Ақын жырлары – байқау арқауы
«Айсәуле» балалар шығармашылығы орталығы ашылғалы екі жарым жыл уақыт өтсе де, оның жас өнерпаздары бүгінгі дейін аймақтық, республикалық өнер сайыстарында үнемі топ жарып жүр. Сырлы сахналардағы жетістіктері де жетерлік. Сондай-ақ бұл орталық туған жердің дарындарын асқақтатуда да игі шаралар легін өткізіп келеді.
Жақында «Айсәуле» орталығы балалар кітапханасымен бірігіп, аралдық ақын Абай Елештің поэзиялық туындыларын мәнерлеп оқудан «Бір ұлымын, байлығы – жыр-дастан» атты байқау өткізді. Байқау шарты бойынша сайысқа қатысушы талапкерлер А.Елештің бір өлеңін және өз таңдауы бойынша тағы бір өлеңін мәнерлеп оқып, өз онерін ортаға салды.
Ақын А.Елеш Қарақұм кеңшарында туған. Абай ауылындағы №59 мектептің түлегі. «Сапар басы» атты өлеңдер жинағы жарық көрген бірнеше өлеңдеріне жергілікті сазгерлер ән шығарған. Ол бүгінде аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы, қаламы жүйрік журналист ретінде танымал.
Байқау төріне ақын А.Елеш және шара қонақтары – Қазақстан Жазушылар одағы мүшесі, Ж.Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Толыбай Абылаев, халықараларық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалының төрағасы Бекболат Сәдуақасов, Қ.Р. Архив ісінің үздігі, өткетанушы қаламгер Болатбек Қуатовтар шықты. Мәнерлеп оқу сайысын «Айсәуле» балалар шығармашылығы орталығының «көркемсөз оқу» үйірмесінің жетекшісі, ақын Ерғали Абдулла ақын Абай Елеш шығармашылығы туралы айтып, шараны әрі қарай жүргізіп отырды.
Әуелі ортаға белгілі хореограф Рәйла Исмағұлова жетекшілік ететін «Айсәуле» би тобы шығып, «Шашу» биімен шымылдық ашты.
Өлең додасына 17 талапкер қатысып, мазмұнды да көркем поэзияның өлең-жыр қарлығаштарын әуелетті. Талапкерлердің қай-қайсысы да ақын жүрегінен шыққан туындыларды жаһұттай жарқыратып жүректен-жүрекке жеткізе білді. Әрбір өлең тыңдармандар мен кеш қонақтарының көңілінен шыға білді.
Байқауда бақ сынаған оқушылар жақсы өнерлері үшін «Айсәуле» балалар шығармашылығы орталығының дипломдарымен марапатталды. Ақын Абай Елешті «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, тіл жанашыры Б.Сәдуақасов құттықтап, қоғамның Құрмет грамотасымен марапаттады. Сондай-ақ кеш қонақтары Т.Абылаев, Б.Қуатов поэзия байқауын ұйымдастырушылар мен қатысушыларға жылы лебіздерін жеткізді. Кітапхана меңгерушісі Мейрамкүл Өтегенова «Айсәуле» балалар шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен әлі де түрлі шаралардың жалғасын таба беретініне сенім білдірді.
Е.ЗЕЙНЕТҰЛЫ