Алғыс айту – парыз бен құрметтің белгісі
1 наурыз – Алғыс айту күні – қилы кезеңдерде тағдыр тәлкегіне бірге төтеп беріп, ел дамуы жолында иық тіресе еңбек еткен азаматтардың бір-біріне ризашылық пен құрмет білдіретін ерекше мереке.Атаулы күнге орай аудандық мәдениет үйінде мазмұнды әрі тағылымды шара өтті.
Салтанатты кеш мерекенің тарихынан сыр шертетін арнайы бейнероликпен ашылып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған ән-жырмен жалғасын тапты.
Шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген барша аудан тұрғындарына шынайы алғысын білдірді.
Салтанатты шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып жүрген медицина саласының қызметкерлері, оның ішінде дәрігерлер мен жедел жәрдем мамандары, полиция қызметкерлері мен құтқарушылар, сондай-ақ тіршілікті қамтамасыз ететін салалардың (ауыз су, көгілдір отын, байланыс және электр тарату торабы) авариялық-құтқару бригадалары, ерекше жандарға қызмет көрсететін әлеуметтік сала мамандары және өзге де түрлі сала өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Бұл – еңбекті бағалау мен адамға деген құрметтің жарқын көрінісі.
Көпшіліктің мерейін өсіріп, көңілін марқайтқан мерекелік кеш әсерлі әндерге, жыр-шумақтарға және би қойылымдарына ұласып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі













