Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Түркістанда – тайқазан, Аралда – мыс қазан

Түркістанда – тайқазан, Аралда – мыс қазан

"Құлағыңмен есіткеніңді былай қойып, көзбен көргеніңе не жетсін" демекші, Түркістандағы қасиетті тайқазанды көрген де, көрмеген де бар. Көргендер болса ол екібастан. Ал көрмегендерге әлім келгенше сипаттап берейін. Тайқазанның жалпы сыйымдылығы – 3 мың литр. Бұл әлемде жоқ, ең үлкен қазан. Көне көздердің айтуларына қарағанда, қазанға әр бейсенбі күні су толтырып, тәтті араластырып қояды екен. Келесі күні, яғни жұма намаздан кейін тәтті су жұртқа таратылып беріледі. Одан кейін бос қазанға әркім өзінің әкелгенін, яғни саудагер тиынын, қасапшы етін, шаруа бидайын салатын болған. Оны шырақшылар мұқтаж адамдарға таратып беруді дәстүрге айналдырған, дейді.Міне, осы аса құнды жәдігердің артынан ізденбесе, сұрау салмаса қолды болып кете жаздағанын біреулер білер, енді біреулер білмес. Ол былай: Түркістандағы "Әзірет Сұлтан" мешітінде тұрған қасиетті тайқазанның сонау Ленинградтан (Санкт-Петербург) шығуына келетін болсақ (деректерге сүйеніп айтып отырмын), 1935 жылы 11-18 қыркүйек аралығында Эрмитажда  "Иран өнері және археологиясы" атты ІІІ халықаралық конгресс өтіп, оған Австрия, Англия, Ауғанстан, Германия, Голландия, Палестина, Польша, Сирия, АҚШ, Түркия, Финляндия, Франция, Чехословакия және Швеция, барлығы 18 елден 188 делегат қатысқан екен.
Осы басқосу кезінде үлкен көрме ұйымдастырылады. Оған Эрмитажда тұрған керемет жәдігерлермен қатар Әзірбайжан, Армения, Грузия, Қазақстан, Түркіменстан және Украина музейлерінен жәдігерлер (экспонаттар) қойылады. Осы шарада Ленинград музейі Түркістанда тұрған тайқазанды алып кетеді. Құжат бойынша. Қазанды көрмеге уақытша қою үшін алғаны жайында құжат сақталса да, құнды дүниеге бауыр басқан ресейліктер қайтарғысы келмей ұстап қалған.
         Не дегенмен, еліміз тәуелсіздікке ұмтылған жылдары ынталы тұлғалардың атсалысуымен тайқазанды қайтару мәселесі көтеріледі. Бұл іске мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібеков пен сол тұста "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени музей директоры  Нұрмахан Назаров бастамашы болған.
         Сөйтіп, 1988 жылан жылында әуелі берекенің басы – Наурыз оралса, осы жылдың күзінде, яғни 18 қыркүйек күні 54 жылдан кейін қазынамыздың құты – тайқазан өзінің ежелгі тұғыры Түркістан шаһарындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тәуелсіздіктің қарлығашы болып қайта оралды.
Бәрінен де қасиетті тайқазан араға 54 жыл салып қара жұртына оралғандағы қуанышты айтсаңызшы. Ауызбен айтып жеткізгісіз. Қазанды көру үшін Қоқан, Әндіжан, Самарқан сияқты қиырдағы қалалардан ат арылтып келген ағайындар мен Түркістан қаласының тұрғындарын бұл іс шаттыққа бөледі. Халық қазанды Ленинградтан (Санкт-Петербург) алып келе жатқан 67-80 нөмірлі "КамАЗ" машинасын атшаптырым жерден тосып алды. Сол сәтте бұдан алты ғасыр бұрын, яғни 1389 жылы Абдуль-Азиз шебердің басшылығымен құйылған қазанның ернеуінен тағылымы шексіз тарихтың терең сырлары лықсып төгілгендей болды. Жеті түрлі металл қоспасынан құйылған. Биіктігі 170 сантиметрге жуық, ернеу диаметрі – 2,60 метр, салмағы – 2 тонна, қазанның сырты қиял жетпес айшықтармен өрнектелген, оған "Адамды сыйла, адамгершілікті әз тұт" деген ғибрат жазылған.
         ...Тайқазан қуатты кран, жүздеген қолдың қаумалауымен жерге түскенде, қызылды-жасылды киінген қыз-келіншектер оған тағзым етіп, ақ жаулықты әжелер тұс-тұстан шашу шашты, – дейді сол кездегі "Социалистік Қазақстан" (қазіргі "Егемен Қазақстан") газетінің меншікті тілшісі А.Жолдасбеков "Қайта оралған қасиетті дүние" атты мақала-репортажында, – және ұзын жолды небәрі төрт күнде жүріп өтіп, қазанды келер мерзімінен екі күн бұрын жеткізген жүргізушілер Ш.Еркінбаев пен М.Жолымбетов және милиция сержанты Б.Сандыбаевқа ел ықыласы ерекше деп тарихи көріністі шынайы суреттеген.
         Бүгінгі күні қайта тұғырға орнатылған Түркістандағы тайқазанға 32 жыл, ал бұл іске айрықша үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 90 жыл толып отыр.
         – Кеңес дәуірінде түрлі деңгейде билікте болған, Қазақстан комсомолына жетекшілік еткен, кейін мәдениет саласында басшылық қызмет атқарған Өзбекәлі Жәнібековтің өмірбаяны үлгі тұтарлық. Өзекең қазақ халқының рухани мәдениеті мен өнерін бүкіл әлемге таныта білді. Осы жолда аянбай тер төкті. Еліміздегі көптеген музейлерді өз қолымен жасатты. Өзбекәлі ағамыз музей ісінің жанашыры әрі білгірі еді,– дейді философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі Серік Сейдулманов "Егемен Қазақстан" газетінде "Ұлтжанды тұлға ұлағатты" атты (19 тамыз, 2021 ж.) мақаласында. Бұл – орынды пікір. Өйткені Өзекеңнің тұсында халықтың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі мен мәдени мұрасына ерекше мән беріп, әр деңгейдегі облыстық, аудандық музейлер ашылып, жұмыс істей бастады. Соның бірі – Арал аудандық тарихи-өлкетану музейі болатын.
Музей жылма-жыл қатарын құнды жәдігерлермен толықтырып келеді. Бұл – құптарлық іс. Мұны көпшілік білмеуі мүмкін. Ал көрермендер болса музей залдарын жүрдім-бардым аралап өте шығатынына не дерсің? Музейге көрермендер қызығушылықпен көрсем-білсем, зерттесем деп келеді емес пе?
Қызығушылық демекші, мақаланың тақырыбына байланысты музейдегі құнды жәдігерлердің қатарында тұрған мыс қазанды оқырмандарға таныстырып өтсем артық болмас. Сырт пішіні жұмыртқаға ұқсас етіп, мыстан құйылған қазанның астына қойылған шілтерлі аяғы (тұғыры) шірігендіктен тасталған. Өзі де даттана бастаған. Мұны 1991 жылы мамыр айында "Жіңішкеқұм" кеңшарының тракторшысы Түлкібай Әбдіжәлелов "мыс қазан" деп музейге әкеліп тапсырған да кеткен. Тарихын білмейді. Яғни ол "Ақсақал тәуіп" деген жерде тракторынан түсіп, демалып отырса, қолына имейген темір зат тиеді. Бұл не зат деп қазып көрсе, тұтқа шығады. Содан не керек, сол аймақты тереңірек айналдыра қазып, затты жер бетіне шығарады және де ұстайтын екі құлағына үш-үштен шығыршық өрнек және бүйірінде шежіре таңбаланғанын көріп таңғалады.
Көрген-білгендердің айтуына қарағанда, сол маңайда егін салып, мал өсірген Өмір (руы Шөмекей) деген бай өмір сүрген екен. Бұл қазан соныкі шығар деген дүдәмал пікір білдіреді. Бай Өмір Кеңес өкіметіне бағынбай, қуғыншыларға қарсы шығып атысқан. Ақыры болмаған соң, келініне киізге оратып, таудан домалап, жасырын түнде қашып кеткен көрінеді. Одан бергі тарихы белгісіз.
         Осыдан жиырма жыл бұрын, яғни 1998 жылдары 15-18 тамыз айы аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының бір топ ғылыми (әр саланың) қызметкерлері, құрамында әрі жолбасшы болып Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымының кандидаты (марқұм) Әніс Жақыпұлы біздің ауданымызда ғылыми экспедициялық іссапармен болған-ды. Сонда аудандық тарихи-өлкетану музейінде болып, қызығушылық танытқан еді. Мен сол кезде музейдің ғылыми қызметкері едім.
         – Музейлеріңде көненің көзі біршама жеткілікті екен. Әсіресе, мыс қазан мені қатты толғантты. Талай көш, талай жандар көз алдымнан шұбап өтіп жатқандай болды,– деген сөзі әлі құлағымда. "Болмас еді қайнамасқа, мыс қазандай сорлы ішім" дегізіп еді ғой, ұлы Абай Татьянаға" . "Мыс қазан" деген бұл әлемде жоқ қой, мұнысы несі, тек ақындық қиялмен теңеу үшін айтылған-ау, ә!– деп ойлап ем бір кезде. Сөйтсем, сол мыс қазан осы екен ғой. "Көп екен көргеніңнен көрмегенің" демекші, міне, еш уақытта түсіме де кірмеген мыс қазанды да көрдім, ағайын!– деді ағынан жарыла. Одан әрі Ә.Жақыпұлы:
         – Бұл қазан қайдан келді мұнда, қай атамыздан қалған мұра? – деп музей директоры Жақсыбай Төребековке сауалдар қоя бастады. Кейін ол "Ақмешіт апталығы" газетіне "Бұл – алты алаштың қазаны емес пе екен?" деген тақырыппен көлемді мақала да жазды. Оқырманды ғылыми деректермен көміп тастады. Ең аяғы "қола дәуірі – б.з.б. 4 мың жылдықтың ақыры мен 1 мың жылдықтың басы" дей тұрып, "мыс қорыту – б.з.б. 4 мың жылдықтың ақыры мен б.з.б. 3 мың жылдықтың басында мына елде немесе мына жерде басталды" деп сөз етпеуі неліктен?– деген сұрақ қояды. Меніңше, бұл екі аралықта "Орталық Қазақстанда, Ұлытау, Жезқазған аймағында" деген сөздердің бәрі болу керек еді, оны ұлы орыстың партократтық кеңес дәуіріндегі саясат қазақ халқына қимады. Мұны осы мыс қазанның Арал ауданының терістік шығысынан, Қарақұм жерінен, Жезқазған, Байқоңыр маңынан табылуының өзі де дәлелдеп тұрғандай ой салады. Яғни қазанның көшпенділерге лайықты, жүріп бара жатып-ақ ас пісіруге өте қолайлы, соғыс алаңына жақын жылжымалы асхана (походная кухня) сияқты етіп, өз ошағымен (от жағарымен) бірге жасалуы және бұл қазанның түрі, пішіні бүгінгі қазандарға ұқсамай, "қарындылау", тереңірек, түбі қазан түбімен шамалас келуі – одан бұрын қазан жасау (құю) үлгісі болмағандай. Демек, бұл – алғашқы қазандардың бірі деп түсіндіреді.
         Сондай-ақ мыс қазанның қос құлағындағы (тұтқасы) үш-үштен орналасқан 6 шығыршықты сөз ете келе: "Алты сан Алаштың" одақтық бірлік белгісі, бірі үлкен, бірі кіші болмай, алтауының да ешбір айырмасы жоқ. Бірыңғай сары жезден жасалуы – мұсылмандық, мейірмандық символы болса керек. Осы "Алты Алаш" бірлестігінің айғағы ретінде ас-су ортақтығын мыс қазан қос құлағына қосқан 6 шығыршық арқылы әйгілесе керек.
         Жалпы алғанда, бір қойдың еті толық сыятын мұндай қазандар сол заманда алты Алаштың ру басыларының бәрінде де болып, оны құрбандық қазан ретінде тағы басқа да той-томалақта пайдаланған сияқты. Бұрынғы құймақұлақ қарттарымыз айтқан "қазақтың қазаны ортақ" дейтіні – осы-ау, сірә!  дегеніне қосылмасқа амал жоқ.
Аманкелді ӨТКЕЛБАЕВ,
өлкетанушы-журналист,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
              
18 қыркүйек 2021 ж. 861 0