Аралда құрылысшылар күніне арналған мерекелік гала-концерт өтті
Құрылысшылар күні қарсаңында Арал қаласының орталық алаңында мерекелік гала-концерт ұйымдастырылып, ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген құрылыс саласының мамандарына айрықша құрмет көрсетілді.Салтанатты шараға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев қатысып, құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Аудан басшысы Аманжол Сақыпұлы өз сөзінде құрылыс саласының мемлекет дамуының басты қозғаушы күштерінің бірі екенін атап өтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген құрылысшылардың еңбегіне жоғары баға берді.
Мерекелік кеш барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және құрылыс саласының өркендеуіне елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Н.Нәлібаевтың, облыс және аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, олардың адал еңбегі мен кәсіби біліктілігі ерекше аталып өтті.
Кеш барысында ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси науқанға да назар аударылып, тұрғындар 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына белсенді қатысып, азаматтық ұстанымдарын білдірудің маңыздылығына мән беріліп, ел өміріндегі өзгеріске бастайтын бастамалар жұртшылық қолдауына ие болды. Бұл – еліміздің тұрақты дамуы мен жаңғыру жолындағы маңызды қадам екені белгілі.
Мерекелік кештің шырайын Қазақстан эстрадасының танымал әншісі Жұбаныш Жексен, әнші Кеңес Әлімжан және Шымкент қаласынан арнайы келген «Баянсұлу» триосы келтіріп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар аудан өнерпаздары да өз өнерлерін паш етіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған мерекелік гала-концерт құрылысшылардың еселі еңбегіне көрсетілген құрметтің жарқын көрінісіне айналып, тұрғындарға ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады.
Елдің еңселі ғимараттарын тұрғызып, өңірдің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген барша құрылысшыларға зор денсаулық, бақ-береке, еңбектеріне толайым табыс тілейміз!
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі














