Аудан әкімі қарт аналарды мерекемен құттықтады
Көктемнің алғашқы лебі сезілген сәттен бастап табиғаттың өзі нәзік күйге еніп, тіршілік атаулыға жаңа тыныс бітеді. Сол көктемнің шынайы бейнесіндей болған нәзік жандылардың мерекесіне орай аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев қаладағы ақжаулықты аналардың шаңырақтарына арнайы барып, аймақ басшысы Н.Нәлібаевтың құттықтауын жеткізіп, сый-құрмет көрсетті.Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы алдымен қаладағы Бегім ана көшесінің тұрғыны, ұзақ жылдар кәсіпкерлікпен айналысып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан Ақыл Сәдуақасованың үйіне барып, мерекелік құрмет көрсетті.
Ақыл Сәдуақасқызы кәсіпкерлікпен қатар ел мүддесі жолында да аянбай еңбек еткен азаматтардың бірі. Аудандық мәслихаттың бірнеше шақырылым депутаты ретінде халық сенімін арқалап, жұртшылықтың мәселесін биік мінбеде көтеріп, олардың оң шешілуіне өз үлесін қосты.
Мұнан соң аудан басшысы Бақтыбай батыр көшесінің тұрғыны, зейнеткер, жалғызбасты қарт ана Ақжарқын Жанділдаеваның шаңырағына барды. Қарт ананың көңілін сұрап, мерекелік сый-құрмет көрсетіп, иығына ақ жаулық жапты.
Ақжарқын Жанділдаева бүгінде 80 жастың төріне шыққан ардақты ана. Ол 27 жыл бойы «Өркен» балабақшасында бала күтуші болып еңбек етіп, жас ұрпақтың тәрбиелі әрі саналы болып қалыптасуына үлес қосқан. Білім саласының ардагері мерекемен құттықтай келген азаматтарға алғысын білдіріп, ақ батасын берді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі












