Арал ауданында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтті
Kyzylorda-news.kz Арал ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаевтың төрағалығымен өткен комиссия отырысында ауданымыздағы балалардың денсаулығын қорғау және аурулардың алдын алу бағытындағы өзекті мәселелер кеңінен қаралды.Жиында Арал аудандық көп бейінді орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Л. Әділбаева 0–17 жас аралығындағы балаларды скринингтік медициналық тексерумен қамту жұмыстары жөнінде баяндама жасап, 2025 жылы жүргізілген профилактикалық тексерулердің нәтижелерін таныстырды. Жоспарланған балалардың басым бөлігі скринингпен қамтылып, тексеру барысында бірқатар ауру белгілері бастапқы кезеңінде анықталып, дер кезінде емдеу-сауықтыру және оңалту шаралары жүргізілгені атап өтілді. Бұл жұмыстар балалар арасында созылмалы аурулардың алдын алуға, асқынулардың алдын кесуге және болашақта дені сау ұрпақ қалыптастыруға бағытталған.
Сондай-ақ Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы О. Мошанов аудан көлеміндегі кәмелетке толмағандар арасындағы туберкулез ауруының эпидемиологиялық ахуалы туралы мәлімет берді. 2025 жылы туберкулез дерті бойынша тіркелген жағдайлар, балалар мен жасөспірімдер арасындағы көрсеткіштер, ауруды ерте анықтау мақсатында жүргізілген флюорографиялық тексерулер мен манту, диаскинтест сынамаларының нәтижелері баяндалды. Балалар арасында аурудың алдын алу шараларын күшейту, ұйымдасқан ұжымдарда медициналық бақылауды жетілдіру қажеттігі айтылды.
Комиссия отырысында балалардың денсаулығын сақтау – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті екені атап өтіліп, тиісті сала басшыларына профилактикалық шараларды күшейту, білім беру ұйымдарындағы медициналық пункттердің жұмысын жандандыру, сауықтыру бағытындағы іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастыру жөнінде міндеттер жүктелді.
Балалардың амандығы мен болашағы үшін атқарылатын бұл жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болады.









