Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өмірін өнерімен өрнектеген

Өмірін өнерімен өрнектеген

Аудандық мәдениет үйінде сатирик, режиссер-сценарист, ҚР Мәдениет саласының «Үздігі» төс белгісінің иегері, «Еңбек даңқ» медалінің иегері Бақтыгүл Бахрамованың шығармашылық кеші өтті.

Мерекелік кеш белгілі өнер иесінің монологымен бастау алып, еңбек жолы мен шығармашылығы насихатталған бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды.

Шығармашылық кешке аудан әкімінің орынбасары Б. Жұмағұлов қатысып: «Әрбір елдің рухани күші – оның өнерімен өлшенеді. Елдігіміздің басты нышаны – өнеріміз бен мәдениетімізді, ғасырлар бойы атадан балаға мұра болған асыл қазынамызды өскелең ұрпаққа жеткізу – біздің басты мақсатымыз. Өнерсүйер қауым шығармашылық кеш иесін театр сахнасында мазмұны бай, мағынасы терең туындыларды орындап, көрермен жүрегіне жеткізе білген талант ретінде бағалайды. Киелі сахна өнерінің қыр-сырын меңгеріп, ауданның мәдениет саласының дамуына қосқан елеулі үлесіңіз үшін алғысымды білдіремін. Қасиетті өнер жолында айбынды Аралдың мерейін асырып, биік тұғырдан көріне бергейсіз. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық қажымас қайрат, шығармашылық шабыт пен толағай табыстар тілеймін!»- деп ізгі лебізін жеткізді. Сонымен бірге өңірдегі мәдениет саласының дамуына қосқан сүбелі үлесін ерекше атап өтіп, қазақы дәстүрмен иығына қамзол мен ақ жаулық жауып, ауданның Құрмет Грамотасын табыстады.

Аудандық мәслихат хатшысы Б. Төрахметов өміріне өнерді серік еткен мәдениет майталманының белгілі шығармаларына тоқталып, алдағы уақытта еткен еңбектің зейнетін көруіне тілектестігін білдірді.

Сонымен қатар, Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығы басшысының орынбасары Рая Ділімбетова сахна төріне көтеріліп, Бақтыгүл Бахрамованың өмірдегі ерекше қасиеттерін айтып, өз қызметіне деген адалдығын, көрермен көңілінен ерекше орын алған туындылары жөнінде пікірін ортаға салды. Сондай-ақ, облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Р. Рүстемовтің құттықтауын табыс етті.

Салтанатты кеш барысында 40 жылға жуық мәдениет саласанда еңбек еткен Б. Бахрамованың «Шаңырақ шуағы» қойылымы сахналанып, «Өмір», «Перронда», «Күйбең тірлік-ай» әндері орындалды.
Мұнымен қоса, Мұқтар Әуезовтің екі бөлімді трагедиясы «Қаракөз» пьесасынан үзіндіні Б. Бахрамова өнердегі әріптестерімен бірге орындап шықты.

Атап өтейік, Бақтыгүл Бахрамова «Көңілашар» халықтық мәдени үгіт бригадасының режиссеры қызметінен бастап, ерекше қабілетінің арқасында көп ұзамай Халық театрының бас режиссері болады.
Күнделікті өмір ағымындағы жағдайларды әзіл-қалжың арқылы жеткізген сатира жанрындағы туындылары көпшілік көңілінен орын алды.
Ауданда «Бозторғай» театрын ашып, «Қалаймақан» әзілкештер тобын құрып, тәлімгер ретінде бірнеше талантты шәкірттерді дайындап шығарды.
"Толқын" ақпарат

21 шілде 2022 ж. 3 391 0