Әке
Әкешім, сонда дара қорған ең.
Қара нарларым ауылда жатыр,
Қалағанымыз қала болғанмен.
Асқар тауым-ай, пейілің қандай,
Қалады-ау мұнда мейірің қанбай.
Шаһардың шуы шаршатты мені,
Бара жатқандай мейірім қалмай.
Жасырын мен де жылап аламын,
Әкем сабаса құламағанмын.
Таяқтың өзі мақтадай еді-ау,
Мақтасы мұз ғой мына қаланың.
Жылы сөз жанға жетпесе не етем,
Төрелі ойды тектесем бе екен?!
Тас көшелердің ішінде жүріп,
Тасжүрек болып кетпесем екен.
Қарашаңырақ жұмақ бағым ба,
Жабығып жүрімін жылап тағы да.
Сағынған сайын ойлаймын, әке,
Жаныңнан бекер жырақтадым ба?
Ақынның көнбей асау ойлары,
Асудан асқар аса қоймады.
Бауыр етіңді қатыгез қала,
Бауырына бірден баса қоймады.
Сапарлы адам дауылдан да өтер,
Сәлемім менің жауынан жетер.
Алыстың бәрі арман екен ғой,
Алыстап кеттік ауылдан бекер.
Сөзіңді әке-ау, сұйықтатпадым,
Ұлыңды мендей сүйіп баптадың.
Қырандай қанша қалықтасам да,
Әкеден асқар биік таппадым.
Айдар Сайлауов











