Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тіліңді түзе, Тілші! Қарт қаламгер

Тіліңді түзе, Тілші! Қарт қаламгер

«Оқу өтіп кеткен» қазекемдер республикамыз автономия атағын алған тұстан бастап ана тіліміздің аясын біліп-білмей шектеуге кірісіпті. Мұрағаттан сол кезеңнен бергі газеттерімізді алып шолғанда тіліміздің шұбарлануы жылдан-жылға асқынғанын аңғардым. Мен де естіп өскен: бозбала, жігіт, жігітағасы; қыз, бойжеткен, келіншек сөздеріміз орыс тіліндегі: молодой человек, молодой мужщина; молодая девушка, молодая женщина дейтіннің ыңғайымен: жас жігіт, жас кісі; жас қыз, жас әйел болып жазыла бастапты. Сондай-ақ орыс тіліне тән көптік жалғауға жармасып, мысалы: глаза беспокоят, уши звенят, ноги болят… немесе: пасет овец, рыбы ловят… дегендей сөз тіркестеріне орай: көздерім мазалайды, құлақтарым шыңылдайды, аяқтарым ауырады, қойлар жайылып жүр, балықтар ұстауда деуге көшіппіз. Лар, лер; дар, дер; тар, тер жұрнақтарымыз қынаша қаптапты.
«Любовь», «друг», «свой» – орыс тілінде жиі және жеңіл-желпі қолданылатын сөздер. Мәселен: «любовь к животным», «собака – друг человека», «я – сын своего отца». Соны үлгі тұтып: «хайуанаттарға деген махаббат», «ит – адамның досы», «мен – өз әкемнің баласымын» деп жазатын болдық. Тіліміздің ыңғайымен: «хайуанаттарды жақсы көру», «ит – адамның серігі», «мен – әкемнің ұлымын» десек, тіліміздің қай ережесі бұзылар еді?
Атамыз қазақтың: «дос», «махаббат, сүйіспеншілік» сөздерін адамға ғана қатысты айтқанын неге ұмыта береміз?
Орысша: «Он пришел в себя» қазақша: «Ол өзіне-өзі келді» болды. Ана тілінен хабары бар қазақ: «ол есін жиды» десе керек. «С глубоким уважением» – «терең құрметпен». Қазақтың «терең» дегені не сөз, ол нендей мағына береді? Бұндайда «мол құрметпен», «зор құрметпен» деу жөн емес пе? Тіліміздегі «деген» сөзді де орыс тілінің қалыбына салып қойдық. Мысалы, «Ата-анаға деген қамқорлық» деу – орыстың «Забота о родителях» дегеніне еліктеу. Қазақысы: «Ата-анаға қамқорлық»… Иә, орекеңдер «о» десе болды, қазекемдер «деген» дей қояды.
Орыс халқының өзін де, тілін де кемсітуден аулақпын. Тіліміздің шұбарланғанына олар емес, өзіміз жазықтымыз. Мәселен, «Иванов является одним из наших почетных строителей» дегенін өзімізше: «Иванов – құрметті құрылысшыларымыздың бірі» демейміз, «Иванов – біздің құрметті құрылысшыларымыздың бірі болып табылады» дейміз. «Михайлов считается одним из лучших хлеборобов» дегенін: «Михайлов – ең озық егіншілердің бірі» демейміз, «Михайлов ең озық егіншілердің бірі болып саналады» дейміз.
Орыстілді газеттерде қазаға аза жазғанда «…в связи преждевременной кончиной…» дейді, ал соны қазекең «…мезгілсіз қайтыс болуымен байланысты…» деп ол марқұмды «мезгілсіз қайтыс болды» деп жазғырып тынады.
Ауруханаларда «реанимация» бөлмесі бар. «Жедел жәрдем» автомобилі шұғыл алып келген немесе жалпы палатада жатқанда сырқаты кенет ауырлай қалған адамды дереу апарып жатқызып, ем-дом, бақылауды күні-түні қадағалауға арналған оңаша орын. Латын тіліндегі бұл сөздің мағынасы – адамның әлсірей бастаған ағзасын тездетіп күшейту. Мұны әлдекім «Жансақтау бөлмесі» деп аударыпты. Дұрысы – «Жансаялау бөлмесі». Тамақтан тарыққанға айтылар жансақтауды денсаулығы кенет мазалағанға телу – сөз мәнін білмегеннің «білгіштігі». Осы мезетте айтарым: коронавируспен байланысты жиі айтылудағы «маска» арабтың «масыха» (әжуа, мазақ) сөзінен шыққан. Сірә, орыстар дәлме-дәл балама таба алмай, сол қалпында алса керек. Қазақтар көне сөзіміз «бетпердеге» сайдырып, сәтті аударған. Бірақ оны мынау дертке қатысты қолдану – қателік. «Бетперде» бетті түгел жауып тұратын нәрсе. Біздің тілде: қолқап, дізеқап, аяққап деген атаулар бар. Демек мұны мұрынқап деу де қисынды болар. Өйткені беттің жартысы ашық, мұрын мен ауыз ғана жабық.
Орыстың ағылшын тілінен алған «митинг» сөзі де қазекеңе алтыннан қымбат болып жүр. «Митинг», «салтанатты митинг», «қаралы митинг» деп міңгірлеуден танбаймыз. Дұрысы: «жиын, көпшілік жиыны», «салтанатты жиын», «қаралы жиын» емес пе? «Жиын» тұрғанда «митингтің» қажеті қанша? Егер осы «митинг» деген міңгір сөз болмаса, қазақ оны-мұны жиын өткізгенін айта алмай қор болар ма еді, құдайым-ау?! «Редакциямызда пәлен күні дөңгелек үстел әңгімесі болып өтті, оған пәленбайлар қатысты». Бір мәселе жайында пікір алысуға арнайы шақырылғандардың бас қосуын газет атаулы осылай жазып жүр. Кейде «Дөңгелек үстел» деп бас әріппен, тырнақшаға алып жазады, кейде бас әріпті де, тырнақшаны да керек етпей: дөңгелек үстел деп тарта береді. Бұл сөзтіркес қазағымша «Үстелбасы әңгіме» емес пе? Орыс тілінің өрісінде жүргеніміздің енді бір «қызығы» – кейбір редакция тілшісі көрнекті қай қазақпен болсын ресми сұхбат жасағанда мысалы: «Сәрсен Балабайұлы», «Жазира Далабекқызы» деуден жаңылмайды. Орысшаға еліктеп үйренгені. Қазағының дәстүрлі: «Сәке», «Жәке», «Бәке» дейтінін ұмытқан. Қазақ өзінен үлкен адамның атын былш еткізіп бетіне айтпайтынын неге білмейміз?
Орыс тілінің құшағына кіре түсуіміздің «сіп-свежий» мысалын айтсам, біз бұрында: «Кәсіпорын өткен айда 500 000 теңгенің өнімін шығарды, бұл – жартыжылдық жоспардың төрттен бір пайызы» десек, бүгінде: «…бұл жартыжылдық жоспардың төрттен бір пайызын құрайды» дейтін болдық. Орысша «составляеттің» түп етегінен ұстап, «…пайызын құрайды» деп бедірейіп отырғанымыз. Немесе орыстар әңгімелеп отырған жәйттің бір ерекшелігін, құпиясын айта кету қажетте ғана қолданатын «не секрет» сөзін біздің жас журналшылар бір істің игілігін, бір адамның не еңбектегі, не білімдегі, не спорттағы… жетістігін атап айтқанында: «…осындай жетістігі бары жасырын емес» деп мәлімдейтінді шығарды. Бұрысын ғана жасыратын қазекемді дұрысын да жасыратын етті. Тілімізді бұрын да иықтап алған және замана ағымымен соңғы жылдары келіп жатқан шетелдік сөздер бізді басынып алды. Тілімізге бір не екі сөзбен аударып пайдалануға әбден болатын ол сөздерді біздің «Терминком» атты мекемеміз көрмеген, естімеген сияқты. Соның салдарынан республикалық газеттеріміздің беттерінде: форум, потенциал, топонимика, офис, архетип, валюта, интеллектуал, иллюзия, проблема, контекст, харизма, тенденция, бренд, тренд, популизм, анонс, портал, компенсация, пафос, фактор, компания, маркетинг, мониторинг, департамент, корпорация, феномен, инвестиция, субсидия, кредит дегендер өріп жүр. «Шетел тілдері сөздігіне» сүйене отырып, шындап назар аудару керек болса, бәріне де балама сөзіміз табылады. Аударма сөз бен еліктеу-солықтауды айтамын-ау, тірлігіміздегі төл сөздерімізді, сөзтіркестерімізді тәжікелеу тиылмайтынын қайтерсің?! Ата-бабамыздың алтыннан ардақты «отбасы» сөзін «жанұяға» айналдырып жібердік. «Жанұя» да көне сөзіміз. «Кеудемде жаным барда», «кеудемде шыбын жаным шырылдап», «кеудемнен жаным шыққанша»… Демек, «жанұямыз» – кеудеміз. Кешегі қазақ «Борышқа белшесінен батты» десе, бүгінгі қазақ «Байлыққа белшесінен батты» деп жүр. «Ішер асын жерге қояды» деген тұрақты сөз «Ішкен асын жерге қояды» болды. Ішер асы әлі алдында, қайда қойса да еркі, ал ішкен асы ше?.. Көне сөзтіркесіміздің бірі – «Еңкейгенге еңкей, атаңнан қалған құл емес; шалқайғанға шалқай, алтыныңа алған пұл емес». Мұны «редакциялап»: «Еңкейгенге – еңкей, шалқайғанға – шалқай» дей салдық. Дей салған сөзіміздің «ең сүбелісі» – «жаңағы». Сөйлеу тілімізге 2005 жылы енген «жаңағы» содан бері «жоғалтқанымыз табылды» болып алды. Сөйлей «білетін» қаратаяқ қазекемдердің көбінің үшінші, төртінші сөзі: «жаңағы… жаңағы… жаңағы». Көксүттен жасалған құрттың сіңірдей малтасын бір ұртынан екінші ұртына жүгіртіп отырғандай.
Осылайша мезі етуші тағы бір «бәрекелді»: бара ма, келе ме, айта ма, қона ма, жаза ма, оқи ма… дегендей «ескі» сөзімізді барады ма, келеді ме…деп: ды, ді, ты, ті жұрнақтарды тіркеп, «жаңалаушылар» пайда болды. Олар тіліміздің құрылымынан, ереже-талаптарынан бейхабар. «Гимнді» қазақ тілінде не деу керекте де сөздің мағынасы ескерілмеді. Пікірлесуде бірнеше нұсқа айтылды да, ақырында «Әнұран» деген жарымжан сөз заңдастырылып кете барды. Қазақ тілінің табиғатына жат жасанды көп сөздің бірі. Кімдерге, қашан, неге айтылатын, неліктен әндетіп айтылуға тиіс ұран ол? Гректің бұл сөзі ел мәртебесі мақтанышпен айтылатын салтанатты ән деген мағынаға ие. Қазақы мәнісі – «Ел әні»! «Қазақстанның Ел әні» десек, қандай қонымды, жарасымды болатын еді!
…1995 жылдың жазында Парижде болдым. Ондағы әдеби қауымның өкілдерімен әңгімелесіп жүріп естіген жаңалығым – Францияда мемлекеттік тілдің, яғни француз тілінің мағынасын, тазалығын қадағалайтын жоғары дәрежелі комитеттің бар екендігі. Оның ресми өкілдері: бұқаралық ақпарат құралдары, баспа, білім ордалары ұжымдарымен тұрақты байланыста болып, француз тілінің дұрыс қолданылуына үнемі назар аударып отырады екен. Комитет тілдің құрылымына, қолданылу ережесіне нұқсан келтіргендерге шара қолдануға құқылы көрінеді. Мен іштей қызықтым да қуандым. Қуану себебім: Алматыға оралысымен мақала жазып, бұл жаңалықты жұртқа жаямын, үкімет басындағылар іліп алады да, француз әріптестерімен хабарласып, комитеттің қалай құрылғанын, штат кестесін, жылдық қаражат мөлшерін, тағы басқа сыр-сипаттарын түгел біледі. Сөйтіп өзімізде сол сияқты Мемлекеттік комитет құрады деп ойладым. Бір ай шамасында: «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Жас алаш» гәзеттерінде және «Ақиқат» журналында ана тіліміз туралы жариялаған мақалаларымда ол ойымды анықтап айттым. Бірақ не шара, тым болмаса бір адам қолдап үн қатпады. Енжарлық – ем қонбас дерт екен! Қазақ ауылында туып-өскен өзге ұлттардың қазақпен адал көрші, жолдас, дос, құдандалы болып, тілін үйреніп алғандары баршылық. Әйтсе де, көбі қазақ тілінде, тым құрыса, есен-саушылық сұраса алмайды. «Оның не?» деші: «Қажеттілік болған жоқ қой» дейді. Шындықты айтқаны. 2007 жыл «Қазақ тілі жылы» деп жарияланды (бізде сондай «мода» бар ғой). Мемлекеттік тілді тез меңгерген, үйренген пұшаймандарға алай да былай сыйақы төленетін болды. Өйтіп жалбақтардай не күн туды басымызға? Ол жыл қандай игілігімен есте қалды? Ешқандай! Тіліміз хақында ойланған сәттерде мына бір оқиға көз алдыма келеді:
1956 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы Журиннің, тағы басқалардың қысастығымен қазақ газеттерін орысшаның аудармасына айналдыру «мәселесін ақылдасуға» бағышталып Орталық комитетте өткізілген мәжілісте ақын Жұмағали Саинның не дегені Әди Шәріповтің күнделігінде былай жазылған: «Мінбеге ақиық ақын Жұмағали Саин көтерілді. Ол: – Жолдас Журин! – деп хатшыға тік қарап сәл уақыт үнсіз тұрды да, – Біз тіліміздің келешегі үшін қанымызды төктік, оққа омырау тостық! Егер тілімізді жойсақ, онда бізге өмір сүрудің керегі жоқ! Қазақ газет-журналының орыс тілінен аударылғаны – менің ана тілімнің қолқасына қанжар сұққандық! Мен Журиннің ұсынысына үзілді-кесілді қарсымын! – деп нығыздап айтты да, шағын денесін тәкаппар ұстап, мінбеден асықпай түсті». Әди Шәріповтің «Көргенім, көңілге түйгенім» атты бұл кітабын 1998 жылы мен құрастырғанмын. «Қазақ университеті» баспасынан шыққан-ды.
Кеңестік кезеңде «жүгеріші көсем» Н.Хрущев бастап, басқалары қостап, қазақ тіліне де қиянат жасады. Одақтас республикалардың ұлттық баспасөздерін орыс тіліне тәуелді ету Хрущевтың «ойшылдығы» болды. Содан соң: СССР, КПСС, ВЛКСМ, ВЦСПС, т. б. қысқарған орысша сөздерді басқа ұлт тілдеріне аударып айтуға да, жазуға да тыйым салған қаулы шықты. Біз «ләппәйлап»: «СССР – бейбітшіліктің қорғаны»; «КПСС Орталық комитеті пленумының шешімдері» деп жүріп бердік.
«Жауырды жаба тоқымдамай» айтқанда, біздің үкімет, парламент, халықтар ассамблеясы орыстілді. Кейбір университетке, институтқа, мектепке барғанымда жас жеткіншектеріміздің орыс тілінде сөйлесіп бара жатқанын көріп жүрмін. Көшеде де, үй ауласында да сол көрініс. Баяғы «қоршаған орта» мәселесі.
Әл Фараби бабамыз: «Сен жауыңнан сескенбе, қапыңды тапса, атып кетер; сен досынан күдіктенбе, қатты болса, сатып кетер. Сен немкеттіліктен сақтан, түбіңе сол жетер!» депті.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ
08 желтоқсан 2020 ж. 764 0