Аралға жол тартқан аргонавтар
«…Мен түріктің падишасы Афрасиабтың өзінің қымбат нәрселерін, алтын, күмістерін Хорезм өлкесіндегі Кердеріден жоғары бір жерге көмгені туралы көне деректі парсы тілінен оқып білдім, бірақ ІІ Хұсрауға дейін оны ешкім білмеген…»
Әлкей Марғұлан. «Қазақ тілі».
116-бет. 2008 жыл. «Мектеп» баспасы
«Алтын жабағы» туралы таңғажайып аңыз бала шақтың қисыны қызық ертегісі еді. Кейінірек, бұл элладалық атақты Гомердің осыдан үш мың жыл шамасы ілгеріде жырлаған «Илиада», «Одиссей» дүниесінен екені мәлім болды. Енді осы күні бұл дүниелер біз үшін – арғы-бергісін зерде назарына салып қарайтын сыни көздің нысанына айналды…
Сонау көне сүрдектер ізімен Эллада аргонавтарының жолдары кейін де қайталанған сыңайлы. Олардың мұншалық жалғасты талаптары, енді, аңыз-ертегі баяндарынан гөрі, нақты тарихи деректер шындығымен өрнектелген өмірлік жайттар еді.
…Әл-Әскандер (Александр Македонский) қолбасшы қайтыс болғаннан кейін, Македония уәләяты құрамында жатқан Эллада жұртына алыстағы, ертегі іспет Үнді елінің аңсарда көрген түстей арман боп қалғаны рас. Сол аңсарға олар неше шөл, неше тауды асып, тура тартып барайын десе, екі ортада өткел бермес медиен (мадиан) өлкелер, ең жаманы, қылышын қайрап, найзасын білеген мінезі мәлімсіз, элладалықтар ұғымында, жабайы ұлыстар өлкелері жатты. Гректер ежелден су жолы тірлігіне бейім халық болған ғой. Олар сол бетке әйтеуір бір жеткізер су жолын қолай көріп, тың талап іздегені сол себепті болар. Әрі Еуразияның сайын даласында, тағы да солардың ұғымында, «ұшарын жел, қонарын сай біліп», бытырап жүрген, мінезі мәлімсіздеу сақ тайпалары жері қауіпсіздеу көрінді ме?.. Әйтеуір, жаңа аргонавтар ұлы кеңістік пен сайын даланы көктеп өтіп, аңсарға жеткізетін бір өзгешелеу жол нұсқасын тапқандай болды.
Әл-Әскандер қолбасшының бір сенімді навархы (қазіргі әскери түсінікте генерал, ал теңіз ілімінде – адмирал) Патроклдың біздің жыл санауға дейінгі 285 жылы су жолымен Эллададан шығып, Эгей, Дарданелл, Боспор, Қара теңіз, Меотия көлі (Азау теңізі) арқылы Шығысқа талпынатын талабы сонан. Ол талаптың алыс шетінде, сайын даланың арғы жағында Гиркан (Каспий) теңізі жатыр еді. Каспий шалқары көп ұлыстар жағалауын шайып, көп елдерді жалғап жатқан үлкен су болатын.
Сонау «Соқыр Омар» (Гомер) «Илиада», «Одиссей» жырларында айшықты өрнектеп жазған тарихнамада бұл бағыттағы су жолының иін-қиыр иін-кезеңдері біршама айтылған ғой. Дегенмен, бұл жырлар сол тұстағы Эллада жұрты үшін де ертегіге айналғалы қашшан! Ол ертегіде алыс Колх патшалығындағы «Алтын жабағыны» іздеген Эллада аргонавтары Эгей, Дарданелл, Боспор, Қара теңіз айдындарын көктей кесіп, аңсаулы Колхида жеріне (қазіргі Гүржі жағалаулары) кеме тұмсығын тіреп, діттеулі мақсаттарына жеткен ғой. Ал жоғарыдағы жаңа жол талабы мұнан басқарақ, күрделірек екені анық болатын. Екі арада салқам сахара, дерегі беймәлім қырық құрау ұлыстар мен тайпалар өлкесі жатты. Геродот-ғұлама «Тарихындағы» бұл елдердің мәлімінен гөрі, қатер астас жұмбағы көп еді.
Бір басы ашық жайт, сол аргонавтар өз елінен Гиркан (Каспий) теңізіне жеткізетін бір су жолының барын, дегенмен, білген. Бүгінде сорабы ғана қалған, кезінде Азов – Каспий арасын жалғап жатқан Маныш бұғазы еді ол жүлге… Ал Гиркан теңізінен әрі, шығысқа қарай ше? Құпиясы мен қауіп-қатері сан есе сол жұмбақ өлке жақта нендей жайттар бар еді?.. Шамасы, әл-Әскандер Зұлқарнайынның барлау қызметі (бәлкім, тарих атасы Геродоттан оған жеткен мәліметтер бойынша) Каспий мен Арал теңізінің арасында да байланыс (су қатынасы) барын да сонау жұрт білген сияқты…
Ол не байланыс еді?
Арал кезінде, қазіргі ауданынан бір жарым еседей кең, аса шалқулы су болған. Оның кеңдігі сондай, Сырдария теңізге Қазалыдан жоғарырақтан, ал Әмудария – Түйемойыннан төменіректен құйып жатқан. Торғай мен Ырғыз, Шу мен Сарысу өзендері де Аралға асыққан адуын сулар еді. Осы күнгі Ырғыз беттегі Тентексор, Тербенбес тауының асты, Жақсықылыш, Қамбаш-Мақпал көл айдындары сол уақтары шалқулы Аралдың кәдімгі шет-пұшпақ су айдынды шығанақтары болған. Міне, осы жағдайда, Арал-судың қазіргі Сарықамыс-Узбой арнасы арқылы Түрікменнің Балқантауы маңында Қызылсу басатынан Каспийге құйып жатуы қисынды жайт еді.
Эллада-Македония аргонавтары сондай ілім-білімді алға ұстап, сол құпиялы-қатерлі бағытты бетке ала жолға шықты. Желкенді-ескекті унирема кемелері (ж.д.д. 300 жыл шамасындағы Грекиядағы ең жетілдірілген кеме түрі) сол уақтағы ең сенімді, жақсы қаруланған су көлігі еді. 650 шақырымдай Маныш бұғазының ана басында қарт Каспий толқыны шулап жатқанына олар сенімді болатын. Ол кездегі әлемдік мұхитпен байланысты Каспийдің деңгейі бүгінгісінен әлдеқайда жоғары еді.
Сонымен, жорықтары кейінгі тарихтарға таңғажайып аңыз боп тараған аргонавтардың бұл іспетті Арал сапары қалай болды? Бұл туралы толымды нақты дерек жоқтың қасы. Эллада теңізшілері аталмыш бұғазбен бүгінде сорабы ғана қалған Құма өзенінің атырауында Каспий теңізіне жетіп құлаған сыңайлы. Олар алғашында, алдарынан ашылған үлкен суды ұлы мұхиттың бір пұшпақ-шығанағы екен деп те ойлаған. Шамасы, Бозашы түбегінің Түп-Қараған тұмсығына шейін жетіп, онан әрі қазіргі Комсомол-Қайдақ қолтығына шейін тереңдеген. Бұл тұйықтан кері қайтып, шығыс жағалауларды бойлай отырып, Қара-Боғаз-Голға шамалы ерулеп, түрікменнің Қызылсу шығанағына жеткен. Оған Аралдан асып төгілген Узбой құйып жатыр еді… Мұнан әрі мәлімет тұйықталады… Бұл шараның бас-аяғы шамамен 3 жылдай уақыт алған.
Бізге мәлім жайттар нобайы осы іспетті.
Узбойдың иір-ирек иіндерімен Аралға жету, қандай бір жүрек жұтқан теңіз жиһанкезі болмасын, оңай шаруа емес екені анық. Егер, жете алса…
Осы күнгі Көне Үргеніш қаласынан батысқа қарай шамамен 60 шақырымдай жерде Үстірттің оңтүстік-шығыс мүйісінен Тұран ойпатына қарай ұмсына кіріп тұрған бір ұзынша биік бар. Кезінде бұл Арал теңізіне 40 шақырымдай сұғынған жарқабақ шың болған. Және теңіздің Каспийге қарай созылған қысаңдау тұсына батыс бүйірден ұтырымен қойылған өзіндік бір қақпаның босағасы іспетті еді осы. Сол шыңның басында, сонау қалың массагет тайпасының әміршісі әлде Қаңлы мемлекетінің билеушісі әлде шығыс жақ ойда жатқан Хорезм бегі – иегі астынан өтіп жатқан кемелерді қалт жібермей қадағалап, бәлкім, солардан алым алып, тіпті, көңіліне жақпағанын тұтқындап әлде суға батырып жіберіп отыратын, жар басына орнатқан ұтырлы «бастионы» болған. («Жаңа дәуірге» дейінгі кезеңнің /ж.д.д./ соңында Кангюи /Қаңлы/ мемлекетінің астанасы Арал теңізінің биік жарлы жағалауында тұрды деген қытай жылнамашыларының дерегі бар. ҚСЭ. 6-том). Сондай стратегиялық ұрымталдықты кім де болса, сәтімен пайдалана білген деуге болады.
Сірә, сол уақыт тұсы – Арал ортайыңқырап, Қазалы массиві, Хорезм алабы судан босап, ол жерлерге ел біраз қоныстана, жер игере бастаған шама. Хорезм өлкесінің тарихта аты көріне бастағанына да 4 ғасырдай уақыт өткен кезең…
Патрокл эскадрасының ол өткелектерден қалай өткені белгісіз. Жалпы, әл-Әскандер навархы сол тұстан өте алды ма екен? Көксеген жері Үндістанға жете алды ма? Бір анығын айту керек: ол кезде бүгінгі қалпында бізге мәлім Ауғанстан, Пәкістан деген ұғымдар жоқ еді. Ауғанстан жері шамамен Иран мен Үндістан және Тиграхауда сақтары ұлыстарының түйіскен шекаралық аймақтары болатын. Пәкістан да солай еді… Көне түркітілді сақ ұлыстарының өмір өлкесі «Систан, Белуджистан» ұлысы аталып (Үнді-Иран тоғысы), екі араға сыналай кіріп, тіпті, Үнді мұхитына дейін созылып жатты. Ол ағайындардан сақ жауынгерлері атақты Рүстем, Дастандар шыққан…
Яғни, сонау эскадраның Әмудің жоғарғы ағысына жеткені – сол кез Үндістан жеріне жеткені есеп болатын…
Тарихи тұрғыда сонан көп уақыт өтпей, Грек-Бактрия үстемдігі құлаған соң, сол маңдарда Құшан империясы шаңырақ көтергені мәлім… Сол уақта, Памир тауларының тереңірек «қуысында», кейінірек мұсылман жұрты «Кафиристан» атап кеткен әл-Әскандер әскерінен қалып қойған сарқынды – Эллада жұртының адамдары өзіндік бір ел болып өмір сүріп жатқан. Бәлкім, наварх Патрокл мақсаты сол колонистерге жетіп, бай өлкеде қалған қандастарымен тығыз туыстық-экономикалық қарым-қатынасты жандандыру, жолға қою да болуы мүмкін. Дәл осы жайтты сол оқиғаны шежірелеген тарихшылар еш жерде айтпайды… Сол жұқана Эллада жұрты әлемдегі жеті Александрияның бірін сонау Әмудария бастауында көтеріп, іргелі қала тұрызған еді. Кейін ол Ай-Ханым қаласы деген атпен тарихқа енді. Бүгінде жоғарғы Әмудің жарлауыт жағасында оның қиранды жұрты ғана жатыр. Ал кешегі Кафиристан – осы күнгі Тәжікстанның Таулы Бадахшан өлкесі. Онда әлі күнге шейін көкшіл көзді тәжік елінің бір жұрты өмір сүреді.
Сонымен, сол сапардың, мен білерде, солайша, алды – мәлімсіздік, арты – бұлдыр соқпақ болды…
Тұран даласының қисапсыз қазынасы Үнді елінің жалтты байлығынан артық болмаса, кем емес еді сол кездері… Жоғарыдағы сілтеуші сөзді (эпиграф) келтіру себебіміз де сонан. Жалғыз ғана Афрасиаб қазынасы емес, Тұран – сонау Үнді байтағынан кем емес, бай ел болғанын онан бұрынғы тарих шежірешілері де куәлікпен хатқа түсірген. Бұл бақуаттылық сонау арийлер дәуірінен, яғни, көп ұлыстардан ілгерірек гүлденуге жеткен қуаттылық пен өркениеттің жемісі екені даусыз. Сол аймақ, Тұран өлкесі бекерге жер бетіндегі пейіш – «Арийлер пейіші» (Арьяна вэйджа) аталмаған, ұзақ жылдар бойы кейінгі жыр-аңыздарға бекерден-бекер арқау болмаған! Тұмар ханым, Тұранның тоты құсы («Принцесса Турандот») аңыздары сонан жеткен жалтты жарықшақтар… Асылы, жоғарыдағы эпиграф-үзіндіде Әлкей Марғұлан ғұлама кейбір сөздерді кейінгі (заманауи) ұғымдар ауанында алған секілді. «Түрік падишасы» деген сөз-тіркес айтуға толымды. Бірақ Афрасиаб (Алып Ер Тұңға) заманынан – тарих өрісінде «түрік» ұғымы пайда болған кезеңге шейін әлі мың жылдай уақыт бар еді. «Түрік», «Кердері» ұғымдары әлі жоқ еді ол уақытта. Ол кезеңдер туралы «прототүркі» (яғни, түркі алдындағы деген ұғым) деген түсінік бар.
…Мына дүниенің асыл-қымбатына малынған, ал аңыз-әпсанасы онан да бай дақпыртқа малшынған алыстағы Үнді еліне деген сонау батыстық «махаббат» Еуропаның өлмес көкей-іңкәріне айналғаны сонша, кейін, жаңа дәуірдің 1498 жылы Христофор Колумбтың Жер шарын айнала, сол Үндістанға жету мақсатында Батысқа жол тартқан жүрекжұтқан сапарының бір себебі сонда жатыр. Батыс жартышардағы Америка құрлығы мен жұртшылығының 500 жылдан астам соңғы, қатпарлы да қасіретті тағдыр-тарихы солай басталып еді. Бұл, енді, бөлек әңгіме.
Үндіге сумен жетер жолды Петр патша да іздеген. Еділмен жетіп, сол Каспий арқылы. Сірә, қаншама қаһарлы болса да, көшпенді бабаларымыз кеңістігін еркін желдей кезген сайын сахарадан ол да сескенген… Орыс жиһанкезі Афанасий Никитиннің «Үш теңіздің ар жағына саяхаты» да сондайлық әрекеттер қатарынан…
***
Маныш бұғазы. Осы күні Ресейдің Сал даласында сонау су жолының «Маныч-Гудило» деп аталатын, жасанды-табиғи сулармен тізбектеле ұшқасқан жүлгесі ғана жатыр. Бас-аяғы 2 мың жыл шамасында сол ұзын бұғаздың биік көтеріліп кетуі – адам таңырқарлық құбылыс. Шамасы, оңтүстік жағынан Кіші Азия иықтаған Қап тауларының Орыс жазығына деген қысымы сонша зор болған… Манышты биіктетіп жіберген сол қысым…
Мен осы аргонавтар өткен ғажап тарихты су жолын – бір кездері екі теңіз арасын бұғаз болып жалғаған Маныш арнасын қайта тірілтуді тағы бір еске салып, Ресей Федерациясының Президенті В.В.Путинге хат жолдадым. Азовтан бермен құлайтын су арнасы бүгін шегірен былғарыдай қусырылып бара жатқан Каспий теңізін үстеулеуге де бір сеп бола ма деген ой және де басқа пайымдарымды ортаға салдым… Байқағаным, ресейлік әріптестердің жадында сондай бір тарихи су жолының ендігі мәні жоқ сияқты. Жеңіл-желпі жауап келді, өкінішке орай…
Жұмбағы жабық сол «жынды»
…Ол кейде менің түсіме енетін. Теңізде көтерілген сеңгір тау іспетті биік мөлдір қабырға бері қарай баяу, бірақ әлемет сұрапыл екпінде, сұстана жылжып келе жатады. Суда тұрған кәдімгі алып тау бері қарай қозғалып келе жатқандай болады сонда. Оның жолындағы жанды-жансыз атаулы баланың ойыншығындай, әлде қиқым-жаңқалардай қан-көбелек ұшып, қауқарсыз-дәрменсіз күйде шашылып жатады… Осы күнгінің кейбір фантастикалық кино-түсірілімдерін қарап отырып, сондай жайттың кей нұсқасын көргендей боламын…
«…Жағада тұрған қайықтарды шыңлата көтеріп, төбе басына лақтырып тастаған… Ау-құралды тереңге тартып әкеткен… Қотанда жатқан бір қора қойды шайып, ұшанға алып кеткен…» Сонау бала шақта, жиі болмаса да, Аралдың біз үшін қызықтар мен құпияларға толы айдынынан жететін осындай бір ереуіл гәптерді құлағымыз шалып қалатын. Әңгіме заты – ашық теңізде шәуіде бір соғатын, кезіккеннің үрейін ұшыратын, киліккеннің тас-талқанын шығаратын Аралдың «Жынды толқыны» деген жайт еді. «Жалғыз толқын… Шырадай тымықта келеді… Арты дауыл болады… Талай жұртты жайпап кеткен…» сияқты дақпырты ел аузында неше түрлі құбылатын. Бүгінгі ұғымға салып айтқанда, кәдімгі цунами «нәсілінен» еді. Аралдың цунамиі! Менің түсінігімде солай!
Бірақ теңіз шарлаған азды-көпті жолдарымда өз көзім ондай «жындыны» көрген емеспін. Жалпы, Аралдың мінезі адуын, толқындары сұрапыл, алай-түлей дауылдардағы әр толқынын жынды деуге болар еді. Әйтсе де, әлгі «жалғыз жындыны» көргендер аса сирек болатын… Оның бір нақты оқиғасын балықшы, қайықшы Тәжедин Пітірәліұлы ағамыздың Төлеміс Тәжімағамбетов ағамен бірге бастан кешкен оқиғасынан есітіп, «Абыржы» романы сюжетіне дарыттым (3-кітап, 354-бет). Айтпақшы, теңіз бойында осыған тағы бір ереуіл гәп қоса еріп жүретін: ара-арасында, қара бұлт тасасымен келіп, теңізден үйіріп су тартқан айдаһар туралы әңгіме де шаң беріп қалар еді. Бұл енді, Арал үстінде бір кездері ауық-ауық орын алған су торнадосы болған сияқты…
Сұрақ нақты еді: бұлар мұнда қайдан?
Жауабы таптырмастай еді.
Бәрі аяқ астында жатыр деп кім ойлаған?!
Аралдың біраз құпия-қызығын зерттеуге кейінгі жылдары аса көп мән де берілмегені рас қой. Душарлыққа басы байланған теңізді зерттеп не опа табамыз деген есепті салғырт көзқарастар әр көңілде болғанын кім жоққа шығарады? Пенделерде тиімділік есебі басым ғой…
Тұранның өңмеңдей соғатын дала аңызағы мен кезектесе көтерілетін құбыла бет ұйытқуы (алағай мен бұлағай) болмаса, жалпы бұл байтақ табиғаты басқадай тосын құбылыстарға сараң, бір сөзбен айтқанда, «тосын сыйы» аз, тыншу өлке. Тұран-су үстіндегі әлгі үргедек жайттар қайдан сонда? Басы ашық бір жайт: әлемде бет ауданы 4-ші орын алатын, мінезі де, табиғаты да өзгешелеу, кей-кейде аса күрт адуын айдын болғанымен, Аралда мұхиттар цунамиін тудыратындай сейсмоқауіпті аймақтар жоқ. Сөткелік тасу-қайту құбылысы (прилив-отлив) да елеусіздеу. Арал – негізі орнықты Тұран плитасында тұнып жатқан тұйық су. Ендеше, әлгі сойқандар қайдан? Қолым жеткен талай кітаптар, ғылыми еңбектерді ақтарыстырдым. Сейштік құбылыстар, жел қуалауымен болатын қуынды толқын мен қайтымды толқын (нагонно-сгонный), дауыл кезінде жағалау қайырында болатын құтырынба шабыспа (прибой) туралы болмаса, Арал цунамиі туралы бір ауыз сөз еш жерде хатқа түспеген. Ал қай ғылымыңнан да мәні тереңірек жататын сонау халық сөзі бостекей айтылған ба?! Кейінгі көп ғылыми жаңалықтарға түрткі болған, бастапқыда негізсіздеу көрінетін халық сөзін жай бір кеп қой деп, жоққа шығарған ақыл ісі ме?..
Не жасыратыны бар, осы маңдарда бір кездері болған, бәлкім, кейін де жасырын түрде жүргізілген, жерастылық, суастылық ядролық жарылыстар себебі емес пе екен деген күдік те бір мезет ойда жүрді. Жоқ, ондай себепке де табан тіреу мүмкін болмады.
Бағзы замандардағы Арал тарихынан жеткен «жынды толқын» дерегі жоқ сияқты. Бір мән беретін жайт: біздің құлаққа жеткен сонау оқиғалар кешегі ғасырдың 50-60-жылдары тоғысында көбірек айтылған түрі бар. Және теңіздің жайпақ келген шығыс жағалауында олар көп байқалған сыңайлы. Міне осы жайттар, ақыры, бір қалың жабулы жұмбақтың кілтін қолға ұстатқандай болды.
Аралды үстеулеген қос дария – Сыр мен Әмудің көктемгі тасу сәттері өткен ғасырдың орта шенінде аса ауқымды-апатты түрде өтетін болған ғой. (Бұл екі дария бекерге көне түркіше «Сойқан» /Сейхун/ – «Жойқын» /Жейхун/ атанған ба!) Жалпы, бұл өзендерде, тіпті, жаздың шіліңгір шілдесінде «Қарақұйрықтың тасуы» деген, егіншіге таптырмайтын берекелі бір су тасуы болатын еді. Шілденің қақтау ыстығында таулардағы мұздың өнімді еруінен, пішен басы қарақұйрықтана бастағанда келетін мол су еді ол. Қазір өлген табиғат тынысымен бірге дарияның ол дәстүрі де өлді ғой… Сырдың Қараөзек-Жосалы беттегі ұлтандық жайылмасында, жоғарырақтағы Құмиян алабында сол, көктемгі тасқын, бір кездері, теңіз боп шалқып, мал-жанды көп қиындыққа ұшыратқаны айтылады. Сондай жылдары Арал да қанасына сыймай тасушы еді. Сол тасу теңіздің құбыла бетінен жел тұрса болды, құм-құмның арасына шапқан су, төңіректі көк шалқар етіп жіберуші еді. Сондай шалқу Аралда көктемгі абыржының сеңі көшуінде ашық теңіз жағалауына үйілетін күр, менің есебімде, 5-10 метр биіктікке дейін көтеріліп, заңғарланып тұратын… Бөген басаты жағасындағы Зейнешхан атты ағаның үйіне сол көктем күрінің екпінімен көктей кіріп кеткен қара қайық оқиғасы әлі күнге есімде….
Міне, сондай толымды Аралдың Үстірт шыңдарынан заңғарлана үзілген батыс жартас жағалауларында мынадай бір жағдайлар орын алып жатқан: тік шыңды-өрлі жағалауға шығыс бағыттың алағай желдері тасу теңіздің қатал толқындарын еш тосқауылсыз, аямай ұрушы еді. (Мұндай толқындар «жұмысының» ізін қазір айдалада қаңқиып қалған Шулыған /Шулаған! Сірә, «толқыны шулаған» жер/ жартасынан, Изенді аралының үңгулі-мүжулі қабырғаларынан көруге болады). Ал батыс жартастар астында жайпақ (пляжный) жиек-жағажай деген жоқ, шыңдар 5-10 метр терең теңізге тік құлап, етегі бірден көк ұшанға ұласып кетеді. Міне, осы жағдай, биіктігі 150-200 метрге жетіп тұратын теңіздің батыс шыңдарының іргесін соққылап, ол биіктерді босаған тістей ырғай берген. Ол заңғарлар сонан, бір сәтте, аяғы астындағы ұшан суға еңсеріле құлайтын болған. Құлағанда да, аумағымен аударыла құлаған. Ол құлау аумағы жүздеген метр, тіпті, километрлерге жетіп жатқан. (Аралдың шың-жартасты батыс жағалауының фантастикалық суреттерінде мұның айқын іздері сайрап жатыр)… Ал енді осы масса көтерген алапат су – нағыз цунами емей не? Ол 200-300 шақырым теңіз кеңістігінде өз қуатын жоғалтпай (Архимед-ғұлама ашқан заңдылық – цунами заңдылығы), шығыстың жайпақ жағалауына жеткенде, аруақтана көтеріліп, құтырынба-шабыспа (прибой) түрінде аса адуын мінезге ие болатын болған. Сондай жағдайда аруақтанған «Жынды толқын» ол жерлерге неше түрлі қиямпұрыстықтар әкелген. Сонан Аралдың алапат апатты толқыны туралы аңыз белең алған. Әйгілі Архимедтің «Эврикалық» заңдылығы бойынша, суға құлаған масса сонша көлемді ығыстыра қуады. «Шың басына қайықтарды лақтырып тастап, қорадағы қойды ұшанға тартып кететін» сұрапылың сол.
Бұл – Аралдың ғылымға белгілі 6 баллдық дауылды толқынынан да күшті, алапат су стихиясы болған.
Шаруашылыққа қолайсыздау, теңіздің батыс жиектерінде тұрғылықты халық жоқтың қасы. Сонан ба сондай сұрапыл құбылыстардың куәгері бұл маңдарда аз. Бірақ олар бар!.. «Қан мен тер» романының прологтық оқиғалары өткен шағын ғана Тұщыбас қолтығында, тіпті, кешегі теңіз суы қайтқан кездің өзінде, үстінен далалықтың автожолы өтіп жатқан бір аудан Қаратүп шыңының ығысып, орнынан қозғалып кеткенін көрген адаммен әңгімелестім. Ол адамның күнде жүріп жүрген автожолы, күндердің бір күні, күрт үзіліп, бір жаққа ығыса «көшіп» кеткен… Ал бұндай оқиғалардың талай үнсіз куәгерлері түрінде Аралдың 300 шақырымдай батыс, жартасты жағалаулары осы күні тілсіз «сөйлеп» тұр. Ол ертегіге бергісіз әлемде бой көтеріп тұрған алып «қамалдар», заңғар «сарайлар», «пирамидалар», «кремльдер», кей қиялға сыймайтын «скульптуралық мүсіндер» – осы жайттың үнсіз куәгерлері. Белгілі араб жиһанкезі ибн Рушдиді қайран еткен, тіпті, қорқытқан Хорезм суының қатерлі қара жартасты жағалаулары олар…
Маңғыстау қыратының Каспий жағалық тастақ шыңдарына қарағанда, Үстірттің Арал беттегі жарлауыт жағалары мергель (көксаз) тастары аралас, жартылай жұмсақ топырақты болып келеді. Демек, Каспий теңізінде зілзала әсерінің толқындары болмаса, Аралдағыдай аумағымен құлаған опырынды (жар көшкіні) толқыны болуы сирек құбылыс, тіпті, мүмкін емес. Әйтпесе, оны жайпақ беткейлі Еділ, Жайық атырауы, Дағыстан, Қалмақ жағалаулары сезініп, айтып отыруы керек еді… Каспий, негізі, ендігі қайту теңіз ғой…
Кешегі 50-60-жылдар, тарихтың тым «жас» кезеңі болғандықтан ба, бұл жайттар Арал туралы ғылым назарына онша көп ілінбеген сияқты. Сонан да Аралдың «Жынды толқыны» сондай бір мәлім кезеңде өзін бар сипатында көрсеткен, бірақ, шын мәнінде, аса сирек табиғат құбылысы түрінде ғылым назарынан елеусіз түрде қала берген.
Аралдың әйгілі «Жынды толқынының» жұмбағы маған осылай сыр ашқандай болды. Өкінішке орай, мен сондай жұмбақтың жауабын өзі өліп, елесі ғана қалған теңіздің елсіз жағалауларын кезіп жүріп аштым. Ал Арал өзімен бірге құпиясы ашылмаған қанша кереметті бақиға алып кетті екен?! Ол кереметтер енді адамзатқа қайтып оралар ма?!
Бала кездің жұмбақтары. Кешегі Аралдың қиял-ғажайыппен шендес таңғажайып құпиялары. Солар қанаттандырған қиялдың қиян шарлаулары мен үшін шығармашылықтың алтын арқауына айналғаны рас. Олар ойға үнемі орала соғып, жадтан кетпей жүреді. Анығында, біразының күні бүгінге дейін жауабы да табылған емес… Жүре-бара, ілім-білім тұғырына көтеріліп, кей жайттарды түп-төркіннен қарап, тани бастағанда, біраз жұмбақтың қабығы аршылып, анық шындығы алдыңда жайрап жатады. Ондайда ертегілер өзінің кереметін жоғалтады. Көңілдегі ғажайыптардың қызығы қалмағандай болады. Өмір заңы ғой…
Біздің көз жетпейтін алыстарда, бізге мәлімсіз түрде талай ғажайып та сұрапыл оқиғалар болып жатқаны анық. Бірақ олар енді Аралда емес…
Сайлаубай Жұбатырұлы
syrboyi.kz