Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сұңғақ бойлы қазақтың алпауыттары қайда жұмыс істейді?

Сұңғақ бойлы қазақтың алпауыттары қайда жұмыс істейді?

Елдегі мереке мен той-думандарда қазақтың ұлттық киімін киген, жауырыны кең, сұңғақ бойлы батырларды жиі кезіктіреміз. Осындай тепсе темір үзетін жігіттермен суретке түсіп, мәз-мейрам болып жатамыз. Алайда халықтың көпшілігі солардың күнделікті өмірде қандай қиындықтар мен  қызықты жәйттарға тап болатынынан бейхабар. Осыған орай біз алыптардың жеке өмірін, немен айналысатынын және қоғамның оларға деген көзқарасы жайында айтпақшымыз.
Ұлттық мерекелерде халық алдына шығып, өнер көрсететін қазақ алпауыттарының көбі – Алматыдағы «Арлан Жете» театрының әртіс-батырлары. Солардың бірі – Жамбыл облысының тумасы Ербол Төлепберген. 25 жастағы театр тарланының  бойы – 2 метр 5 см, ал салмағы – 140 келі. Айтуынша шамамен 8-9 сыныптарда оқып жүргенде бойының күрт өсе бастаған. Яғни 15-16 жасқа дейін бойы 1 метр 78 см болса, одан кейін он сантиметрлеп өсіп отырған. Тіпті сол кезде өзің бір елден «ерекше» адам ретінде ойлапты. Оның осы бір "ерекшелігі" өзіңе шақ келетін  киім таба алмай қиналуына алып келеді. Одан басқа да қоғамдық өмірде кедергілерге тап болған. Солардан шаршаған Ербол жатар алдыңда: «Я Алла Тағалам, осы бойым  бір күннің ішінде кішірейіп қалса екен» деп күрсініп, жылап та алады екен.
- Кейін ол мұңаюымның бекер екенін түсініп, осындай елден ерекше қылып, бой беріп, халықтың алдында жүруін нәсіп еткені үшін  Алла Тағалаға рақмет айттым, – дейді ол.
Ол алыптар отбасынан шыққанын, ата-балаларының сұңғақ бойыл болғанын айтады. «Осындай ірі бойлы, денелі жігіт болуым біріншіден Алланың қалауымен, одан кейін әке-шешемнің арқасында деп ойлаймын»  - дейді. Өйткені,  орта жасқа дейін әкесінің бойы 1 метр 96 см болса, қазіргі 7 см-ге шөгіпті. Ал анасының бойы шамамен 1 метр 72 сантиметрдей екен. Өзінен кейінгі бауырының бойы да екі метрге жетіп қалады. Диас ағасының жолын қуып, қазіргі кезде қазақ ұлттық өнер академиясының музыкалық әртіс мамандығының 2 курсында білім алып жатыр.
Ерболдың осы театрда қызмет етіп келе жатқанына жеті жылдай болыпты. Айтуынша, бұл театрға ойда-жоқта келген. Қазақ ұлттық өнер академиясының актер және кино мамандығына бірнеше рет оқуға тапсырғанмен, түсе алмай сағы сынған. Алайда, тағдырдың өз сыйы бар екен. Ербол 2013 жылы бағы жанып, студент атанғанда «Арлан Жете» театрының жетекшісі Мүслім Жұмағалиевпен танысып, ол алып жігітті жұмысқа шақырады. 
- Басында аздап ыңғайсыздау болды. Енді ғана университет табалдырығын аттаған студентке бірден "театрға кіресің бе?" деген  ұсыныстың түскені - үлкен сый. Не де болса, бұл бақтың бетін қайтармайын деп, бойдағы қорқынышым мен толқынысымды жеңіп, тайсалмай, "белдестің не белбеуі не белі кетеді" демекші бірден келісіп, осында жұмысқа тұрдым.  Содан өнер жолындағы алғашқы қадамдарым басталып кетті, - деп еске алады.
Қазірде театр әртістері ата-бабаларымыз киген киімдер мен салт-дәсүрлерді жаңғыртып, бүгінгі ұрпаққа насихаттау бағытында жұмыстар атқарып келеді.  Олар сәбидің дүниеге шыр етіп кеуінен бастап,  әрбір кезеңдерін халыққа дәріптеумен айналысады. Атап айтсақ, бесік той, тұсау кесу, сүндет той, тілашар, ұзату, үйлену сынды тағы басқалар... Осы театр ордасының  жетекшісі Мүслім Жұмағалиев "барлық әртістерді бір үйдің баласындай тәрбиелейді" дейді батырымыз. Бір қызығы мұнда бойы ұзын, әр түрлі жастағы алпауыттар жұмыс істейді. Яғни мұнда келген көрермен кез-келген жастағы  сіз-біздігі жарасқан батырлардың қойылымдарын көріп қайта алады.
Сонымен қатар, ірі денелі әрі  сұңғақ бойлы  Ербол  студент кезінде  түнгі клубтарда оққағар болып жұмыс істеп, қосымша табыс та тапқан. Ал қазір театрдан қол босаған уақытта тойларды басқарып,  асабалық қызметті де абыроймен атқарып жүр. 
"Арманның алысқа аттандырады" демекші, Ербол бала кезінен арманшыл, қиялшыл болған. Оның асқақ арманының бірі – қазақтың  бай тарихы  жайында небір шытырман фильмдер түсіру қолға алынып, кино мұрағатымызды шоқтығы биік туындыларымен толықтыру. Бұған қоса, өзі қызмет ететін «Арлан Жете» театрын төрткүл әлемге танымал ету.
Ербол осы уақытқа дейін «Бизнес по-казахски», «Той любой ценой», «Приключения дочки Чингиз хана» фильмдерімен  «Қара шаңырақ» сериалдарына түсіп,  түрлі ролдерді сомдаған. Бұған қоса, осы уақытқа дейін  театр ұжымымен Еуропа мен Азия мемлекеттерінің 25-ке жуық қалаларына гастрольдік сапармен барып, өнер көрсеткен.Ербол былтыр қолына ақ құсын қондырып, шаңырақ көтеріпті.  Келіншегінің бойы – 1 метр 70 см.  Өнер иесі  махаббат жасқа да, бойға да қарамайды деп ойлайды.  Ұзын бойлы жігіттер кішкентай қыздарға ғашық болады деп есептейтін ол болашақ жұбайымен өнер академиясында оқып жүргенде танысқандықтан, күнде көріп жүріп, оның бойына аса мән бермепті.
Сұңғақ бойлы жігіт киімдерді арнайы тапсырыспен тіктерсе, кейде шетелге шыққанда сатып алады. "Ірі денелі ерлер киімін Қазақстандағы ешбір дүкен сатпайтыны үлкен мәселе" – дейді.
Алғашында  көпшілік орындардан, адам лық толы жерлерден өтіп бара жатқанда оған қадалған көздерден қатты қысылады екен. Алайда уақыт өте керісінше жұрттың жанынан ұялмай, бойының ұзын екенін мақтанышпен көрсетіп өтетін болған. "Ал қазір айналамдағы жандар маған қарап тұр ма, жоқ па тіпті назар да салмаймын" – дейді.   
Алып жігіт жаңа темір тұлпар сатып алғанша көліктердің төбесіне басын талай соққан. Діттеген жеріне жету үшін көліктердің ішінде бүктеліп тұруға мәжбүр болған. Әсіресе жылдамдық бәсендеткіш жерлерден өткен кезде  төбеге басын  талай ұрып алыпты. Қоғамдық көліктерде де көптеген мәселелерге кезігіп, түскенше тыныс тарылатын. Ал қазір өзінің ұзын бойына лайықты мерседес маркалы автокөлігімен жүреді. Ұшаққа отырғанда қосымша шығатын есіктің жанынан орын алғанды ұнатады екен. Өйткені бұл жерде  аяқтарын емін-еркін созуға мүмкіндік бар. Әрдайым қалаған орынға отыру мүмкін болмағандықтан, алды тар орындықтардан діттеген жеріне жеткенше "таяқ" жейді екен. Мұндай келеңсіздіктерден шаршаған Ербол әрдайым сапар алдында арнайы кассаларға барып, жайлы орынға тапсырыс беретін көрінеді. 
Бала Ербол сол кездері теледидарда жүрген Кенан Имирзалыоглулы (көпшілікке "Асау жүрек" телехикаясы арқылы танылған актер),  секілді көпке аты белгілі түрік әртістерінің фильмдерін жібермей қараған. Болашақта  солар секілді актер болуды армандайды. Яғни, талай қыздың арманына айналған түрік әртісі секілді бозбала шақтағы Ербол кәсіби актер және үлкен жетістікке жетуді іштей қалаған  Кейін оң мен солын таныған уақытта отандық өнердегі ағаларына (Тұңғышбай Жаманқұлов, Азамат Сатыбалды, Берік Айтжанов және т.б) қарап бой түзейді. 
Талантты актердің болашаққа қойған жоспарлары көп. Бастысы – мақсаты – анық, бағыт-бағдары  – айқын.
Жалпы Ербол  Төлепберген жұмыс істейтін  «Арлан Жете» театры елімізде  1995  жылы құрылған. Оның негізін қалап, әлі күнге дейін жетекшілік етіп келе жатқан Мүсілім Жұмағалиевтің негізі мамандығы – киім дизайнері. Алайда оның нағашылары ертеректе небір билер мен батырлар болған. Олар туралы бала кезінен аңыз-әңгімелер тыңдап өскен  театр жетекшісі есейе келе бұл саланы ары қарай дамытуды қолға алған. Сөйтіп, Ақселеу Сейдімбек, Едіге Тұрсындармен бірлесіп, қоян-қолтық жұмыс істеп, мәлімет жинап, осындай театр құруды ойластырыпты.
– Ертеректе өзің батыр ретінде  көрсеткен, ерлік жасаған адамдарға арлан, қыран,  бахадүр секілді ерекше атақтар берген. Кейін осы сөзге біз «Жете» деген сөзді қостық. «Жете» деген қылыштың, пышақтың ортасында орналасқан  өзегі іспеттес, – дейді Мүслім Жұмағалиев.Алғаш құрылғанда мұнда бар-жоғы үш-ақ батыр болған. Бірақ жыл өткен сайын оның саны көбейіп, құрамы біртіндеп кеңейе бастайды. Қазіргі кезде шамамен  40-қа жуық «сен тұр мен атайын»  дейтін батырлар бар. Олардың ең биігінің бойы 2 метр 14 см, ал ең кішісі – 1 метр 93 см. Ұжымда жігіттерден бөлек қыздар да баршылық. Олардың бойы 1 метр 70 см басталып, 1 метр  81 см-ге жетіп жығылады. Десек те, тетардың заңына сәйкес бойы одан жоғары нәзікжандылардың өтініші қаралмайды екен. Театр жетекшісі бойымен қоса, олардан арнайы емтихан алып,  жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанғандарды  ғана қабылдайтынын айтады. Талапкерлер қазақстан тарихынан білімін көрсету үшін арнайы сұрақтарға жауап берулері тиіс. Бастысы мұнда тек 15 пен 40 жас аралығындағы қыз-жігіттер  өнер көрсетеді.
- Біз олардың ең бастысы тәрбиесіне, сана-сезіміне, мінезіне баса назар аударамыз. Адамгершілігі жоғары, арақ ішпейтін, темекі шекпейтін, салауатты өмір салтын ұстанатын, ана тілін жетік білетін, елін, жерін сүйетін қазақтың патриот жігіттерінің бірі болуы тиіс. Сондай-ақ күнделікті болып жатқан өзгерістерден, жаңалықтардан хабардар болуы да маңызды, – дейді Мүслім.
Батырлардың арасында тек бірнешеуі ғана кәсіби актер мамандығын бітірген. Ал көпшілігінің оқыған кәсіптері мүлдем басқа саладан екен. Құрамға көз тастасаңыз, спортшылар, даяшылар, банк пен теміржол қызметкерлерін көресіз.
Жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай батырлардың киген костюмдерінің салмағы да әр түрлі. Мәселен, ең жеңілі 10 кг, ең ауыры 30 кг-ға жетеді. Сауыттың салмағы 37 кг болса, қылыштың салмағы 1,5 кг. Олар нағыз жібек пен былғарыдан, құнды маталардан, жібектен тігіледі.
Ертеректе киген осы батырларымыздың киім-кешектеріне сырттан қызығушылық танытып, оларды сатып алғысы келгендер де болған. Әсіресе бұларды қыруар қаржыға сатып алуға елдегі консульдықтардың біреуінен ұсыныс та түскен. Бірақ қазақ батырларының кескін келбетін танытатын мұндай костюмдер мүлдем сатылмайды.Қазір мұнда көздің жауын алатын 400-ге жуық ұлттық костюмдер бар. Олар көне Андрон мәдениетінен бастап, сақ жауынгерлері, үйсін, қимақ, қыпшақ, қарлұқ, батыс және шығыс ғұндар, Алтын Орда батырлары мен Түрік қағанаты, хандар мен билер сияқты еліміздің аумағында мекен  еткен адамдардың мәдениетінен хабардар етеді.
Құрылғанына биыл  24 жыл болған өнер ордасының қабырғасынан түлеп ұшқан танымал әртістер де жетіп артылады. Оларды киноға және тарихи телевизиялық жобаларға түсуге жиі шақырады. Атап айтсақ, қазіргі кезде миллиондаған қыздардың жүрегін жаулап үлгерген Тәуекел Мүсілім,  Бауыржан Сатов сынды жігіттер шығармашылық жолын осы жерден бастаған. Сонымен қоса, талантты актрисалар Әсел Сағатова мен Салтанат Бекжігітова есімді қыздарымыз кезінде осы театрда қызмет еткен.
Театр осы уақытқа дейін бірнеше рет халықаралық деңгейдегі гастрольдік сапарларда болған. Олардың айтуынша, шетелде оларға деген сұраныс өте жоғары екен.
Олар жыл сайын қазақтың әз-Наурыз мейрамынан бастап, республикалық деңгейде өткізілетін барлық іс-шараларға қатысады. Осыған дейін Қазақ хандығының 550 жылдығы, Универсиада, ЭКСПО сынды мерекелерде өнер көрсетіп, той-думанның сәнін кіргізген. Ал шетелден, Париж, Мәскеу, Рим, Алтай жерлерінде болып, қазақтың алып денелі батырларының бейнесін көрсетіп қайтты.
Қазіргі уақытта театр жер шарын шарлап, қазақтың батырларының бейнесін барша әлемге насихаттап жүр.
https://el.kz/kz/news
11 мамыр 2019 ж. 875 0