41 жыл бұрынғы кейіпкер
Үлкендердің үні, бағыт-бағдары әркез қажет-ау! Ғаламтор қаншама ғажайып дегенмен, өмірдің ащы-тұщысын өз басынан өткерген қариялардың қалтқысыз, еш жалғаны жоқ әңгімелеріне жетер ме? Осы 2020 жылдың көктем айында осыдан 41 жыл бұрын сыр бөліскен, сұхбаттасқан, о жылдары 35-37 жастар шамасындағы ферма басқарған, қазіргі ардақты ардагерлердің бірі Жаппарберді Бержановпен кездесе қалып, көрген-білгенге аз-кем шолу жасағанбыз.
ТҰРЫМБЕТОВТІҢ «ТОҚПАҒЫ»
Жаппарберді мырза, есіңде ме, 1979 жылдың қаңтарында «Қарақұм» мал жайылымының бір қыстағында жолығысқанымыз? Сонда Сіз басқарған «Арал» кеңшарына қарайтын №3 тауарлы қой фермасының коллективі оныншы бесжылдықтың үшінші жылын, яғни 1978 жылы әр жүз аналықтан 142-ден төл өргізіп, аудан шаруа қожалықтарының алдына шығып еді-ау?
– Ой-й, ағасы-ай! Енді бәрі ойыма түсті. Мақтанды демеңіз, ферма бойынша сонша төл алу тым сирек-ті. Оны кезінде жаздыңыз да. Тіпті 1980 жылы баспадан шыққан «Арал арайы» кітабыңыздан да оқығаным бар. Ферма дегеніңіз бұрынғы бір колхоздың ізі еді. Оның алдында он жылдай фермаларда зоотехник-ветеринар болып, білікті мамандардың ақыл-кеңесін алып, жақсы тәжірибеден өттім. Әкем де қой фермасын басқарған және ірілендірілген колхоздың екінші басқармасы болған кісі еді. Демек, мал жайына бала кезден-ақ таныспыз ғой.
– Қай колхозда?
– Карл Маркс деп аталды. Орталығы – Сазды. Төрағасы – Рсалы Тұрымбетов, майдангер. Екінші топтағы соғыс мүгедегі болып оралған. Ал жұмыс істеуі – жойқын. Менің әкем де майдангер. Оқуды осы Саздыдағы мектепте бастадым. 1-2-3 сынып оқушыларын қой төлдету науқанында сақманшылыққа апаратын-ды.
–Қойыңызшы, тым жас емессіздер ме?
–Расы сол. Өзім 8 жастамын. Өзгелер де мен қатарлас. Үш отардың ортасына бір киіз үй тігіледі. Жатар орнымыз сол. Түске жақын бір бала төбе басына шығады. Отардың шаңы көрінсе, айқай салады. Содан өзімізге тиісті қозыларды көгендейміз. Қой мен қозысын табыстырып, саулықты саудырамыз. Сүттен құрт, ірімшік жасалып, май алынады. Сүтті сепаратқа тартады. Қарнымыз тоқ, әрі еңбеккүн жазылады. Шөп шабатын түйе косилканың да басы-қасында жүреміз.
– Қалай дедіңіз?
– О кезде механизм тапшы. Бұл 1949-1950 жылдар ғой. Сағат таңы 4.00-де тұрамыз. Косилка жегілген түйеге мінеміз. «Шу-у жануар, шу-у» дейміз. Содан сағат 11.00-де қайтамыз. Жуынып-шайынамыз. Тамақтанамыз. Демаламыз. Кешкі 17.00-де жұмысқа қайта кірісеміз. Ол түнгі 22.00-ге созылады. Сонда түк шаршамаймыз. Басқарманың тәртібі солай. Өзі жиі-жиі келіп, жағдайымызды сұрайды. Бізге бәрі қызық. Сегіз жаста табыс тауып, әрі еңбекте шынығып, ата-анасын қуантқан қандай шіркін! Жастық-ай!
– Ал төртінші сыныпқа өттіңіз дейік?
– Иә-ә, өттім. Енді 5-6-7 сыныптардың қатарына, яғни ересек оқушыларға қосыламыз. Сақманшылық пен косилкаға жегілген түйелерді жетелеу белесінен өттік. Орнымызды майда сыныптар басады. Біз күздегі арпа, бидай ору «жорығының» бел ортасына түсеміз.
– Неғыл дейді? Мал өсіретін колхоз диқаншылықпен де айналыса ма?
–Е-е, бұрынғы байлар сай-сайды бөгеп, су жинап, содан қол самармен су алып, дән сепкен ғой. Р.Тұрымбетов сол ізді пайдаланды. Арпа, бидай орамыз. Бітік болды. Әр еңбеккүнге 20-25 сомнан беріледі. Науқан кезінде 1,5-2 мыңға дейін еңбеккүн тапқандар болды десетін. Бидайды диірменге тартып, ұнынан «қазан жаппай» жасап, күбіден жаңадан алынған майға салғанды жеп көргендердің дәмі ауыздарынан әлі кетпеген болар? Әні, біз Р.Тұрымбетовтің «тоқпағынан» осылай еңбекте ысылып жеткенбіз!..
«ЖЕТЕСОВТІК ЖЕКПЕ-ЖЕК»
– Сіз еңбек жолын қашан, қай жерден бастадыңыз?
– Ата-анам ерте үйлендірді. 1959 жылы 17 жасымда-ақ. Нәбайда анам ескі дәстүрмен құда түсіп қойған екен. Сірә, келінді болып, немере қызығын көріп кеткісі келген-ау! Бірақ Жаратқан ие оған жеткізбей, әлемнің жарығын сыйлаған анамды «алып» кетті. Сол себепті ілгері оқуға кешіктім. Ауыл шаруашылығы техникумын 1966 жылы, 24 жасымда тәмамдап, «Құланды» жылқы зауытына жолдама алдым.
– Жылқы зауыты дейсіз бе? Ол әлі қой шаруашылығы емес пе еді?
– Әуелі солай болған. Кейін өзгерген. 1964 жылдың 25 сәуірінде мұнда директорлыққа Жақсылық Жетесов келді. Жоғары білімді ветеринар. Аудандық басқармада бас маман екен. 1954 жылы КПСС Орталық Комитетінің қыркүйек пленумының қаулысына сәйкес артта қалған шаруашылықты көтеру үшін «Отызмыңшылар» сапында «Приарал» кеңшарының шалғайдағы «Тәуіп» қой фермасын басқарады. Одан жақсы қабілетімен дараланып, Мәскеуге өндіріс басшыларын дайындайтын бір жылдық курсты тәмамдағасын, осында жіберген көрінеді. Мұнда қой малын өндіретіндей жайылым да, су да, шабындық та жоқ. Болса түйе мен жылқының өріс болар деп Жетесов дабыл қағады. Жоғарыдан комиссия ағылады.
– Тұра қал, Жетесовке дейін бұл шаруашылықты кім басқарған?
– Құттыбай Келімбетов деседі...
– Ә-ә, дұрыс. Архивімді ашайын. Тарих қой. оқырмандар есітіп-білсін.
– 1962 жылдың бас кезінде, – депті Құтекең өз жазбасында, –аудан, облыс басшылары «Арал» кеңшарын бөлу есебінен «Құланды» кеңшарын ұйымдастыру мәселесін республика алдына қойып, мәселе осы жылдың он бірінші шілдесінде шешіледі. Әйтсе де мұнда үлкен қателіктер кетті. Оның материалдық-техникалық базасын шешіп алмай, жан-жақтан мал жинадық. Қаулыда айтылғандай, «Арал» кеңшарынан бөліну есебінен емес, техникадан да, малды да әр кеңшардан алдық. Жылқыны, түйені, қойды Жаңақорған, Сырдария, Жалаңаш, Қазалы және Арал ауданының балық колхоздары мен зауыттарынан қабылдадық. Соның ішінде 7 мың бас Гиссар қой Жетісай полиметалл комбинатының «Төменарықтағы» қосалқы шаруашылықтан берілді. Бұл қой біздің жерге көндікпейтін тәжіктің Гиссар тауында өсетін дераяқ, құйрығы дермендей, қысқа қылшық жүнді мал екен. Күзгі күземді алғаннан кейін, қазан айында жауған жаңбырдан кәрі-құртаң, арық-тұрықтары бір күнде өліп бітті. Сондай-ақ өз ауданымыздан: – «Қарақұм», «Приарал», «Арал» кеңшарынан да жылқы, сауын және бойдақ сиырлар мен екі отар қой алдық. Тәуірін бере ме? Бәрі үгінді. Және байырғы «Арал» кеңшарынан бөлінген деп есептелінгендіктен, тұрғын үй, қора-қопсы салуға күрделі қаржы бөлінбеді... Міне, Қ.Келімбетов осындай дерек қалдырыпты.
– Сөйтіп Ж.Жетесовтің мәселе көтеруімен 1965 жылдың 27 шілдесіндегі Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы министрінің №540 қаулысымен бұрынғы «Құланды» қой шаруашылығы енді «Құланды» жылқы зауыты болып қайта құрылады. Солай ма?
– Иә, солай. Ып-рас. Бірақ ірі қара (сиыр) алынады да, 10 мыңдай қой қалады. Не істеу керек? Сонша қой зауыт орталығы Сексеуіл стансасынан 200-250 шақырым шалғайдағы «Көк қабақ» пен «Жаршағылға» көшіріледі. Бұл ара – әскери зона. Зонадан қуылған отарлардың ескі базарына орналасады. О жаққа малшы бара ма? Және әскерилердің әкіреңдеп қуып тастайтыны тағы бар ғой. Амал қайсы, Ж.Жетесов түрмедегі сотанақ, бұзық және жер аударылғандарды өз жауапкершілігіне алып, мал бағуға, құрылысқа пайдаланады.
– Солардың бір мықтысымен Жәкеңнің жекпе-жек айқасатыны да бар ғой?
– Иә-ә... А.Захаров есімді бір дәу құрылыста істеген. Өзі жалқау. Әрі ішіп жүреді. Оқтын-оқтын бухгалтерияға келіп, аванс сұрайды. Қанжар пышағы қолында. Табысы болмаса да, арақ пұлын беріп құтылатын көрінеді. Соны директор есітеді. Келсе, маған жібер дейді. Ол көп күттірмейді. Пышағын жалақтатып кіріп келеді. Жәкең қарулы, әрі өжет. Захаровтың пышақ ұстаған қолын қайырып тастайды. Алыс-жұлыс Захаров шалқалай құлайды. Жалынады, жалбарынады. «Түрмеге қайта жібере көрме» дейді. Сол Захаров кейін үйленіп, жұрт қатарлы еңбек етті. «Көк қабақ» мал жайылымындағы аға шопан Қарамырза Иманәлиевке көмекке алынған Виктор деген сотанақ өмірі қасқыр көрмепті. Қаншық қасқыр құйрығын бұлғақтатып тұрады да, буаз аналықты арқасына салып қашқан көрінеді. Әлгінің қасқыр екенін сонда біліп қуа жөнеледі. Айқай сап, таяғын сермеп қойды аман алып қалады. Юдин деген біреуі әжептәуір өнерлі екен. Пеш салады. Бірақ түтін тартпайды. Алдына бір жарты қою керек. Сонда түтін заулайды... Жәкең осы сотқарлардың қайсыбірін аға шопан етіп, социалистік міндеттеме қабылдатып ақар-шақар «достасып» кеткен-ді. Зауытқа аудандық ішкі істер бөлімін басқарған Қаржаубай Жәртенов жиі келетін-ді. Тюремщиктерді «жуасытып» еңбекке қосқан Ж.Жетесовке:
– Сіздің тәрбиеңіз бізден әлдеқайда мықты екен,– деп разы болғанын есіттік.
– Иә-ә, тыңдай беріңіз! 1968-1969 жылдардың қысында Түрікменмен шекаралас «Құланды» түбегінде шөп жұтаң болып, жылқы арығасын, 2300 басын 500 шақырымдағы «Атаншиге» айдадық. Бұл – Жезқазғанмен шекаралас аймақ. Директор басы-қасында жүреді. Бас зоотехник Темірхан Қабышов үш ай, бульдезерші Пахуадин Жұбаниязов 13 ай үйіне түнемепті. Оның есесіне, мал аман, әрі қоңды. Алты-жеті вездеход машинаға жем тиеп «Көк қабаққа» кеткен Ж.Жетесов қарлы-боранға ұшырап, он үш тәулік хабарсыз кетеді. Тек оның батылдығы мен тапқырлығы арқасында бәрі межелі жерге есен-сау жетеді.
– Мал азығын дайындауда да «құландылықтар» әлсін-әлі айқай-шуға ұшырады дейтін...
– Кәйтсін енді... Зауыттың өз көлемінен небәрі мың тоннаға жетер-жетпес шөп шабылады. Ал қажеттісі – 4,5-5 мың тонна. Таласып Шалқар ауданының шабындығына тиіседі. Жәкең ауыл ағасы Қараш Әміреевпен қырда шөп қарап жүріп, белуардан өскен еркек шөпке тап болады. 8 бөлмелі үй, су толы цистерна тұр. Сұрастырса, бұрынғы «Жанбура» шабындығы екен. Бірақ әскери зонаға өтіп кеткен. Жетесов нартәуекелге барып, сол кеште-ақ 17 техника мен 25 механизаторды әкеліп, шөпті жайпайды. Шабылғанын іле тайлап, баздарға тасиды. Осы кезде Жетесовті облыстық пленумға шақырады. Төрінде Ықсанов, Асқаров, Есетов отырған. Президиумнан әуелі Асқаров, сосын Есетов кетеді. Олар Жетесовті келсін дейді.
– Ауылыңда қырғын төбелес болып жатыр. «Жанбура» деген қай жер? –деп сұрайды облаткомның төрағасы Асқаров Жәкеңе шүйіліп.
– Ол негізі Арал ауданының жері, бірақ қазір әскери зона. Содан шөп шауып жатқанбыз,– дейді Жетесов.
– Дереу ауылыңа қайт, шөп орғанды доғар!
Төбелес болған. Сол аралықтың өзінде бұлар үш мың тоннадай шөпті мал базаларына тасып үлгіріпті. Әні, ылғи осылай. Соның бел ортасына мамандар, біз де жүрдік. Осындай қиын-қыстау кездің өзінде уақытпен санаспай күн-түн еңбек еткен азаматтарды айтсаңшы! «Қосамандағы» ферманы басқарған майдангер Байарыстанов Ойнар кісіге сенгіш, еш дүние жинамаған, ақкөңіл, тек жұмыс-жұмыс деп тыным таппайтын. Сәнім апамыз қонақжайлы. Қонаққа сойылған малдың қазаннан артылғанын көрші-қолаңға таратады екен. Ойекеңнің ақкөңіл сенгіштігін білетін Айсабаев Кеңес деген шофер ақтай жолдамаға да қол қойғызып, ту-у 250 шақырымдағы «Көк қабаққа» бір күнде үш рет барып қайтқан болады ғой. Оны бухгалтерия біліп, артық екі рейстің пұлын Ойекеңнің айлық табысынан ұстап қалады. Ойекең болса:
– Мені алдағандарың құдайдан тап! – деп жайбарақат отыра беретініне жүдә таңырқайтынбыз. Зауытта Қ.Кенжеғараев, Л.Алдабергенов, Қ.Ізмамбетов, К.Раханов, Қ.Иманалиев есімді озат жылқышы, түйеші және шопандар болды. Ал Жәкең, Жетесовтің өзі зауытты 27 жыл басқарып рентабельді етіп, зейнетке шықты. Жетесовтің іс-қимылын жинақтай келіп, «Жетесовтік жекпе-жек» немесе «Жетесовтік керемет» десек жарасар еді.
СЫРЫМОВТЫҢ СЕНІМІ
–1968 жылы «Арал» кеңшарының үшінші тауарлы қой фермасына зоотехник болып ауысыпсыз? Ал мұнда кеңшар директоры Талекен Сырымов қой, ә? Солай ма? Және 8 жылдан кейін ғана, яғни 1976-дан ферма басқарыпсыз?
–Иә, солай. Тәкең 1965-тен бері директор ғой. Талекен ағаның сеніміне кіру аса қиын еді. Өзі немере туыспыз. Арыз-шағым болады деп, мені қабылдамады. Ал менің семьям осы жақта. Ақыры аудан арқылы переводпен келдім. Партком әлденеше рет мені ферма бастыққа ұсыныпты. Директор тәжірибе жинақтай түссін деп келіспепті. 1976-да партком хатшысы Торғай Сәрсеев бюроға салады ғой. Өзгелері қолдағанда, жалғыз директор қалыс қалады. Сөйтіп өттім. Тәкеңнің жұмыс әдісі де бір түрлі еді. Отар-отарды, мал баздарын бір өзі аралайды. Бәрін көзбен көріп-білмейінше, ешкімге сенбейді. Сосын да ештеңені бүгіп, жасыра алмайсың. Апыр-ау, қай кезде барып, көріп үлгірген дейтінбіз. Және мал жайын, суы мен жайылымын мамандардан бұрын зерттеп біледі де, сосын барып ойластыққа отырады. Кеңшар 1965 жылдан бірыңғай қаракөл қойын өсірді, ал 1978-ден бастап Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен асыл тұқымды қаракөл қойын өсіретін шаруашылықтар қатарына жатқызды да, жыл сайын облыстың колхоз-совхоздарына 4-5 мың аралығында қой сату міндеттелді. Осының өзінен-ақ 1981-1984 жылдары, яғни 4 жылда 24084 бас қой сатылып, бір миллион сомдай пайда түсті. Сондай-ақ өзге кеңшарлар автобаздан машина жалдап сабылса, біз осы төрт жылда техника жалдаудан 2 млн 309 мың сом пайда тауыппыз.
– Әлгі Одақ пен республика жүлдегері атанғандарың қай кез еді?
– Осы тұс қой. Он бірінші бесжылдықтың (1980-1985) төрт жылында екі рет республика, бір рет Бүкілодақтық жарыс жүлдегері болып, ауыспалы Қызыл туына ие болдық. Тәкең КПСС-тің ХХVІ съезіне делегат, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Танымал малшылардан ағайынды Бөрібай мен Қоңырбай Қонысов, Қойлыбай Елдесбаев, Мырзабай Ержанов, Тәңірберген Тасқынбаев, Салжекен Еңсепбаев, Жарылқап Аманов, Нұртай Әбимолдаев, Кәрісбай Нұрғисаев, Қайырла Жапақовтың есімін атар едім. Тәкең бас мамандар Жеткерген Нұрымов пен Сейітмұрат Аймырзаевқа қана сенім білдірді-ау деймін. Өйткені олар өзіне деңгейлес еді. Үш мың бастық мал бордақылау алаңын ұйымдастырып, олардың етке өткізілетін кәрі аналықтардан қаракөлше өндіріп алудағы еңбектері айрықша-тұғын. Ал машина-трактор паркінің механигі Әбжәми Темірбаевты да қатты сыйлайтын-ды. Барлық шаруа техниканың ақаусыз жүріп-тұруына қарайды емес пе? Әні, Темірбаев сол талаптан табылды да.
– Қаракөлше алуды ауданда алғашқы болып осы «Арал» кеңшары бастады білем?
– Жылма-жыл етке үш-төрт мың шамасында кәрі қой өткізетінбіз. Директор солардан қаракөлше алып қалып және әрбірін кемінде елу килодан етке тапсыруды талап етті. Ол үшін айрықша күтім жасалатын болды.
– Сол кәрі қойларың көктемде төл берді емес пе?
– Иә, көктемде төл береді. Қыркүйек айында қайта шағылысқа саламыз. Желтоқсан айының соңына қарай қозылары жетіліп, қаракөлшеге айналады. Әрқайсысы 25 сомнан. Соны үш-төрт мыңға көбейтіңіз. Қанша пайда!
– Кеңшардағы проблеманың бірі – жазғы жайылымы еді-ау!
– Иә, басы-қасында жүрміз ғой. Шұрайлы өңірдің біртұтас аумағы Ақтөбе облысына ауысқаннан кейін, жазғы жайылым қиындады. Жер болғанмен, су жоқ. Ал қыстау маңын қыс айларына сақтау керек. Директордан төл алу науқанын «Боқай», «Сайқұдық», «Бассайқұдық» маңында төлдетуге тәртіп болды. Ал су қайда?! Жаңбыр жауса, суы әлгі сайларға жиналар еді, дейміз. Ол жаңбыр қайда? Оған сенім бар ма? көшіңдер, су болады депті. Білгеніміз – 40 мың бас аналықты со жаққа апармақ екен. Сонша малға су қайда дейміз тағы да. Водовозбен жеткізіледі депті. Түн жайып, ұзап кеткенде қайтеді? Оған да алаң болмаңдар деген жауап алдық. Шопандар да, біз де: «Неғылған телегей теңіз су» деп күмәнданамыз. Көштік. Екі не үш отар аралығында су толы үлкен цистерналар тұрды. Жанында науа. Шүмекті бұрасаң, заулайды. Ондай цистерналар түнек басына да қойылған. Водовоздар ерсілі-қарсылы жүйткиді. Сосынғы проблема – қой қырқымы. Жазда 50 мың, күзде 65 мың қой қырқылады. Көктемде «Сасайда» күзде «Мәлике жалында». Бір орталықтан. Әрі қырқу толық механикаландырылған.
* * *
– Мұның бәрі дұрыс қой. Әйтсе де, 1979 жылдың мамырында, яғни көктемнің соңғы айында «Арал» кеңшарынан 4,5 мың саулық шығын болды деген дерек бар. Бұл не? Табиғи апат па?!
– Сұхбат басында айтқандай, үшінші ферманың басқарушысы едім. Мал төлдеп, қой қырқылып жатқан мезгіл. Уәкілдер келеді. Біздің фермаға ауыл шаруашылығы басқармасынан Сағындықов Тиыштықбай келді. Екеуміз отарларды аралап, аға шопан Қонысов Қоңырбайдың үйіне жеткенбіз. Кешкілік күн суытып, қатты борасын болды. Қойлардың дені қырқылып болған. Уәкіл екеуміз екіге бөлініп, қайта жағаладық. Тоңған қой қоршауды бұзып, ыққа жөңкілуі мүмкін. Ол үшін тыным бермей, қозғау керек. Бәріне де осылай ескертіп «Сасайдағы» қырқымға кеткен Т.Тасқынбаевты іздедім. Ол қырқымнан шығып келеді екен. Жақын қыстақ «Күршек» еді. Қаумалап соған жеткізіп, әр үйдің қорасына бөліп қамап, аман қалды. Біздің фермадан 250-дей бас шығын болды. Көбісі 2-3-фермалардан деп есіттім. Әсіресе 2-фермадан-ау!
– 2-ші ферма қай маңда еді?
– Трасса бойындағы «Қара көл» жақта еді. Кең жазық. Бұйқыт соққан дауылда қойлар қоршауды бұзып кеткен. Шамасы он төрттей саулық отар деген. Тек аға шопандар Салжекен Еңсепбаев пен Жарылқап Амановтан ғана шығын жоқ дескен...
– Қалай, сонда?!
– Борасын іңірде соққан. Салжекен үйдегі бар көрпе-төсекті, алаша-кілемді жел жаққа тұтқан да, қойларды тынымсыз қозғай берген дейді. Жарылқап та сөйткен болар.
– Әбден жөн екен. Ал облысқа депутат, орденді, еңбек озаты, аға шопан Ойлыбай Десбаев қалай жазықты болып, сотталып жүр?
– Е-е, бұл енді қиын сауал. Ойлыбайды адам атты дегенге ешкім де сенген жоқ. Бірақ расы солай. Әріптесінің жүз қаралы қойын қосып алып, қырқымға барған жерде қолына кісен салынды. Малдың орны толықты. Ал суық қару жұмсау ше?! Оның орны толыға ма? Адам аман, бірақ қылмыстың аты қылмыс. Жазасын өтеп келді. Аталарымыз: «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» деп осындайда айтса керек.
* * *
Сонымен 41 жыл бұрынғы кейіпкерім 10 жыл ферма зоотехнигі, 21 жыл ферма басқарып, яғни кеңшар тараған 1997 жылға дейін мемлекеттік қызмет атқарып, 1976, 1977, 1980 жылдары «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісімен марапатталады. Ж.Бержановтың КСРО халық шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі бағаланып, 1980-1984 жылдары, яғни екі рет қола медалін омырауына тағады. Озаттар сапында Финляндияға аттанып, Хельсинкийден бастап он бір қаласын көру құрметіне ие болады. Кәсіподақтардың облыстық, аудандық партия конференцияларына және ауылдық кеңеске әлденеше рет делегат және депутат болып сайланады. Кеңшар тарағасын жеке серіктестігін құрып, 2005 жылы ғана заңды демалысына шығады.
Жаппарберді – он бір ұл-қыз өсірген үлкен шаңырақ иесі. Бәрі көршілес Ақтөбе қаласында еңбек етеді. Ол солардан тараған 29 немере мен 35 шөберенің тілекші атасы да. Біле-білгенге, ұрпақ өсіріп жақсы қартаю да бір ғанибет! Қазіргі жұбайы, бұрынғы комсомол ардагері Ханзада екеуі солардың біріне түстеніп, біріне қонып дегендей, шаттық өміріне қалайша қызықпайсың? Иә-ә, ұзағынан болғай!
Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
дербес зейнеткер
Суретте: Ж.БЕРЖАНОВ