Аралдың даңқын асырған татулық
Қай кезде де берекелі өмірді мақсат тұтқан қазақ елі қандай қиын-қыстау кезеңдерде де өзгені жатсынбай, бауырына басып, барша ұлтқа пана болған киелі шаңырақ. Кеңдігімен де, кемеңгерлігімен де дараланған осы қасиетті мекенде бүгінде жарасымды тұрмыс кешіп, Тәуелсіз ел атанғанымызға 35 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде қол жеткізген әрбір жетістіктің артында қазақ жерін мекендеген сан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің маңдай тері, адал еңбегі жатыр.Дана халқымыз «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп бекер айтпаған. Расында да, еліміздің бүгінгідей қарыштап дамуы – тұрақтылық пен ұлтаралық, дінаралық келісімнің жемісі. Осы бір асыл құндылықтарды ту еткен Қазақстан халқы Ассамблеясы – ел бірлігінің алтын діңгегі, татулықтың тұғырына айналды. Бүгінде Қазақстанда әр этнос өз ана тілін сақтап, мәдениетін дамытып, салт-дәстүрін жаңғыртуға толық мүмкіндік алып отыр. Ата Заң аясында білім алып, еңбек етіп, түрлі салада табысқа жетуіне барлық жағдай жасалған.
Қазақ жерінде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің тату-тәтті өмір сүруі – мемлекетіміздегі теңдік пен әділеттіліктің айқын көрінісі. Соның жарқын мысалы – Арал өңірі. Бүгінде ауданда тұратын 80 мыңнан астам халықтың құрамында өзге ұлт өкілдері де аз емес. Орыс, корей, татар, молдован, қырғыз, украин, қарақалпақ ағайындар бір шаңырақ астында ынтымақ пен бірліктің үлгісін көрсетіп келеді.
Олардың бұл өңірге келу тарихы әрқилы. Бірі тағдырдың жазуымен, бірі жүрек қалауымен келіп, қазақ халқының кең пейілі мен дархан көңілінің жылуын сезінді. Уақыт өте келе олар да осы топырақпен біте қайнасып, ортақ Отанның адал перзентіне айналды. Бүгінде олардың арасында елге еңбегі сіңген, Арал тарихында өзіндік орны бар тұлғалар аз емес.
Мәселен, Кеңес Одағының батыры Мин Александр Павловичтің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігі – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Сондай-ақ, «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі», «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Иван Данилович Шульга мен ұзақ жыл білім саласында еңбек етіп, «Халық ағарту ісінің үздігі» атанған Дмитрий Федорович Федоровтың еңбектері ел жадында сақталары сөзсіз.
Бүгінгі күні де ауданның өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген азаматтар аз емес. Солардың қатарында халық қалаулысы, мәжіліс депутаты Геннадий Шиповскихтің есімін ерекше атап өтуге болады. Ал Ирина Тен мен Анна Данченко сынды аралдық арулар отандық телевизияда өзіндік орны бар кәсіби тележүргізушілерге айналып, туған жердің мерейін үстем етуде.
Арал топырағында туып-өсіп, қазақ тілінде еркін сөйлеп, ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген өзге ұлт өкілдерін көргенде ерекше қуаныш сезімі бойды билейді. Әсіресе білім, мәдениет, спорт салаларында аудан абыройын асқақтатып жүрген жандар – татулықтың шынайы жемісі.
Ұлт бірлігі – ұрпақ тәрбиесінен басталатыны анық. Сондықтан әрбір этностың тіліне, дініне, салт-дәстүрі мен мәдениетіне құрметпен қарау – қоғам тұрақтылығының басты кепілі. Осындай өзара сыйластық пен түсіністік Арал өңіріндегі татулықтың темірқазығына айналып отыр.
Түйіндей айтқанда, тағдыр тоғыстырған түрлі этнос өкілдерінің бір мақсат, бір мүдде жолында жұмыла еңбек етуі – елдігіміздің ең асыл құндылығы. Бұл – бірліктің бекем, тірліктің көркем екенінің айқын дәлелі. Аралдың даңқын асырған да – осы татулық пен ынтымақ.
Н. БАҚЫРАН










