Әбдіжәміл ата, Қанден Симба және мен
2020 жылдың 23 қыркүйегінде Алматыға бардым. Сол сапарда Әбдіжәміл Нұрпейісов атаға сәлем беріп, әрі келісіп жатса, кейін кеңірек отырып, видео интервью жазып алуды жоспарладым. Горный гиганттағы үйіне келе жатып, қоңырау шалған едім, «Жду с жаждой» деді. Құлағы ауыр естуші еді, басқа біреумен шатастырып отыр ма деп ойлап қалдым.
Күзетшісі бар особнякта тұрады екен. Есікті орта жастағы келіншек ашты. Күтушісі болар дедім. Ата ұйықтап жатыр екен. Мен де шаршап тұр едім, кіреберістегі диванға жантая кеттім. Жедел жәрдем дәрігерлері шығып барады. «Біреу сырқаттанды ма екен?».
Жарты сағат шамасында Әбең төбеден баспалдақпен түсе бастады. 96 жас. Екінші қабаттан ешкімнің көмегінсіз, тек сатының жақтауына сүйеніп, жылжып келеді.
- Мына итті үйге кіргізбеу керек қой, - деді. Қанден жүрген шәуілдеп «сәлем беріп». Соны айтып отыр. Аты Симба екен. Немересі Ләйланың туған күніне біреулер сыйлапты.
Әбеңнің бұтында суда жүзетіндердің іш киімі секілді сыйдиған тар шорти. Үсті де желең. Төсектен тұрып, төмен түсе салғанға ұқсайды. Қолымды созып амандасып едім, жұдырығын түйіп, ұсына қойды. Вирустан сақтанған түрі. Күтуші келіншек Динара: «Шалбарыңыз қайда!?» деп кейіп, пижамасын әкеп берді. Шалбар мен кеудешесін кигізіп көмектестім. Шалдың қиқарлығын қимылынан байқап тұрмын. «Өзім кием» дегендей, иығын қиқаңдатады. Мен де тоқсан жасқа келіп көз жұмған Әмиша шалды баққан баламын ғой, қаламгер қарттың қарсыласқанына қарамай, кимімін кигізіп жібердім.
- Қалайсың? – деді бұрылып.
- Қыста Астанада арухунада жатқаныңызда барып едім ғой, Аралдағы Қаратереңнің баласымын дедім. Естімей біраз әуреге салды. Құлағына аппаратын киген соң сөзімді ұға бастады. Елдің жағдайын сұрады.
- Сырдария қалай екен?
- Тартылып барады.
- Ит кешіп өтетіндей ме?
- Жоқ, ондай емес, бірақ, біраз азайған.
Әбдіжәмил ата осы арада ас үй жаққа мойын бұрып:
- Динара, - деді күтуші келіншекке. - Мынау сенің қайның. Тамақ бер.
- Иә, - деді келіншек. – Шайды қайда дайындайын?
- Мына жаққа. Залды нұсқады Әбең. Байқаймын күтуші келіншек ас үйде шай бере салғанды құп көреді. Негізі ас үйі де залдан кем емес, әдемі. Үйін де кең, мәрмар, әппақ қылып, қымбат материалдан салыпты. – Кухняда іше берейік, - дедім мен меймандық момындыққа салынып әрі күтушіні әуреге салмайын деп. Қарт қаламгердің мені жас демей, жомарттық танытып тұрғанына риза болдым іштей.
Шәйға отырдық. Динара алдымызға котлет пен күріш қойды. Шәй құйып, кесені ақсақалға ұсынып еді, Әбең «мына кісіге бер» дегендей мені нұсқады. Тоқсан алты жасаған сана сергек, әдепті біліп отыр. Шәй үстінде Динараны сөзге тарттым.
- Осы үйге күтуші болып келгеніме жеті-сегіз жыл болды. Талдықорған жақтанмын, күйеуім де осы үйге қызмет етіп жүреді (шамасы жүргізуші).
- Бағана ата «қайның» дегенге Аралдың келіні ме деп қалсам...
- Жоқ. Ата сөйтіп қалжыңдайды үнемі.
- Әжеміз де (Әбдіжәмил атаның жұбайы) науқастанып жатыр, соны қараймын. (Бағанағы дәрігерлер ол кісіге келген екен ғой деп топшыладым).
- Бүгін телевидениеден келіп кетті, Абайға ескерткіш ашылған екен бір елде, Францияда ма... Соған байланысты бір журналистер сұхбат алды. Одан кейін тағы бір журналист кісі келу керек болған, кемпір ауырғасын келмейтін болды.
Осылай деді де Динара «Наполеон» тортын алдымызға қойды. Әбекең кеспені тәрелкеге өз қолымен салды да, маған берді.
- Ата «Наполеон» тортын жақсы көреді, - деді келіншек күліп.
Екі қайтара шәй ішіп, тұруға жақындадық. Әбең маған қарап «Бата жаса» деп ымдады. «Өзіңіз» деп ишарат етіп ем, басын шайқап, «сен» деді. Дұға қайырып, тұрдық.
Әбең әжетханаға кетті. Мен залға кірдім, онда қызы Шұға отыр екен. Амандастым. Қазақша сөйестік. (Орысша оқыған деп естіген едім). Атадан интервью алғым келетінін айттым. «Только политика туралы болмасын» деді. «Әрине», дедім.
Кіре беріске шығып, диванға келіп отырдым. Әбдіжәміл ата да келді. Бұйымтайымды айттым. «Видео сұхбаттар сериясын жасасам» дедім. (Негізі Әбең келіссе, асықпай келіп, толық видео интервью жасау мақсатым еді).
- Вообще, сонша елпілдеп, осыларға (журналистерге дегені) жауап бере бермеймін. Енді менен сен не сұрайсың? – деді өзіне тән қыңыр қырылдақ даусымен.
- Кейінгі жастар көрсін деп, арнайы сұхбат жазайын деп едім. Арал, балалық, жастық шақ, ауыл туралы...
- Сендер вообще өздеріңді өздерің оқисыңдар. Ал на самом деле сен айтып отырған сұраққа мен баяғыда жауап бергем. 60-шы жылы... Ахтановты алып, Аралға бардық. Ахтановтың туған жері Ырғыз негізі. Аралдағы сол кезде управлаяющий Гостресте бытсроходный катер болатын. Сонымен Арал теңізінің ауылдарын жағаладық.
Осы кезде әңгімені немересі бұзды. Ләйла деген сүйкімді бүлдіршін атасына асылды.
- Әй-нә-ләй-ін сенен, - деп мейірленді немересіне. – Тентектеу бала, с характером...
Әбең маған қайта бұрылып:
- Әбіш университетті қай жылы бітірді? – деді.
- 60-шы жылдар болу керек шамасы.
- Онда 60-шы жыл. 42-ші жылы соғыс болғанда Волгада военная флотилия болған. Соғыстан кейін госгоспороходство, жоқ, госрыбтрестің бастығы Сатаев деген кісіден қызыл тақтаймен қапталған, военный катері сұрап алып, балық колхозына бардық. Бес рыбзаводқа, үлкені Аралда, біреуі Аваньда, Ұялыға дейін... Он алты балық колхозын араладық... Аралдан келіп мен жақсы естелік жаздым. «Туған жер» деген. «О, дариға, алтын бесік, туған жер, қадіріңді келсем білмей, кеше көр» деп Қасымның өлеңімен басталады. Әбіш КазГУ-ды бітіріп, «Лениншіл жаста» істеп жүрген. Сол звонить етіп:
- Әй, шал, деді. – Мені «шал» дейтін. Менен он бес жас кіші. – Әй, шал, сен бір ерекше стиль тауыпсың ғой.
- Ешқандай ерекше ештеңесі жоқ. Бұл вообще француз әдебиетінде... алғаш появился во Франций. Көркем сөз бар ғой сол жанрда. Енді менің ұғымымда девичье сплетение, қыз өріміндей өрілген мысль и чувства. - Онан бөлек, екі-үш жыл бұрын «Туған анаңдай, қайран, туған жер» деген президентті сынаған, Назарбаевты, үлкен мақала жарық көрді. Сендер, құдай біледі, оқыған жоқсыңдар, ананы да, мынаны да. Енді осыдан кейін сұрақ қойып, Арал жөнінде сұрақ қойғандарыңа менің ішім жылып отырған жоқ. Сол екеуін оқысаң, маған қойып отырған сұрағыңа жауап соның ішінде.
Осы кезде Әбекеңнің келіні кірді.
- Әй-нәл-ә-й-і-ін, менің балам, екі немерем» деп еміренді. Ер баланың басынап сипап: - Иманғали аты, Иман дейміз. Иманғалидың құрметіне қойғам. Үшінші класта оқиды, отличныймен грамота алған бала. Әкесі математиканы жақсы көретін, бұл да математикаға жақсы. «Р» әрпін үйреніп жүр, логопедке барады.
- Енді, шырағым, жаңағы екеуін оқы да, қобдишаңды арқала. Керек пе саған сұрақ, керегі жоқ па? Так что, мына қара қобдишаңды (рюкзагымды айтып отыр) арқалап кете бер, - деді.
Кет дегенге кете қойғым жоқ. Камерамды қосып, үй ішін, жазушыны түсіре бастадым. Сосын келінін шақырып: «Жоғарыдағы жұмыс кабинетімді көрсет мына балаға», - деді.
Әлгі әзірде Әбең түскен баспалдақпен екінші қабатқа көтерілдім. Кең бөлме. Әбекеңнің төсегі тұр. Жан-жағы кітап, газеттер. Үстел үстінде Әбіш Кекілбаевтың кітаптары жатыр. Телефон журналы. Өзінің «Сондай да бір түн болған» кітабы. Сыртына қаламмен былай жазыпты: «Бұл өзім ғана оқитын, әлі де қарайтын кітап. 23.1.2012».
Жапсарлас тұрған жұмыс бөлмесіне кірдім. Орыс офицері салған Әбілқайыр хан суретінің көшірмесі қақ төрде тұр. Қабырғада Тасмағамбетов, Назарбаев, Тоқаевпен түскен суреттері көзге түседі. Әсіресе, Иманғалидың фотолары көп.
Бірінші қабатқа түстім. Әбең:
- Ана светті жақ та, ана кабинетке кір, - деді.
Кірсем, мұнда да жұмыс кабинеті бар екен. Қабырға тұтас кітап. Әлемдік классика. Төрде ескі ағаш стол тұр. Бұл стол жазушының ежелгі досы екен. Көп кітапты сол столда отырып жазыпты. Осы сәтте ақсақал таяғына сүйеніп, кабинетке кірді.
- 50-ші, 60-шы жылдардан бергі, «Қан мен тер» кезінен бергі менің писменный столым, - деді.
Босаға тұсқа Кіші Аралдың 1963 жылғы картасы ілініпті. Картаның бетінде туған жеріне қатысты жер-су, мешіт-мола атауларын жазыпты. Менің назарымды аудартқан Беларанның үлкейтілген фотосы еді. Жоғарғы кабинетте де осы сурет бар. Беларан – Әбдіжәмил Нұрпейісовтың туған жері. Суретте туған топырағы Үшкөң, оның төбесіндегі жазушының өз өтініші бойынша көзі тірісінде салдырған бейіті тұр.
- Сол маңда 50 км жерде бір үй бар, басқасы ай дала. 25 жылдың ар жағында салынған бейіт, - деді жазушы жұмсақ креслода жантайып жатып.
Кабинетті суретке түсіріп жүрмін. Бір кезде ақсақал қабырғадағы сығылысқан кітаптың біреуін алып бер деді. «Әлем әдебиеті» серсиясымен орыс тілінде шыққан кітаптардың редакциялық алқасына мүше болған екен. Дүниежүзі классиктерінің құнды дүниелерінің қатарына Қазақстаннан Әуезов қана енген. Ал сол Әуезовке тиесілі томның алғысөзін Әбдіжәмил жазыпты. «Үйіңе барып оқы, әсіресе, соңғы екі бетін оқы екі рет» деді.
Осылайша екі сағаттың қалай зулап өте шыққанын байқамай қалдым. Қоштасып, аулаға беттедім. Әбекеңнің келіні Достық көшесін көрсетіп жібермекке сыртқа ілесіп шықты. Есіктің босағасында тұрып қалай жүру керек екенімді түсіндіріп тұрғаны сол еді бағанағы шәуілдек қанден Симба қаламгердің келінінің етегінен саңылау тауып, далаға ытқып қашсын. Келін де жүгірді «Симб-а-а-а-а» деп. Артына қарайтын қанден жоқ. Мен ыңғайсызданып барамын. Қанденді қусам жетер едім, алайда, арқамдағы сөмкем ауыр, қуғанның өзінде ұстаймын деп көжектей күшікті мыжып алармын деп әбігерге түстім. Абырой болғанда, желаяқ келін екі көше қуып жүріп, Симбаға жетті. Қанденнің желкесінен, жоқ, белінен құшақтап, әкеле жатыр.
Алматының көшесінде келе жатып, әлгі екі очеркті оқып алмағаныма өзімнен-өзім қуыстандым. Кітаптарын түгел оқыдық қой. Кейбірін екі қайтара қайталадық. Себебі ол кісінің шығармалары біздің Арал, біздің Қаратерең төңірегі туралы тұғын. Сонысымен бізге таныс тіл, бізге белгілі бейнелер, біз көріп жүрген жер-судың прототиптері – бәрі-бәрі «Қан мен терде», «Сең», «Соңғы парызда» да толып жатыр.
Ал газетке шыққан сол жазбаларын, имандай шыным, көрмеппін. Егер көргенімде, қарсы қару қылып, оқығанымды айтсам, жібіп, микрофонға мейірлене қарар ма еді, қайтер еді. Әй, бірақ, Сүйеу қарт секілді шырт етпе шал ғой, бүкіл жазбасын тауыссаң да, оңайлықпен оң жамбасыңа түсер жан емес. Табиғатынан дарыған мінезі шығар. У-ду, үлкен жиын, аста-төк тойлардан бойын алыс ұстаған адам ғой. Тіпті өзінің мерейтойларының ешқайсысын жасатпаған. Тіпті өлгенде де өзгеден алыс, жер түбіндегі теңіз табанына, Беларанға жерлеңдер деп маң далаға моласын салғызып қойған. Шарана Әбдіжәмилдің шілдеханасы болған жерге мүрдеханасын салдыруы да оның туған топырағын теңдессіз сүюінің белгісі деп білдім. Ал біз, Арал перзенттері, нәпақасы мен нәрін, несібесі мен нығметін берген Арал-Ананы солай қастерлей алдық па? Бұл – Ұлы Сұрақ!
Теңіздің дәмі тамшысынан білінеді. Алып Аралдың арда болмысы бойында бұлқынған Әбе ата ғой. Теңіздің тентек мінезін байқадым. Әкелеріміздің айтуынша, Аралда ашық күннің артынан үйдей толқынды аунатқан дауыл тұра қалады екен. Аласыпаран ауа райы күрт ашылып, шалқыма шуаққа айналуы да шалт. Қанша халықты сан ғасыр асыраса да, шалқып маңғаз жатқан, тартылса да, қың етпеген, қайран, Кәрі теңіз. Айдыны азайса да, Тұтынушы-Тұрғындары талауға салып жатса да, тырп етпей өліп барады. Сол телегейдің ұлы Әбдіжәмил ата Нұрпейісов те Аралдың шұғылалы шалқарындай айтулы шығармаларын артына тастап, ешкімге салмақ салмай, кетті...
P.S. Айтпақшы, жазушы көзі тірісінде салдыртқан Аралдың табанындағы, Беларандағы бейітке жерленбейтін болыпты. Кеңсайға қойылады екен. Көзі тірісінде келісімін алған шығар ұл-қыздары...
Ал мен қазақ әдебиетінің классигі өмірден көшті дегенде, сол бір күнді есіме түсірдім. Иманды болыңыз...
Нұрбек ӘМИША