АУДАН ӘКІМІ АРАЛДЫҚ АРУЛАРДЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Көктемнің алғашқы лебі сезілген сәттен бастап Жер-ана бусанып, табиғаттың тамыры бүлкілдеп, тіршілік атаулыға жаңа тыныс бітеді. Көктем – жаңару мен жылылықтың бастауы болса, әйел – жүректің шуағы, отбасының ұйытқысы. Сол нәзік жандыларға көрсетілер құрмет 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесінде айрықша үйлесім табады.Бүгінгі күн – жай ғана күнтізбедегі мереке емес. Бұл – мейірімнің шексіз иесіне баланған аналарға, адамзатқа жарық сыйлаған аяулы жандарға құрмет көрсету күні. Осы мерекеге орай аудандық мәдениет үйінде «Әйел – махаббат – өмір» атты салтанатты кеш ұйымдастырылып, аудан аруларына ерекше құрмет көрсетілді.
Мерекелік шараға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев қатысып, Арал өңірінің нәзік жандыларын мерекемен құттықтады.
Әйел-ананың қадір-қасиетін ұлықтайтын сахналық салтанатты кеште Арал топырағынан түлеп ұшқан спорт және өнер иелері аралдық барша нәзік жандыларға бейнеқұттықтау жолдады.
Кеш барысында түрлі салада елеулі еңбек етіп, белсенділігімен ерекшеленген бірқатар аяулы аруларға Арал ауданының Құрмет грамотасы, облыс әкімінің Алғыс хаты мен аудан әкімінің құттықтауы табысталды.
Көпшілік көңілін көтерген салтанатты шарада түрлі жанрдағы өнер туындылары көрермен назарына ұсынылды. Сондай-ақ барша аруларға аудан әкімінің ықылас гүлі тарту етілді.
Мерекелік шара шат-шадыман көңіл күй сыйлаған концерттік бағдарламамен жалғасты. Жергілікті өнерпаздармен қатар мерекелік кешке арнайы келген жерлесіміз, эстрада әншісі Кеңес Әлімжан және көптеген шет ел сахналарында ән салып, аймақ мерейін үстем етіп жүрген Мақсат пен Ұлдана жұбы әсем әндер орындап, аналардың мерейін асырып, нәзік жандыларға ән шашуын арнады.
Шын мәнінде бір ғана «Әйел» ұғымына дүниенің бар кереметі сыйғандай. Әйел затына аймен таласқан әсемдік те, көреген көсемдік те, мейірім мен нәзіктік те жарасым тапқан.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі














