Теңізбен бірге тыныстау (Екінші күн)
Олар 14 келі балық жейді, ал біз…
Сапардың келесі күні «Арал СДО» балық өңдеу зауытында жалғасты. Өмірінің тең жартысын осы кәсіпке арнаған Әділбек Әйімбетовтың өзі қарсы алды бізді. Зауыт бұрынғы қираған балық комбинатының орнына салынған. Демек Аралда бұрынғы өндірістің ізі жоғалмаған деп түсіндік бұны.
Кәсіпорын былтыр «Тауарлы балық өсіру және тереңнен өңдеу кешенін кеңейту» жобасын қолға алған еді. Жылына 4500 тонна балық өңдеуге қауқарлы, 50-ден астам жұмысшысы бар серіктестік балық аулау, сақтау, өңдеу, сату жұмыстарымен айналысады. Ресейге тұздалған әрі кептірілген майда шабақ жібереді. Ал Польшаға тістіден филе дайындап, экспортқа шығарып отыр.
Тісті демекші, оны теңіздегілер «алтын балық» дейді. Қабыршағының өзі қатты, аты айтып тұрғандай бір жеріңнен тістесе айрылмайтын, қатыгездеу, жыртқыш балық. Жергілікті тұрғындар ас ретінде пайдаланбайтын осы балықтың бағасынан ат үркиді. Келісі 1000 теңгеге дейін барды бір жылдары. Сырт елдерге тасылды. Өйткені, шетелдіктер осыны сүйсіне жейтін көрінеді. Сұранысқа қарай, бағасы да қымбат. Теңіздегілерден тікелей саудаласаңыз, келісіне 500-600 теңге сұрайды. «Алтын балық» атануы да сондықтан.
– Осы тістінің басына бақ қонғалы біраз жыл болды, – дедім мен жай тұрмай. – Өзіміз неге жемейміз осыны? Еуропаға артқалы көп болды ғой.
– Оның рас, – деді Әділбек аға. – Қазақ майлы әрі семіз балықты жақсы көреді. Сорпасын ұрттап, сазанды асып, не қуырып жегенді кім жек көрсін? «Ал мынада не құнар бар?» деген ой бәрімізде де бар. Бірақ түрлі дәруменге бай балық осы – тісті.
Орысша судак деп жатады. Еуропада мұны мейрамханада құнарлы тағам ретінде ұсынады. Көрдіңіз бе?!
Жалпы ресейліктер бір жылда 14 келі балық тұтынады. Орташа есеппен айтып отырмыз. Ал өзіміз жылына 4 келі жейміз бе, жемейміз бе?
Балық – дәруменді, жеңіл тағам. Буын саулығы мен көздің жақсы көруі осы балық етіне байланысты. Жас та, жасамыс та жей беру керек.Әділбек ағаның айтуынша, тағы бір кемшілік, бізде тауарлы балық өсіру тым кенже дамуда. Өзі де осы жобасы жайлы айтып берді.
– Біздің зауыт бұрынғы «Аралрыбпромның» ізімен 2009 жылы құрылған. 2010 жылы алғашқы өнімі шығып, он жылда өнім көлемі 17 есеге артты. Теңіздегі 5 участок, қосымша көлдерден балық ауланып, дайындалған өнімді шетелдерге шығарып отырмыз. 2012 жылдан бері «Еурокод» белгісін алып, көрші мемлекеттерге жіберудеміз.Балықтың табиғи өсімі үлкен теңіз, мұхитта жақсы жүруі мүмкін. Ал шағын көлдерде балық қоры тез таусылады. Бас-көз жоқ, аулай берсе, таусылмай қайтпек?! Көл пайдаланушылар деген бар. Олар өзіне тиесілі көлді сақтауға жұмыс істеу керек. Арнайы уылдырық шайқау аппаратын орнатып, көліндегі балық түрлерін көбейтсе ғана, біздегі қор тұрақты болады, – дейді балық шаруашылығы саласының ардагері.
Әлемдік деңгеймен қарасақ, тауарлы балық өсіруде Қытай мемлекеті алда екен. Халқын да қосымша балық өнімімен асырап отыр. Ал көрші Өзбекстанда бұл жұмыстар өте қарқынды. Ондағы көл жүйелері тауарлы балық өсіруді әлдеқашан қолға алған.
Біздің аймақта «Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы» іске қосылды. Аймақта 207 көл болса, соның ішінде тұрақты сумен қамтылатын 55 көл комиссия шешімімен нақтыланған. Бұйырса, осы көлдер тауарлы балық өңдейтін шаруашылыққа айналады деген үмітіміз бар. Айтылған су айдындары осы шаруашылыққа көшсе, бір жағы кәсіп, екінші жағынан табиғат қоры да жақсы сақталары анық. Бұған жергілікті жерден тұрғындардың жұмыспен қамтылатынын қосыңыз. Мейлі, екі адам болса да.Біз көзбен көрген аралдық зауыт өз мүмкіндігін кеңейтуде қомақты қаржы алып, біршама жұмыстар атқарған.
Мысалы, Бөген ауылында серіктестікке қарасты мұздату цехы және жатақхана іске қосылған. Әділбек Әйімбетовтың айтуынша, енді Қарашалаң ауылына жақын «Домалақ» көлінен тауарлы балық аулау шаруашылығын құрып, Қамбаш жағасынан туристік орталық тұрғызылмақ. Сондай-ақ, «Арал» СДО ЖШС қалдықсыз өнім шығаруға бет бұрған. Тазаланған балықтың қабыршағы мен ішкі құрылысы далада қалмайды. Олар мұздатқышта әбден қатырылып, Шымкенттегі жем дайындайтын арнайы кәсіпорынға жіберіледі. Балық сүйегінен дайындалған жем мал шаруашылығына өте қажет екені белгілі.
Теңізді өлке десек, еске түсетіні – алдымен балық. Осы арқылы Арал ауданын елестетеміз. Қуаныштысы, шеткері жатқан аудан осы үдеден шығып келеді. Ауданда Ә.Әйімбетов басқаратын өндірістен бөлек, 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оның екеуінде «Еурокод» белгісі бар. Қазір 2000 жылдардың басындағы есеппен салыстыра қарасақ, балық аулау 20 есеге артқан.
Жар ортасындағы ауыл
Өтсе-дағы айбынды Арал дәуірі,
Соқса-дағы құмды, құрғақ дауылы.
Мейлі-мейлі, егін ексін, мал бақсын,
Біздің ауыл – балықшылар ауылы.
Есігінде ілінген ау, құралы,
Бесігінде толқын жайлы жыр-әні.
Теңіз көрген, кеме мінген әр үйде
Ең кемінде бір балықшы тұрады…
Ақын Ержеңіс Әбдінің «Балықшы ауыл» өлеңінен үзінді
Сырдың төменгі ағысында мекендеген елдің кәсібі – мал бағу, одан қалды «өзен жағалағанның өзегі талмас» деген тәмсілді мықтап ұстанған. Дарияның құяр сағасын жағалай жатқан елдің жігіттері теңізде түнеп, тіршілік етеді. Сонысымен отбасын асырайды. Балық десе, бір иық бұрылып кететін әдетімізбен, біз де осындағы ауылдарды бетке алып келеміз. Барар жеріміз – балық өсіру питомнигі орналасқан Қосжар ауылы.
Сәл шегініс жасасақ, Ленин хатына жауап ретінде Арал балықшылары теңіз несібесін жіберді дедік қой. Ат пен түйенің күшіне сенген аталарымыз арба мен шанаға артқан балықты Бөгеннен бастап Қамбаштағы стансаға жеткізгенін көзіқарақты оқырман біледі. 14 вагон балықты тиеген Қамбаштағы пакгауз әлі тұр. Ескі тарихтың куәсіндей болған бұл нысанды жергілікті халық ауызша «бегауыз» деп атайтын. Сапар барысында оны да суретке тарттық.
Өкінішке қарай, қазақ ғана емес, түрлі этнос өкілдерінің нәпақасын айырған қасиетті ғимараттың күйі қашқан. Бір уақытта іші-сырты әбден тоналған пакгауздың бүгінде құр сүлдері ғана тұр. Бұл да – біздің тарихымызды қадірлеуден, елдігіміздің еңсесін биіктететін идеялардан алыстау жатқанымыздың көрінісі.
Қош, Қосжарға да келдік. Арал ауданына қарайтын ауыл 55 жыл бұрын құрылған. Мұнда балықшылар ғана емес, оны өсірушілер де тұрады. Анығында 1966 жылы 5 наурызда Қамбаш көлінің жағасынан теңіздің тартылуына байланысты балық өсіру питомнигінің құрылысы түсті.
Мақсаты – теңізден азайып бара жатқан асылтұқымды сазан, дөңмаңдай, ақ амур секілді балық түрлерін сақтау, көбейту, өсіру. Питомник түскесін, жұмысшы қажет. Жақын маңайдағы ауылдан көшіп келушілердің көбейген кезі де осы тұс. Міне, бір питомниктің арқасында бір ауыл осылай пайда болған деседі. Ал Қосжар деген атауға келсек, көл жағалай арасы шақырымға жуық екі жар бар. Дәл ортада ауыл орналасқан. Қосжар атауы жер бедеріне байланысты берілгені осыдан-ақ белгілі.
– 1965 жылы осында көшіп келдік. Сол кезде балық өсіретін тоғандар салынып жатты. Мекеме әлі жұмыс бастамаған кез. Сонда 5-6 үй ғана болды ғой. Күлмаш, Бимаш, Сүлеймен дейтін ақсақалдардың шаңырағы отырды. Қамбаштың бер жағында көне колхоздың ізі бар. «Сталин жолы» деп аталды. Сол елден де адамдар көшіп келді. Бес-алты жылдан соң мектеп, медпункт салынды. Дәуқара Аймағанбетов басшылыққа келген жылы осы Қосжарда шиферлі тамдар көбейген. Қазір бұл ауылда 100-ге жуық шаңырақ бар. Біраз азамат сол балық мекемесінде, одан бөлек, мектеп пен балабақша, әкімшілік пен клуб үйінде қызмет істеп келеді. Аудандағы көп ауылға қарағанда жұмыссызы жоқ елдің бірі осы – Қосжар шығар, – деді бізбен кездескен балық шаруашылығының ардагері Шарап Байбосынов ақсақал.
Қария өмірінің көп бөлігі питомникпен байланысты. Осы саладан зейнетке шыққан оның әлі де балық өсірушілерге үйретері көп. Бір қызығы, онда «жоғары білім», «диплом» деген нәрсе болмапты. Сірә, сол қатырма қағазды бұрынғы басшылар да керек етпеген сияқты. Шарап ата питомникте жай жұмысшы болып бастап, балықты қолдан көбейтудің жолын тәжірибе жүзінде үйренген. Сонысымен питомникте бас балық өсіруші деген лауазымға дейін өскен. Дала академиктері осылай пайда болған ғой.
Бұл кәсіпті қазір ұлы Қылышбек атқарады. Питомникке маңдай тері әбден сіңген Шарап әкеден ұлы да көп нәрсені үйренген. Қылышбек балықты өсіріп қана қоймай, оны «босандыру», аталығы мен аналығының күйін қарау, уылдырықтан бастап бір немесе екі жаздық балыққа дейінгі өсуін қадағалау сияқты жұмыстарды әбден меңгеріпті.
– Қарапайым тілмен түсіндірейін, – деді питомникте тоған бригадирі болып қызмет істейтін Қылышбек Байбосынов. – Үлкен 30 келіден жоғары аналық сазанды қолға түсіреміз. Одан бөлек он шақты аталық болады. Жұмыс барысында аналық балықты ұйықтатамыз. Оның да процесі болады. Ұйықтаған балықтың салмағын өлшеп, соған сәйкес екпе салынады. Кәдімгідей толғату жұмысы жүреді. Ұйқыда жатқан балықтың уылдырығы кәдімгі сөк сияқты сусып түсуі қажет. Оны «балықтың жаялығы» дейтін болады, соған сығып салып, арнайы қалбырға аударамыз.
Ендігі жұмыс аталық балықпен болады. Ол жерден үш аталықтың шоғалын (ұрығын) алып, әлгі аналықтан алған уылдырыққа араластырамыз. Бұл жерде бір аналыққа үш еркек балықтың шоғалы қажет. Айтпақшы, уылдырық пен шоғалды араластырғанда, бұған тек құстың қауырсынын ғана пайдаланамыз. Өйтпесе болмайды, уылдырықты зақымдамау үшін құстың жұмсақ қанаты ғана жарайды. Одан соң жаңа сауған сиырдың таңғы сүтінің бір литрін он литр суға араластырып, уылдырыққа қосып тағы араластырамыз.Қылышбек ағаның айтуынша, уылдырықтан майда балық өніп шығам дегенше жұмыс өте күрделі жүреді. Әлгі айналып жатқан уылдырықтың екі-үш күннен соң дернәсілге (личинка) айналып, су ішінде сусылдап жүргенін байқайсың.Питомникте уылдырықтан бастап 30-40 грамдық шабаққа дейінгі бағу, санау, тоғанға жіберу, тоғандағы балықты жемдеу, одан көлге тасымалдау сияқты жұмыстар жыл бойы үздіксіз жүре береді.Енді мұндағы жұмысшылардың бір тілегі бар. Ол – питомникке күрделі жөндеудің керектігі. Егер ғимарат пен басқа да құралдар, техникалар жаңартылса, бұл кәсіпорынның жалғыз облыс қана емес, басқа өңірлердегі көлдердің балық қорын көбейтуге шамасы жетеді.
Айта кету керек, Қосжардағы питомник пен оның Қаратереңдегі «Тастақ» учаскесінде балық өсіруге арналған арнайы инкубациялық цехтың бірі гуманитарлық көмек арқылы Израильден келген құралдармен жабдықталған. Облыстағы балық қорын көбейту мақсатында республикалық бюджет қаржысымен жыл сайын Кіші Арал теңізіне және «Ақшатау» мен «Қамыстыбас» көлдер жүйесіне осы «Қамыстыбас балық питомнигі» РМКҚ арқылы бір жаздық 14 млн 800 мың және екі жаздық 420 мың шабақ жіберіледі екен.
Ол өлсе де еті адал болмақ
Балықшы қауымды сөйлетсең, ескі әңгімеге жүйрік. Қосжарда кездескен Қылышбек Байбосынов айтқан мына әңгімеге құлақ түріңіз. Сапар барысында Қылышекеңе сұрақ қойғанбыз. Диалогқа қараңыз енді.
– Осы ең төзімді, құрғақта бұзылмайтын қай балық?
– Кәріп қой. Дұрысы, сазан дейікші. Одан кейінгісі – жыланбалық. Пәтшағар су болмаса да, батпаққа басын тығып жата береді, – деді Қылыш аға күліп.
– Сазанды естігенмін. Ресейдің ақ патшасына қалай тірі апарғаны ғажап енді.
– Сол ғой. Бұл сазан жарықтықтың қабыршағы мен желбезегі құрғамаса болды, тірі жата береді емес пе?!
– Рас екен-ау, – дедім мен. – Патшаға біздің аралдық балықшылар кәдімгі мөңкені сулы киізге орап апарған дегенді оқып едім. Мөңкеңіз сазан тұқымдас қой.
Атарбамен айшылық жүретін жерге тірі балықты қалай жеткізді десем, сулы киіз сәл дегдісе, үстіне су құя берген көрінеді. Мәскеуге дейін киізді кептірмеген болып тұр ғой сонда.
– Иә, әлгінде айтқанымдай, сыртқы қабыршағы мен желбезегіне су тисе болды, тірі күйінде жатады.
– Онда патшаңның алдына құйрығымен жер сабалай, шоршып түсті десеңші, – дедім мен де мәз бола.
– Балықтың қасиетін енді ұғып келеміз ғой. Әйтпесе, адам денсаулығына керекті көп мөлшердегі дәрумендер осы балықта, – деп сөйлеген Қылышекең сәл ойлана, әңгімесін қайта жалғастырды.
– Саған бір әңгіме айтып берейін. Мүмкін, оны газетіңе жазарсың, жазбассың. Бірақ, жүрген жеріңде айта жүрсең болады. Менің де шалдардан естігенім ғой.
– Айтыңыз, маған да керегі сол, – дедім елеңдей…
«…Бір пенде Құдайға қатты ренжіпті» деп басталады бұл әпсананың басы. Неге ренжігенін кім білсін, әлде өмірінде кездескен қиындыққа төзбеді ме, әйтеуір қатты ашуланғаны сонша, «Құдайды атам» деп кіжініпті. Иә, қатты кектенгені сонша, атар оғын күні бұрын дайындап, садағын әбден сайлайды ғой әлгі антұрған.Қош, сонымен әлгі Жаратушыға кекті пендеңіз бәлкім ертеңгісін, бәлкім түсте, мейлі кеш дейікші, садағын көкке қарай кезеніпті ғой. «Әй, мен білсем, Құдайың осы тұста болар» деп оғын көздеп, садағын тартып жібергенге ұқсайды.
Енді қызығын қараңыз. Құдай да бұның жағдайын түсініпті. Түк те ашуланбапты. Керісінше, «байғұс, пендем-ай, сені қалай жарылқасам екен» деп кәдімгідей мейірімі түсіпті. Сөйтіпті-дағы да әлгі ренжіген пендесінің атқан оғын кері қайтарған ғой. Бос қайтармаған, садақ оғының басына бір балықты іліп жіберіпті дейді.
Аңыздың келесі бөлігінде жаңағы кекшіл мергеннің жағдайы белгісіз. Бізге белгілісі балықтың жайы ғана. Садақ оғының басында кеткен балық кейіннен ана дүниеге барып өкпесін жеткізеді ғой.
– Уа, Жаратушым, – деп жыламсырапты балық сонда.
– Әлгі бейшара сені тілдеп дымыңды қалдырмағанда, оны жазықты етудің орнына, мені оққа қиғаның қалай?!
– Оның рас, – депті. – Бірақ, ендігі жерде сенің де басыңа бір артықшылықты берейін. Мен әу баста адамзатқа ненің арам, ненің адал екенін белгіледім. Оның ішінде өзіне тиесілі аң-құс, жан-жануардың бауыздалмаса, еті арам болатынын айттым. Ендігі жерде сенің етің адал. Тіпті, судан шығып, өлген күйі де адамзат пайдасына жарай бересің.
Ендігі орның пейіште болады…Міне, қызық! Малды бауыздап, адалдайтын, арам өлгеніне жуымайтын қазақтың ауға оралып, су бетіне әлдеқашан шыққан балықты өлсе де жей беретіні осыдан шығар. Біз есіткен балық жайлы аңыз-әпсананың бірі осы еді, оқырманым. Осы әңгіменің әсерінен айықпаған күйі Қаратереңге қалай жеткенімізді байқамай да қалдық.
Тағы оқыңыз: Теңізбен бірге тыныстау (Бірінші күн)
Ержан ҚОЖАС
syrboyi.kz