Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балалықтың соңғы бекеті: Түлектер қияға қанат қақты

Балалықтың соңғы бекеті: Түлектер қияға қанат қақты

Бүгінде білім саласын модернизациялау, өскелең ұрпақтың зияткерлік қабілетін арттыру және оларға бәсекеге қабілетті білім беру ісі Арал өңірінде де жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, аудан көлеміндегі мектептердің тыныс-тіршілігі, оқушылардың қол жеткізген табыстары мен алдағы үлкен сын – Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық барысы қашанда жұртшылық назарындағы өзекті тақырып болып қала бермек. Үстіміздегі оқу жылы Арал ауданының білім саласы үшін елеулі жетістіктермен, мақтанарлық көрсеткіштермен және жаңа бастамалармен өріліп, өз мәресіне жетті.
Қазіргі таңда аудандағы білім беру жүйесінің ауқымы мен ішкі демографиялық динамикасы көңіл қуантады. Нақтырақ айтсақ, үстіміздегі жылдың білім бөліміне қарасты 49 мектепте 1-11 сыныптарда 17 491 оқушы білім алған. Сонымен қатар, баланың тұлға болып қалыптасуының алғашқы баспалдағы саналатын мектепалды даярлық сыныптарында 989 тәрбиеленуші қамтылып, олардың бастауыш мектеп бағдарламасына бейімделуіне толық жағдай жасалған. Оған қоса, алдағы кезеңді жоспарлау мақсатында жүргізілген талдаулар бойынша биыл ауданда 1 сыныпқа аудан бойынша 1537 бала қабылданады деп жоспарлануда.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған Сексеуіл кентіндегі №294 орта мектебі биыл алғаш рет өз түлектерін қияға ұшыруда. Бұл да тарихи сәт. Кең көлемде ұйымдастырылған осы шараға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев қатысып, бітіруші түлектерді мерекелерімен құттықтады.
Шара барысында мектеп бітіруші түлектердің ата-аналары атынан Ы.Лекерова мектеп басшылығы мен ұстаздарға ризашылығын білдіріп, түлектерге ақжарма тілегін жеткізді.
Мұнан соң, қалыптасқан дәстүр бойынша түлектер ұстаз, мектеп жайлы әндерді шырқап, жүрекжарды ыстық ықыластарын білдірді. Шара соңында түлектер вальс ырғағында ілесіп, соңғы мектеп биін биледі. Осылайша №294 орта мектепті бітірген 28 түлек алға қойған арман-мақсаттың жетегімен үлкен өмірге қадам басуда.
Кез келген оқу жылының ең жауапты әрі шешуші сәті – бітіруші түлектердің қорытынды аттестаттауы мен жоғары оқу орындарына түсу емтихандары екені белгілі. Арал ауданы бойынша 2025-2026 оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеу 12 мамыр – 3 шілде күндері аралығында өтеді деп белгіленген. Бұл бірнеше айға созылатын үлкен марафон түлектердің жылдар бойы жинаған білімін екшейтін басты сын сағаты болмақ. Осы оқу жылында аудан мектептерінің 11-сыныбында 1093 түлек бар. Оның ішінде негізгі ҰБТ-ға 777 оқушы өтініш берген. Шәкірттердің білім сапасының жоғарылығын олардың мемлекеттік үздік белгілерге үміткерлігінен де анық байқауға болады. Мәселен, биыл мектеп бітірушілер арасында «Алтын белгіге» 76 бала, «Үздік аттестатқа» 64 оқушы үміткер болып отыр. Сонымен қатар, тек жоғары сыныптар ғана емес, негізгі мектеп сатысын тәмамдаушылардың да көрсеткіші көңіл көншітеді. Биыл 9 сынып бойынша мектеп бітіруші 1737 бала бар болса, оның ішінде үздік куәлікке үміткер ретінде 187 бала бақ сынауда. Буыны бекіп, білімі толысқан бұл жас өрендер ауданның білім деңгейінің айнасы болары сөзсіз.
Аралдық оқушылардың білім додаларында оқу жылы аяқталмай жатып-ақ жоғары деңгей көрсетіп, мемлекеттік гранттарды иеленуі – ұстаздар қауымы мен ата-аналар үшін үлкен мақтаныш. Бұл ретте аудандағы іргелі білім ұяларының жетістігін ерекше атап өткен жөн. Мәселен, оқу жылы аяқталмай жатып-ақ, №262 мектеп-гимназиясының 7 оқушысы Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті ұйымдастырған автокеруен аясындағы қала және аудан мектептерінің 11-сынып түлектері арасында қазақ тілінде өткен «EKTU QUIZ» зияткерлік ойынында аудан намысын қорғап, білім грантын жеңіп алды. Сонымен қатар, аталған гимназияның 2 оқушысы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті білім грантының иегері атанды. Жетістіктер мұнымен шектелмейді. Сондай-ақ, облыстық инновациялық жобалар фестивалінде үздік деп танылса, №292 орта мектепдің 2 оқушысы да Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті грантын жеңіп алды. Мұндай табыстар өзге де бітіруші түлектерге үлкен мотивация беріп, олардың алдағы емтихандарға деген сенімділігін арттыра түсері анық.
Қорыта айтқанда, Арал ауданының білім беру саласы ХХІ ғасырдың талаптарына сай, серпінді әрі нәтижелі дамып келе жатқанын дәлелдеп отыр. Мыңдаған оқушының сапалы мектепте тәлім алуы, жүздеген үміткердің үздік белгіге ұмтылуы және жоғары оқу орындарының грантын мерзімінен бұрын жеңіп алуы – ұстаздардың қажырлы еңбегі мен мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған жүйелі қолдаудың жемісі. Бүгінгі мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан ұл-қыздар ертең еліміздің экономикасын, ғылымы мен мәдениетін өркендететін, егемендігімізді нығайтатын нағыз ұлтжанды азаматтарға айналатыны сөзсіз. Аудан білімінің көші ілгері, шәкірттердің қадамы сәтті, ал алдағы емтихандардың нәтижесі жемісті болғай!
Г. ӘЛНИЯЗИНА
26 мамыр 2026 ж. 53 0