырылады. Оқырман кеңесі офлайн ғана емес, онлайн түрде де жүзеге асырылады. Бұл – дәстүрлі мазмұн мен жаңа форманың үйлесімі.Кітапхана қызметінің басты мақсаттарының бірі – оқырманның тұлғалық дамуын, рухани және интеллектуалды өсуін қамтамасыз ету. Бұл тек ақпарат беру емес, оқырманды саналы, шығармашылық, белсенді тұлғаға айналдыру процесі екенін ескерсек, кітапханадағы оқырманмен атқарылар жұмысты жаңашылдыққа бағыттау, ең дұрыс шешім. Себебі,оқырманмен жаңаша жұмыс-кітапхананың болашағы.Бұл бағыт оқырманды тек кітап алушы ғана емес, мәдени ортаға белсенді қатысушы, серіктес, идея ұсынушы тұлға деңгейіне көтеру болып табылады.Бұл ретте,оқырмандармен жұмыс жасаудың интерактивті формаларының берерін атап өткім келеді.
Мәселен, оқырман белсенділігін арттырады,оқуға қызығушылықты күшейтеді, ақпаратты жақсы меңгеруге көмектеседі, шығармашылық қабілетті дамытады, кітапхана имиджін көтереді және кері байланыс орнатады. Бұл факторлар оқырманмен кітапхана арасындағы байланысты арттыруға жол.
Арал ауданы тұрғындарын рухани біліммен сусындатып отырған Арал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі дәстүрлі құндылықтарды сақтау жолында болашаққа нық қадаммен алға басқан үлкен ұжым,аудан кітапханаларының барлығына басшылық жасайтын орталық.
Арал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 1 аудандық, 3 қалалық кітапхана және орталық балалар кітапханасы, қалалық балалар кітапханасы, 33 ауылдық кітапхана бар. Аудандық ОКЖ бойынша 36688 мың оқырманға қызмет көрсетеді, кітап берілімі 734160 мың дана.Арал аудандық орталықтандырылған кітапханалар қорына жыл сайын 6000 дана жаңа әдебиет алынады. Кітап қоры 613508, оның ішінде мемлекеттік тілде 380356.«Кітапхана қорларын цифрлау» жобасы бойынша қор сақталымын қамтамасыз ету, оны жетілдіру, қорға қолжетімділікті кеңейту, жалғыз данадан тұратын басылымдарға деген оқырман сұранысын қанағаттандыру мақсатында құжаттарды цифрлы форматқа көшіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 610 кітап цифрлық нұсқаға көшірілді. Жергілікті 24 ақын-жазушымен авторлық келісімшарттар жасалды.
Орталық кітапхананың әдістемелік-библиографиялық бөлімінде жүйе кітапханаларына әдістемелік бағыт-бағдар беретін «Кітапхана жұмысындағы заманауи әдіс тәсілдердің тиімділігі», «Жастарды кітапханаға тартудың жаңа жолдары» тақырыбындағы семинар-тренингтер тоқсан сайын ұйымдастырылады.
Кітапханаларда кітапхана процестерін автоматтандыру мақсатында РАБИС /Республикалық ақпараттандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйе/ бағдарламасымен жұмыс жүргізіп келеді. Кітапханаға келген оқырман талабын, сұранысын сапалы қанағаттандыру, сервистік қызмет көрсету дәрежесін арттыру мақсатында РАБИС бағдарламасы бойынша 39 кітапхана катализатор және тапсырыс, іздеу, тіркеу модульдерімен жұмыс жасайды.
2025 жыл кітапхана үшін жемісті жыл болды десек болады, қаламызда «Руханият» орталығы ашылып, аудандық орталық кітапхана, орталық балалар кітапханасы орналасты. Сыйымдылығы 113 мың кітап қорымен толықтырылған, заманауи жабдықталған, жайлы, жарық кең ғимарат оқырман игілігі үшін қызмет жасауда.
Қазіргі таңда оқырманның назарына электронды кітапхана қызметін ұсыну маңызды. Басты ерекшелігі интернет арқылы тәулік бойы қолжетімді.
Іздеу, көшіру, мәтінді үлкейту, сөйлеу функциялары секілді қолайлы технологиялар ұсынылады. Материалдар тез жаңартылып, толықтырылып отырады. Пайдаланушы кез келген құрылғыдан, телефон, компьютер, планшет арқылы пайдалана алады. Артықшылығы қашықтан оқу мүмкіндігі және құжаттарды тез табу. Бір сөзбен айтқанда, білімге ашық қолжетімділік.
Осы орайда, оқырмандарға жайлы орта, ғаламторға қолжетімділікті қамтамасыз етуде заманауи жабдықталған элекронды оқу залы жұмыс жасап тұр. Бұл жерге келген оқырмандар емін еркін отырып, компютерлерді шексіз интернет арқылы қолданып, қажетті деректерін шығару, көшіруді жүзеге асыра алады. Қазіргі таңда электронды залға келетін жастардың қатары көбеюде. Бұл залға 15 компьютер қолданылуға берілді.
Оқырманмен тығыз байланыста жұмыс жасайтын Арал ауданының кітапханалары ғылым мен инновацияның жаңа деңгейіне жету жолында қоғам назарын кітап оқуға аудару, аудан тұрғындарының рухани деңгейін және кітапхананың рөлін арттыру, оқырман санын көбейту мақсатындағы түрлі форматтағы библиографиялық жұмыстар мен тағылымы мол үйірмелер мен жобаларды көпшілік назарына ұсынып жүр.Бүгінде кітапханашы – тек кітап сақтаушы емес, ол – медиасарапшы, контент жасаушы, оқырманмен тіл табыса алатын жан-жақты маман.
Кітапхана ақпарат орталығы ретінде дәстүрлі құндылықтармен қатар қазіргі таңда заманауи кітапханалар қызметін жаңа технологиялар негізінде түрлендірді. Кітапханалар алдында тұрған қазіргі таңдағы басты міндет – дәстүрлі ақпараттармен қамтамасыз етумен қатар ақпараттық ресурстарды толығымен пайдалану, оқырманға барынша жайлы жағдай жасау.
Бүгінгі заманның кітапхана ісіне жаңашылдық қажет екенін, оның жұмыс істеу форматын өзгерту арқылы халықты рухани, мәдени, әлеуметтік қажеттіліктерін табу, кітап оқуға тарту мақсатында кітапханалар жанынан құрылған 13 үйірме, 4 клуб, 8 жоба бар. «Шебер қолдар», «Арт дизайн», «Ұлағат», «Ертегілер әлемі» қуыршақтар және «Сиқырлы қылқалам» жас суретшілер үйірмелері, «Сәукеле» жастар және «Сыр сандық» поэзия клубы, «Заңгер» клубтары оқырман игілігі үшін жұмыс жасауда. Қалалық №1 кітапхана жанынан құрылған «Заңгер» клубы – оқырмандарға заң тұрғысынан тиянақты білім беріп, заңды құрметтеу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді, клуб мүшелері құрамында Заң органдарының қызметкерлері және жастар бар.
Орталық балалар кітапханасының ерекше білімді қажет ететін оқырмандарға арналған «Библиотерапия» орталығында ұйымдастырылған «Сторителлинг» жобасы аясында тұрақты түрде жүргізіліп келе жатқан «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» айдары – үздік оқырманды үлгі ете отырып, олардың бойындағы ерекше қасиеттерді дәріптеу, ерекше білімді қажет ететін басқа балаларға мотивация беріп, кітап арқылы рухани қолдау көрсетіп келеді. Балалар кітапханасындағы балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және ұлт зиялыларының асыл мұрасын дәріптеу мақсатында ерекше назар аудартатын «Оқуға тиіс 5 кітап» бұрышы да кітапханашылардың оқырман үшін жасаған жұмысы. Арнайы жасалған әдеби қобдишаға – Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынов, Ыбырай Алтынсарин, Бауыржан Момышұлы, Зейнолла Шүкіровтің шығармалары жинақталып салынды.

Сонымен қатар, тоғыз жолдың торабында орналасқан Сексеуіл кенттік кітапханасының ерекше жандарды қолдауға арналған «Мейірім» жобасы – мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғам өміріне тартып, олармен инклюзивті бағыттағы шаралар өткізу арқылы, әлеуметтенуге көмек көрсетеді. «Мейірім керуені» аптасына 1 рет ауыл ішіндегі ерекше жандарға кітап пен әңгіме апаратын жүйелі маршурт ұйымдастырылған. Жоба аясында тігін тігу, сурет салу секілді шығармашылық кештер өткізіліп, «Мейірім ФЕСТ» фестивалі аясында сатылымға шығарылып, түскен қаржы «Мейірім» қорына салынады. Кітапхана оқырмандардың жас ерекшелігі, білімі мен лауазымына қарамай қызмет көрсететінін ескерсек, мүмкіндігі шектеулі әрбір адам ерекшелігіне қарамастан – біз үшін қымбатты оқырман.
Аралдың алтыны – балық шаруашылығы да кітапханашылар қаперінен тыс қалған емес, оқырмандарды туған өлке тынысымен кеңірек танытып, техникалық,ауылшаруашылығы және өлкетану әдебиеттерін насихаттау мақсатында Қосжар ауылдық кітапханасында «Арал айдынды өлкенің алтын арқауы» жобасы балық шаруашылығы сала мамандарының еңбегі мен өлке шаруашылығын оқырмандарға дәріптеп, Қосжар ауылындағы «Қамыстыбас балық питомнигінің» жай күйімен, балықтандыру жұмыстарын оқырмандарға таныстырып, саяхат жасап жүр. 2026 жылы 60 жылдығы аталып өтетін «Қамыстыбас балық питомнигінің» қызметкерлерімен Руханият орталығында кездесу кеші алдағы жоспарда бекітілуде.
Ауыл – халқымыздың бойына нәр құятын бесігі, негізгі мекен жайы, ұлттық рухтың қуат алар қайнар көзі. Осы орайда Қызылжар ауылдық модельді кітапханасы «Ауылдан шыққан ақындар» атты жобамен 2018 жылдан бастап жұмыс жасап келеді.
Жобаның мақсаты – Қызылжар елді мекенінде туып өскен және Қазақстанның кез-келген аймағында тұрып жатқан ақындармен байланыс жасалып, өмірін зерттеп, ауылдан шыққан аймақ, облыс, республика көлемінде баспасөз беттерінде өлеңдері жарияланған немесе жарияланбай ауыздан-ауызға таралып жүрген ақындарымыздың шығармаларын жинақтап, насихаттау.
Бұл жоба аясында ғаламтор желілері арқылы әрбір азаматтың ауылдан шыққан ақын-жазушылар туралы мәлімет алу мүмкіндігін қарастырып, «Туған жерге тағзым» бағдарламасын басшылыққа ала отырып алыста жүрген ақын-жазушылармен байланыс жасалып келеді.

Осы кітапханада сонымен қатар 2022 жылдан бастап «Ұлағат» үйірмесі жұмыс жасап келеді. Үйірменің мақсаты – туған өлкенің тарихи мұраларын, жер-су атауларын, туған жердің табиғатын, еңбек адамдарын, тарихта аты қалған ардақты азаматтар туралы зерттеп, танып білу, пікір алмасу және суреттер жинақтап келер ұрпаққа ұсыну. Қазіргі таңда аталмыш екі жоба да ауыл тұрғындары үшін өзекті, қызығушылықтары басым, кітапханашының зерттеген әрбір құнды материалы – тұнып тұрған архив десек артық емес, себебі сырт аймақта жүрген халық та, елдегі азаматтар да ақпараттың бәрін осы кітапханадан оңай тауып отыр.
Кітапхана – тек кітап қоймасы емес, идея мен рухани байланыстың мекені. Осы орайда аудандық орталық кітапхана жанынан құрылған «Қонақжай кітапхана», «NAVIGATOR» – кәсіптік бағдар беру жобалары және «ПарақTIME» кітапқұмарлар клубы оқырман игілігі үшін жаңаша форматта жұмыс жасайды.
Қоғам назарын кітап оқуға аудару, аудан тұрғындарының рухани деңгейін және кітапхананың рөлін арттыру, оқырман санын көбейту мақсатындағы «Қонақжай кітапхана» жобасы – рухани демалыс мекені.
Мұнда келген әр оқырман – қонақ, ал кітапхана – жылы шыраймен қарсы алатын шаңырақ. Бұл жерде шай үстіндегі әдеби кештер, шығармашылық сағаттар, оқырманмен еркін форматтағы кездесулер, бос уақытты пайдалы әрі қызықты өткізуге арналған көңілді шаралар жиі өткізіліп, өз нәтижесінде кітапхана оқырмандарының сұранысы бойынша ауқымы кеңейіп, қатысушылары көбеюде. «Қонақжай кітапхана» жобасы – оқырманға ашық әлем деп мақтанышпен айта аламыз.
Жастарға болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға көмектесу, қабілетіне сай кәсіби бағдар беру, білімге құштарлықты арттыру мақсатында ғы NAVIGATOR – бұл жай бағдарлама емес, жол көрсеткіш.
Мұнда мамандықтар әлемімен танысасың, қызығушылығың мен қабілетіңе сай жол табасың, табысқа жеткен тұлғалармен жүздесесің, шеберлік сағаттарына қатысып, нақты арманыңа қадам жасайсың.
Навигатор жобасы аясында өткізілген нәтижелі жұмыстардың, кәсіби кездесулердің арқасында қаламыздағы орта мектептердің жоғары сынып оқушылары мен олардың ата аналарына үлкен көмегі тиіп, түрлі сала қызметкерлерімен өткізілген кездесу барысында оқушылар болашақ мамандықты дұрыс таңдауда бағыт алып, Алматы, Астана қалаларында жоғары оқу орнына түсіп, қазіргі таңға дейін жоба жетекшісі, жас кітапханашы Айгерім Крымовамен байланыста.
«ПарақTIME» оқырмандар клубы – кітап сүйер жандардың ерекше алаңы. Бұл клуб – әр беті шабытқа, әр парағы сырға толы әдебиет әлеміндегі қызықты саяхат. Мұнда кітап оқып қана қоймай, кейіпкерлермен бірге өмір сүресің, ой бөлісіп, пікір алмасасың. Ерекшелігі, жергілікті ақын жазушылармен кездесіп, өздерімен бірге отырып шығармаларын талдайды. Сонымен қатар әдеби ойындар, викториналар, шығармашылық жобалар – барлығы осында. Біз бұл жобалар арқылы әрбір оқырманға жылы шырай, жайлы орта ұсынамыз. «ПарақTIME» оқырмандар клубы қатарында жалынды жастар мен қатар ауданымыздағы белгілі зиялы қауым өкілдері, әр түрлі саладағы қызметкерлер бар, қазіргі таңда клубтың 30 мүшесі бар, айына 3 рет орталықта жиналып, белгілі бір шығарманы талдайды, алдағы уақытқа жоспар құрады, кітапхана ұйымдастырған әрбір шараға өз ықыластарымен қатысып, ой бөліседі.
Жақында ғана «Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасы» басшысының орынбасары Қуаныш Қуантқанұлы Жанұзақов және Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Нұрлыбек Мыңжас кітапқұмарлар клубының жұмысына ерекше қызығушылық танытып, осы клубқа мүше болды. Алдағы жылы да бұл жобаның ауқымы кеңейіп, белгілі жазушы Шархан Қазығұл және Нұрлыбек Мыңжас ағай мен Қуаныш Қуантқанұлымен бірге онлайн форматта клуб мүшелерінің қатысуымен әселі кеш ұйымдастырылу жоспарланып отыр.
Кітапхана – ұлттың рухани діңгегі. Ол заманауи өзгеріске ілесіп, бұрынғы құндылықты сақтай отырып, жаңа бағытта дамуға тиіс. Кітаптың қасиетін дәріптеп, оқырман жүрегіне жол табу – бізге жүктелген аманат.
Қазіргі таңда жаңаша форматтағы кітап көрмелері – кітапхана қызметін жандандырып, оны тек ақпарат көзі ғана емес, рухани – мәдени орталық деңгейіне көтеретін маңызды құрал екенін атап айтқым келеді.Себебі, кітап көрме – кітапхана жұмысының өзегі, оқырманға білім мен мәдениетті жеткізудің тиімді құралы. Жаңаша форматтағы көрмелер арқылы кітапхана тек ақпарат ордасы ғана емес, рухани, мәдени және шығармашылық орталыққа айналып отыр.
Арал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі аудан көлемінде ұйымдастырылған мәдени, іскер шараларда да әрдайым белсенділік көрсетеді. Аудан тұрғындары мен қоғам қайраткерлері ,зиялы қауым өкілдері мен мемлекеттік қызметшілер, туған жерге табан тіреген Аралдың мақтанышына айналған ақын жазушылардың алдында біздің көпшілікті көз сүйсіндіретін, тарихтан сыр шертіп, ақпарат берер тақырыпқа сай, заманауи көрнекіліктермен көмкерілген кең көлемді кітап көрмелері мен кітап инсталляциялары әрдайым жоғары дәрежеде ұйымдастырылып, көпшіліктің алғысына бөленіп жүр.
Біз дәстүрлі кітап көрмелерін мәні мен мазмұнын сақтай отырып, жаңашылдықпен дамытып, дәйексөздер мен нақыл сөздер, бөлгіштерді тиянақты таңдап, декорация және дизайнына ерекше мән берудеміз. Және осы жұмыстар арқылы кітап көрмелерінің маңызын арттырып, әр оқырман, көрушінің жүрегінен жол табудамыз, бұл біздің ортақ жеңісіміз дегім келеді.
Өздеріңізге белгілі биыл Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз жолдауында жасанды интеллект туралы сөз қозғап, оны мектеп программасына қосып, тиімділігін меңгеру тапсырылды. Осы орайда ЖИ тиімділігін кітап насихаттауда біздің кітапханашылар да қарап қалған жоқ. Жасанды интеллект көмегімен креативті кітап талдаудың жаңа қырын меңгеріп, өз кезегінде оқырманға қызмет көрсетуде.
Арал аудандық орталық балалар кітапханасында жасанды интеллекттің «copilot» бағдарламасын пайдалана отырып, «Ұлы дала ертегілері» кітабы бойынша креативті визуалды кітап талдау өткізілді. Балалар оқыған әңгімелерді жасанды интеллекттің көмегімен суретке айналдырып, көру арқылы қабылдап, есте сақтау қабілеттерін, ойлау, елестету қабілеттерін дамытты.
Бүгінгі цифрлық дәуірде жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыру – кітапханалардың басты мақсаты. Осы орайда жасанды интеллект (AI) – тек техникалық құрал емес, шығармашылық пен оқуға деген сүйіспеншілікті оятатын тиімді көмекші болып отыр.
Жасанды интеллектті қолданудың тиімділігі – кітаптағы сюжетті көзбен көру арқылы түсіну жеңілдейді, сюжет пен кейіпкерлер баланың жадында берік сақталады, кітап оқуға деген мотивацияны арттырады, қызығушылық оянады. Бұл – заманауи технология мен дәстүрлі кітап оқудың үйлесімі. Жасанды интеллект – осы жолда таптырмас серік.
Кітапхана – өткен мен болашақты жалғаушы. Ол дәстүрін сақтай отырып, заманауи технологияларды пайдалануға міндетті. Бүгінгі кітапханашы – тек маман ғана емес, ол – ақпараттық навигатор, мәдениет елшісі, жаңашыл идеялар авторы. Дәстүрді құрметтеп, жаңашылдықты дамыту – кітапхана қызметінің басты қағидасы болып қала бермек.
Жанар АЛИШЕВА,
Арал аудандық орталықтандырылған
кітапханалар жүйесінің директоры









