Күміс қоңырау қағылды
Бүгін білімнің, ғылымның және адамзаттың үздіксіз даму жолының мерекесі. Бұл күн – мектеп қабырғасындағы салтанатты қоңыраудың үнімен шектелмейтін, әрбір жас пен кәрінің жүрегіне қуаныш пен арман ұялататын, өмірдің жаңа белесінің бастауы. Сары алтынға малынған күздің алғашқы күнінде миллиондаған бүлдіршін үлкен өмірге қадам басып, білім ұясының табалдырығын аттайды.Тарихи тұрғыдан 1 қыркүйек оқу жылының ресми бастауы ретінде өткен ғасырдың ортасынан бері атап өтіліп келеді. Ал қазақ даласында білімнің жаңа дәуірін бастаған Ыбырай Алтынсариннің тұңғыш мектеп ашып, артына қалдырған «Кел, балалар, оқылық!» деген ұраны халық санасында мәңгі сақталып қалды. Ол тұтас ұлтты сауатсыздық пен қараңғылықтан құтқарудың дабылы еді. Әрбір адамның жадында алғашқы қоңырау үні, қолына ұстаған «Әліппесі», ұстаздың жылы жүзі мен мектеп ауласындағы толқынысқа толы сәттері өшпес естелік болып қалады.
Білім – таусылмайтын қазына, адамды биікке жетелейтін дара күш. Заманауи әлемде елдің бәсекеге қабілеттілігі мен қуаты оның табиғи байлығымен емес, интеллектісімен, сауаттылығымен және білім деңгейімен өлшенеді. Абай Кұнанбайұлы өзінің қара сөздерінде білім мен ғылымды табуды өмірдің ең басты мұраты етіп көрсеткен. Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы «Баланы ең алдымен білімді қылу керек, білімді болуға оқу керек» деп, елдің болашағы тікелей оқу-ағарту жүйесінде екенін ашық айтқан.
Қазақ халқының даналық сөзінде де білімнің орны ерекше дәріптелген. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар», «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деген мақал-мәтелдер білімнің қаншалықты қуатты құрал екенін айқындайды.
Әлемдік ойшылдар мен қайраткерлер де білімнің рөлін жоғары бағалаған. Көне грек философы Аристотель «Білімнің тамыры ащы, бірақ жемісі тәтті» деп, ізденіс жолындағы қиындықтың аяғы үлкен жетістікке жеткізетінін меңзесе, Нельсон Мандела «Білім – бұл әлемді өзгертуге қолдануға болатын ең қуатты қару» деген пікір қалдырған.
Бүгінгі таңда Білім күні бүкіл қоғамның мерекесіне айналды. Сәнді мектеп формасын киген оқушылар, қолдарына гүл шоқтарын ұстаған бүлдіршіндер, толқып тұрған ата-аналар мен ұстаздар бейнесі – бұл күннің басты сәні. Мектептерде өтетін салтанатты жиындар, ашық сабақтар мен белгілі тұлғалардың дәрістері оқушылардың білімге деген ынтасын арттырып, оларды оқу жылында жаңа асуларды бағындыруға жігерлендіреді.
Білім күні – болашаққа сеніммен қадам басатын күн. Оқу жылының бастауы әрбір жас өркен үшін білім көкжиегін ашудың, ал ұстаздар үшін жас ұрпақтың санасына сәуле шашудың ғибратты жолы.
Г.ӘЛНИЯЗИНА









