Сыр ақындары финалда
Өлең – жүректің үнін сөзге айналдырып, көңілдің тереңінде жатқан сырды көркемдікпен кестелейтін киелі өнер. Сөздің салмағын сезініп, жырдың табиғатын жүрекпен ұққан ақын үшін әрбір өлең – өз әлемін танытатын рухани із. Осындай тұнық жырдың, мөлдір ойдың мекеніне айналған республикалық «Мөлдір өлең» жобасында Сыр елінің үш бірдей жас қаламгері, қазалылық ақын, Жазушылар одағының мүшесі Ақжол Түменбай, Журналистер одағының мүшелері аралдық Айдар Сайлауов пен шиелілік Аружан Оралбай финалға жолдама алып, поэзия додасының биігінен көрінді.Үш ақын, үш түрлі поэзия бояуы, үш бөлек әлем. Бірінің жыры ойдың өрісін кеңейтсе, бірі – сезімнің нәзік пернесін басады. Ал тағы бірінің жырынан өмірдің өз лебін, уақыттың тынысын аңғаруға болады.
Өлеңге деген адалдық, сөзге деген құрмет және жүрекке жүк болған сырды жырға айналдыра білетін ақындық болмысы бөлек жастар Оралдың төрінде Бауыржан Шимерденұлы бастаған пәкизат өнер өкілдерінен басым түсті. Мөлдір поэзияның өлкесінде есімдерін өлеңмен жазған Сырдың ақындарына "Мөлдір өлеңнің" финалында да сәттілік серік болсын дейміз.
Еске сала кетейік, осы жобаның алғашқы айналымында үш ақынымыз Алматыда Солтүстік Қазақстан облысының ақындарын артта қалдырған еді.
О. ЖОЛДАСОВ









