Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Арал ауданы әкімінің орынбасары Н.Бохаевтың төрағалығымен  кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Отырыста жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және тәрбиелік-профилактикалық жұмыстарды күшейту мәселелері қаралды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Арал ауданы полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры А. Сермағамбетова кәмелетке толмаған жасөспірімнің мінез-құлқын түзету, құқық бұзушылықтың алдын алу және оған әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету бағытында атқарылатын жұмыстар туралы баяндады.
Сонымен қатар Арал көпсалалы колледжінің директоры Н. Әбішев және Арал индустриалды-техникалық колледжінің директоры Р.Айназаров студенттер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларын таныстырды.
Баяндамаларда колледждерде құқық қорғау органдарының қатысуымен құқықтық түсіндіру кездесулері, профилактикалық шаралар мен психологиялық тренингтер тұрақты өткізілетіні атап өтілді. Нашақорлық, лудомания, буллинг, кибербуллинг, зорлық-зомбылық және интернет-тәуелділіктің алдын алуға ерекше көңіл бөлінген.
Сондай-ақ студенттердің сабаққа қатысуы мен тәртібі бақылауға алынып, профилактикалық есепте тұрған білім алушылармен жеке жұмыстар жүргізілуде. Ата-аналармен байланыс нығайтылып, түнгі рейдтер ұйымдастырылуда.
Студенттердің бос уақытын тиімді өткізу мақсатында спорттық секциялар мен тәрбиелік іс-шаралар жұмысы жолға қойылған.
Атап айтқанда, Арал индустриалды-техникалық колледжінде 32 бейнебақылау камерасы орнатылып, 120 студент спорттық секцияларға тартылған. Ал Арал көпсалалы колледжінде 2025–2026 оқу жылында 335 студент білім алып, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілген.
Жиында Аудан әкімінің орынбасары Н. Бохаев жасөспірімдер тәрбиесі мен қауіпсіздігіне бейжай қарамау керектігін атап өтті. Білім беру ұйымдары, құқық қорғау органдары және ата-аналар арасындағы байланысты күшейтіп, құқық бұзушылыққа бейім жасөспірімдермен жеке профилактикалық жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
Бала тәрбиесі мен қауіпсіздігі – баршаға ортақ міндет. Жас ұрпақтың саналы, жауапты әрі заңға құрметпен қарайтын азамат болып қалыптасуы үшін жүйелі жұмыстар жалғасын табады. 
06 қараша 2026 ж. 55 0