Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда қауіпсіз аймақтар қатарында

Қызылорда қауіпсіз аймақтар қатарында

Облыстық полиция өткен жылы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғау бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізді.
Аталған ведомство қылмыстық құқықбұзушылықтар 2 пайызға төмен­дегенін атап өтті. Қоғамдық орында (12,5 пайыз), көшеде (6 пайыз) жасалған қылмыстар саны да азайды, 10 мың тұрғынға шаққандағы құқықбұзушылық деңгейі республика көлемінде 57 болса, өңірімізде 32-ні көрсетті. Бұл – Қызылорда қауіпсіз аймақтар қатарында екеніне дәлел.
– Ауыр санаттағы қылмыстар, оның ішінде адам өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіруге жол бермеу бағытында жүйелі жұмыс атқарылды, осы санаттағы қылмыстар толық ашылды. Ұрлық, оның ішінде пәтер ұрлығы және тонау азайып, мал ұрлығы 2024 жылғы көрсеткішпен бір деңгейде болды. Кейінгі 3 жылда ұрлық саны 63 пайызға төмендегенін байқаймыз. Бұл профилактикалық шараларды күшейтумен, бейнебақылау аясының кеңеюімен байланысты, – деді облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Серік Ергешов.
Тәртіп сақшылары алаяқтықтың жаңа тәсілдері мен оған қарсы жаңа заң нормаларын халыққа кеңінен түсіндіргенімен, арам ниеттілердің торына түскендер азай­май тұр. Өңірде, әсіресе, интернет алаяқ­тық саны өскен. Қылмысты ашу көрсеткіші жө­нінен Қызылорда республика бойынша алдыңғы орыннан көрінді. Алаяқтық бел­гілері бар 7 мыңға жуық сайт пен сілтеме анықталып, бұғаттау үшін олар «Кибер­ба­қылау» жүйесіне енгізілді.
– Отбасындағы қылмыстың басым бөлі­гі мас күйінде жасалатынын талдау нәти­жесі көрсетті. Осыған байланысты «мүлдем төзбеушілік» қағидаты аясында жұмысты күшейттік. Маскүнемдерді еріксіз емдеу мекемесіне жатқызу, қорғау нұсқамалары мен мінез-құлқына ерекше талап белгілеу бағытындағы іс-шаралар жанданып, мас күйінде жасалған қылмыстар саны азайды. Әлеуметтік топ өкілдері арасында про­филактикалық жұмыс қарқын алды. Ме­дициналық ұйымдармен, әлеуметтік қыз­мет орындарымен өзара байланыс ны­ғайды. Жасөспірімдер арасындағы құқық­бұ­зушылықтың алдын алу да басты назарда. Былтыр біз олардың құқықтық са­уат­ты­лығын арттыру мақсатында білім беру ұйым­дарында 10 мыңнан астам кездесу өт­кіздік. Күнделікті «Түнгі қала», «Квад­рат» рейдтері жүргізілуде, – деді С.Ергешов.
Кешенді профилактикалық іс-шара­лар­дың күшейгеніне қарамастан өткен жылы жол-көлік оқиғаларының саны 47,9 пайызға (978-ден 1446-ға) өсті. Одан 109 адам қаза тауып, көрсеткіш 5,8%-ға, жа­рақат алғандар саны 54,9%-ға (1247-ден 1932-ге) артты. Талдау нәтижесі көбіне жүргізушілердің жол ережелерін сақтамауы жол-көлік оқиғаларына әкеле­тінін көрсетті. Атап айтқанда, жолда жүру ережесін бұзудың 305 мыңға жуық дерегі анықталса, оның 176 мыңнан астамы — жол апатына тікелей әсер ететін өрескел құқықбұзушылықтар. Осыған байланысты қауіп-қатер жоғары учаскелерге, адамдар шоғыры көп жаяу жүру өткелдеріне ке­зекшілік қойылды.
Өңірде жол қозғалысы ережелерін бұ­зуды автоматты түрде анықтайтын ста­цио­нарлық жүйе желісі кеңейді. Жаяу жүр­гіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қосымша 10 Sunqar құрыл­ғысы іске қосылды.  Одан бөлек, бейне­ба­қылау қондырғыларының саны көбейді. Қазіргі таңда облыс орталығы мен барлық аудандық полиция бөлінісіндегі жедел басқару орталықтары 888 бейнебақылау камерасымен қамтылған. Штаттық режимде жұмыс істеп тұр. «Қауіпсіз қала» жобасы аясында облыс орталығына 1400 бейнебақылау камерасы, 20 зияткерлік қиылыс, 58 стационарлық жылдамдық өл­шегіш орнатылды. Қазіргі күні оларды іске қосу бағытында жұмыс атқарылып жатыр.
Халықпен кері байланыс орнату мақ­сатында департаменттің барлық дең­гей­дегі басшылары азаматтарды күнде­лікті қабылдайды.
– Қабылдауға келген азаматтардың бірде-бір мәселесі назардан тыс қалмайды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғау бағытындағы жүйелі жұмыс жал­ғасады. Заңдылық пен тәртіпті сақтау бас­ты міндет болып қала береді, – деді департамент бастығы.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі


05 ақпан 2026 ж. 42 0