Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Поэзия айдынын тербеген жеті толқын

Поэзия айдынын тербеген жеті толқын

Адамзатқа ең жақыны – сөз өнері, поэзия. Дүниені танып, тілі шыққан адам баласы лүп еткен көңіл толқынын жүректен жүрекке өлең түрінде ұйқастырып, ырғақпен жеткізіп отырған. Өлеңде ақылдан шыққан сөз бен жүректен шыққан саз үйлесіп келеді. Әлімсақтан бері қарай қаншама ақын-шайыр жан-дүниесін ақтарып өтті. Сонда да жүрек сырын ақи-тақи танып болдық деп айта аламыз ба?!
Поэзия біреулер үшін асу бермес асқар тау, біреулер үшін ай мен жұлдызы бар аспан әлемі, біреулерге кең жазира дала, біреулер үшін жарқыраған күн, біреулер үшін қараңғылық еңсерген қапалы түн. Әр оқырман өз жүрек қалауымен астасқан сөз әлемін тауып оқып, жан-дүниесін шырайландырады.
Кешегі ақ жал толқынды көгілдір Арал жағасында туып, көк теңіздің көркін көзден де, көңілден де жоймаған жағалау жұрты поэзияны әрине ұлы айдынға теңейді. Сол поэзия айдынында жарты ғасырдан астам ой мен сезім толқынын тулатып келе жатқан ақын Толыбай Абылаевтың туындыларын аралдықтар басына жастана оқып келеді. Жоғ-а, тек жерлестері ғана емес, барша қазақ жұрты да тамсана оқиды. Кім оқыса да оның өлең-жырларынан тебіренген, тулаған теңіз үнін естиді, теңіз перзентінің мәңгілік мұраты мен парасатты парызын жүрегіне тоқиды. Қалай дегенмен де, шынайы поэзия географиялық ауқымда қалып қоймасы анық. Содан да болар, бүгінде Толыбай ақынның туындылары қазақ әдебиетінен өзінің орнықты орнын еншілеп алған.
Теңіз жағасынан үлкен шаһарларға қоныс аударған ақындар жетерлік. Ал көк айдынның жағасында кіндік қаны тамып, ұйыққа зәкір тастағандай туған жерден ұзамай, ел-халқының жүрегіне жыр толқындарын жеткізген ақындар санаулы-ақ. Санаулы-ақ деймін-ау, меніңше, біреу-ақ сияқты. Теңіздің асып-тасып жатқан асау толқынды дүлейлеу кезінде жастық шағын өткізген, ал кемшін тартып, суы тартылып, тіршілігі тоқтайтындай қилы кезеңге тірелгенде де, көшін қамдап қоныс аударып кетпеген Толыбай Абылаев бүгінде жетпістің желқом желкенін керіп отыр. Атамекеніне адал ұл боламын деп ант бергеніндей, бүкіл саналы ғұмырында жазған өлең-жыры да – тек қана теңізге арналған, балықшы қауымның арғы-бергі, бүгінгі хал-жайына бағышталған. Ақынның жүрегі «теңізім, теңізім» деп толқи соғудан жаңылмаған. Ал теңіз бен ақында ұқсастық бар. Көк айдында тыншу болмайды, толқиды да жатады. Ақ көбік шашқан толқыны арқылы айдын шалқар теңіз өзін тазалап, мөлдіретіп тұрады. Толқын – тіршілік белгісі, теңіз сәні, теңіз әні. Жүрегі сол теңізбен, толқынымен егіз болғандықтан да, Толыбайды оқырман жұрт «Теңіз жыршысы» деп атап кеткелі қашан.
Ақын өз жүрегінің дауасын өмір бойы іздейді. Толыбай да жанына шалқар шабыт сыйлап, серпін берер бір құдіретті тапқан секілді. Екеуара бір әңгімеде сыр қып айтқан сөзінде Иван Айвазовскийдің «Тоғызыншы вал» картинасын тілге тиек еткен. Тебірене сөз қозғаған. Сол атақты картинадан аралдық ақын теңіздің нағыз стихиясын таныған. Мұнда жабайы теңіз табиғаты ғана суреттелмегенін, онда буырқана бұлқынған бояулар адам жанының еркіндігін, қалыпқа көнбес асаулығын, бостандыққа құштарлығын көрсеткен емес пе?! Иә, теңіз долы толқынын аспанға атқанда үрейлі де қорқынышты. Тура келген ажалдың өзіндей көрінеді. Алайда адам баласының өмірге деген құштарлығы бәрінен басым. Осындай асау теңіз әлемі Толыбай ақынға, оның асаулау жанына өте жақын еді, жүрегі сол теңіз толқындарымен бірге атша тулап кететіндей боп тұратын.
Ақынның бүкіл әдеби туындыларын теңізден әсте бөліп ала алмайсың. Содан да оның жалғыз желкендей желбіреп тұрған басты тақырыбы – осы теңіз. Негізгі туындыларының «Шағала», «Аралдан соққан жел», «Арал көшіп келеді», «Жанарымда Кіші Арал, жүрегімде Ұлы Арал», «Арал Атлантидасы» деген қадау-қадау тақырыптары да бір-бір маяктай жарқырап назар аудартып тұр.
Ақын Т.Абылаевтың бүкіл шығармашылығын тағы бір парақтап, бүгін сүзе оқып шыққан сәтімізде көңіл көкжиегіне «Поэзия айдынын тербеген жеті толқын» деген сөз оралымы орала берді. Осы мерейлі шағына дейін жеті кітап шығарған екен. Сол жеті кітап жүректі қанасына сыйдырмай жарып шығып, оқырман жүрегіне шамырқана жеткен жеті толқын іспетті көрінді. «Жеті толқын» – жеті кітап арқылы өзімізге таныс та бейтаныс қаншама жайларды басымыздан қайта өткердік, қаншама сезім толқындарымен жүрегімізді серпілттік.
Таланттар туған жеріне тартады дейді. Бұл тәмсіл рас болар, Толыбай ақынның кітаптарынан оның теңізбен мінездес ақын екенін ұғасың...
Алас ұр теңіз, алас ұр,
Аңсатты дауыл, боранын.
Ақтарып маған о да сыр,
Бір жасап сонда қаламын.
Бұрқылдап бетті қаратпай,
Қайнайды теңіз қазаны.
Міне, ақынның теңіздей телегей, теңіздей тентек, теңіздей кең мінез-болмысы.
Толыбай Абылаевтың поэзия айдынындағы бірінші толқыны – «Шағала» кітабы. Арал теңізінің су маржанын сүзген балықшылар толқынның өзіне сан түрлі ат қойып алған: иірім толқын, ирек толқын, ақбас толқын, ақжал толқын, жарыспа толқын, қайту толқын, шабыспа толқын, домбай толқын, шаптырма толқын... Тағы да ондаған толқындар бар. Бейнелей айтсақ, «Шағала» кітабын бала толқын десек болады. Жас ақын әуелгі жинағын ең кішкентай оқырмандарға арнап, кітап атауына теңіз символына айналған әдемі құстың атын беріпті. Балдырғандар үшін жазу  қиын дейді. Ақын сол қиын жанрдан бастапты. Оның шағын-шағын өлеңдері айнала әлемге енді көз тоқтата бастаған балаларға танымдық сипатымен қызықты. Жинақтың І бөлімі «Ақ айдын» аталады. Осы бөлімдегі жалғыз шумақтан тұратын «Маяк» өлеңін алайық. Қала баласы үшін де, дала баласы үшін де жұмбақ атау. Ал теңіз тірлігінде маяктың атқаратын рөлі зор.
Суға салсаң батпайды,
Бірақ босқа жатпайды.
Соған қарап кемелер,
Бағыт-бағдар сақтайды.
Кішкентай оқырмандар көк теңіз үстіндегі үлкенді-кішілі кемелерге жол сілтеуші маяктың қызметін біліп, атын есте сақтап қалады. Ақынның бал бөбектердің балаң қиялын толқытуға арналған өлеңдерінің танымдық, тәрбиелік маңызын «Теңіздің дәмін бір тамшысын татып-ақ білесің» дегендей, осы өлеңнен-ақ түйсінуге болады.
Балалар әлеміне базарлық жасаудан бастаған ақынның екінші кітабы – «Арал көшіп келеді». Бұл – енді үміт толқыны. Аннотацияда айтылғандай «Кітаптың өн-бойына ақынның туған топырағына шынайы тәу етер балалық наздық пен сүйіспеншілік, махаббат дегенде үзілетін үр шумақтар рухани нәр бергендей».
Ақынның бұл өлең кітабы екі бөлімнен болса, «Аралдың арын арлап, жырын жырлап» атты І бөлімі теңіз емген елдің қасіреті мен қасиеті, қуанышы мен өкініші, үміті мен күдігін әрлеген өлеңдерді топтастырған. ІІ бөлімінде тарих пен пәлсапаны арқау еткен «Күліктер», «Жұмақ пен тозақ» атты екі шежіре дастаны берілген.
Ақынның азаматтық арлы ұстанымын асқақ пафосты үнін, перзенттік махаббатын тану үшін І бөлімге тоқталайық. Бөлімнің архитектоникасы әдемі түзілген. Әп деп «Арал көшіп барады» деген өлеңмен мұңдана басталса, «Арал көшіп келеді» өлеңімен қуаныш хабарын сүйіншілеп аяқталады. Екі арада сыршыл ақынның түрлі  тақырыптағы өлеңдері барша адами сезімдерге, қимас сәттерге, ақиқат пен аңызға, өткен мен бүгінге, сенім мен сергелдеңге толтырып тұр.
Ғасыр апаты – экологиялық апат басқа түсірген ауыр жайлар, халықтың бейбіт күнгі тіршілік қайнары – теңізден айырылуы қандай ауыр?! Арал тағдыры – адамзаттың тағдырына айналған. Осының бәрін «Арал көшіп барады» өлеңінде:
Табиғаты тасбауыр,
Қай құдайға обалы?
Қал түскесін басқа ауыр,
Арал көшіп барады..
Тұрам қайтіп өкінбей?
Жасқа толып жанары,
Жаутаңдаған жетімдей
Арал көшіп барады.
Аты Алаштың Аралы! –деп тебіреніп, өзегін өкініштің оты қарығандай өксікпен үн қатады, ет жүрегі езілгендей күй кешеді. Қорқытша күңіреніп, кешегі майталман балықшы жұрттың басындағы тағдыр-тауқыметін, жаутаңдатқан жан азабын, көңіл ауанын Аралдың ақын тумасы жеткізбегенде кім жеткізеді?!
Жинақтың І бөлімін жабатын «Арал көшіп келеді» өлеңі мың үміт, мың күдікті тоғыстырған – екіұдай сезімге сенім күшін ендіреді. Адам баласы қандай кезеңде де мойымай, жақсы күнге, жайлы өмірге ұмтылады. Ал қиналған халыққа рух беретін – сол баяғы ақындар. Толыбай ақын да барша жерлестеріне:
Тұсау жібі шешіліп,
Артта белес-белеңі.
Тұлпар болып көсіліп,
Арал көшіп келеді.
Бұйдасынан жетелеп,
Ақ желкенді кемені.
Аласұрып асығып,
Арал көшіп келеді, – деп жар салады, жүрегі жарыла сүйінші сұрайды. Ақын толғанысына, тебіренісіне «о, дариға-ай!» деп қосыла кеткің келеді. Өйткені теңіздің келуі – туған жердің жаңа тынысының ашылуы, экологиялық апатты жеңуі. Шынымен де Кіші Арал теңізі оралып, елдің еңсесі көтерілгені шындық. Өлі теңіздің қайта жандануы тіршіліктің отын қайта маздатты. Алапат дағдарыстың бетін қайтарғандай болды. Кетіп қалған жағалаудың оралуы балықшы қауымға қайта қайық-құралын сайлатты.
Ақынның поэзия айдынының үшінші толқыны – «Аралдан соққан жел» атты кітапқа айналыпты. Үшінші толқын – домбай толқын Толыбай Абылаевтың шабытты ақ кемесін еркін шарлатқан дүние. Теңізде туып, теңізде өскен адамдардың керемет бейнелері жасалып, әдебиет әлемін жаңа образдармен байытқан. Әсіресе «Біздің ауыл» дастаны – шығармашылық жаңа деңгейге көтерген. Бөлек-бөлек сюжетті балладалардан құралған туындалардың кейіпкерлері – теңіз жиегіндегі Көнебөген ауылының адамдары. Бәрі де  –  өмірде бар жандар. Олардың сан алуан мінездері, кейде ойлы, кейде оғаш іс-әрекеттері кино ленталарындай көз алдыңнан өтеді. Осылайша балықшы ауылдары адамдарының тұтас бір характерлер галереясы жасалған. Көңілді елең еткізер штрих-детальдар образды суреттер арқылы ХХ ғасырдың 60-жылдардағы заман шындығын, уақыт бедерлерін танисың. Жағалауда бұйыққан шағын ауылдағы ақкөкірек, аңғал, әу бөріктеу, еңбекқор жандарды кәдімгідей жақсы көріп қаласың. Қазақы қалыптағы мінездер миығыңа күлкі ұялатып, көңілде сағыныштар сарабына түсіреді. Алыстағы жылдар қатпарында қалған адамдарды жаныңда жүргендей қабылдайсың.
...Папиросы паравозша бұрқырап,
Келе жатыр Нысанбайдың Бозаны...
...Тақырбастан тықымай ап кездессе,
Қарқ-қарқ күліп қоя-тұғын Жарқынбай...
...Қастерлеген қарекеңдей құранды,
Біздің Тәкең ұлықтайды ұранды...
...Ышқырына қыстырып ап етегін,
Қазанжаппай жауып жатыр Ранай...
...Көзі тұздай, істік мұрын Жолдыбай...
...Бұл жалғаннан жалаңаяқ Елемес,
Өте шықты сол періште күйінде...
Арал теңізі жағасындағы балықшы ауыл Көнебөген адамдары жайлы оқи отырып, қазақ жерінің басқа бір қалтарысындағы өз ауылыңдағы кісілерді кездестіргендей боласың. Дастандағы «Ақ ешкіні жетектеген агент», «Сейілхан басқарма. Кассир Берсүгір», «Ауыл дүкеншісі», «Қарлы қыс», «Қызыл велосипед», «Жалғыз кемпір» өлең-тараулары– эпикалық нақтылығымен бір-бір хикаяттың жүгін арқалап тұрған өміршең туындылар. Дастандағы барлық қым-қуыт оқиғалар он жасар бала – болашақ ақынның көзімен, сезімімен, адал көңілі, аңғырт түсінігімен шынайы көркемделіп беріледі.
Қазақ поэзиясының айдынында Толыбай ақын салған төртінші толқын – «Арал Атлантидасы» жинағы. Бұл – ақынның ақжал толқынды соқталы туындысы. Кезінде әр парағын санамалай ашып оқып, үлкен рухани ләззат алғанбыз. Және де осы кітап, және онымен аттас дастан туралы қолға қалам алып, былайша ой-пікір өрбіткенбіз: «Жинақтың «Арал Атлантидасы» деп аталуының өзі оқырманды елең еткізердей. Автордың тақырып таңдаудағы эстетикалық талғамы көрінеді. Әмбеге аян, аңыздағы Атлантида құрлығы телегей мұхит топаны астында қалып жоғалса, Толыбай ақынның Аралы адамзат қасіретіне айналып, төрт құбыласын басқан құмның арасында көздің жасындай құрғап, сортаңданып, барша әлемді мұң-шерге батырып тұр...
Иә, бұл кітапты бастан-аяқ бір деммен оқып шыққандағы түйгеніміз –ақын таланты толысқан кемел шақта екен. Жазған тақырыбын оң жамбасына келтіріп, оқырманның алақанына салып береді. Әлімсақтан бергі өткен тарихқа зерделі зерттеуші көзімен жіті қарап, көңілімен түйіп, Арал теңізіне қатысты баяндарды өлеңмен аңыздап, мыңжылдықтар белесінен ақиқаты асқақтаған бүгінгі күнге жетіп, тәуелсіздік алған ел суретімен аяқтайды. Ақын құрғақ баяндауға түсіп кетпей, ұлы теңіздің қилы-қилы, аумалы-төкпелі заманалар көшіндегі бейнесін панорамалық сурет етіп береді. Айдынды Аралдың әлі де ғасырлар бойы тіршілік қазаны қайнап, Табиғат-Ананың бір құтты бөлшегі бола беретінін толғайды».
Жинақты он бір жылдан соң қайта оқығанда, әлгі ойларымыз тағы бір мәрте нақтыланғандай болды. Сүбелі туындылар уақыт өткен сайын жаңа қырларын аша түсетініне көзіміз жетті.
Ақынның бесінші кітабы – «Махаббат дәптері». Сезімнің нәзік те майда толқындарын моншақтай тізіп, гауһардай мөлдіретіп, махаббат іңкәрлік алауын жеткізген. Біз бүгін ақынның басты тақырыбы – Арал хақында ой өрбітіңкіреп баса айтқанымызбен, оның қай-қай жылдары жазған өлеңдерінің ең үздіктері – осы махаббат лирикасы. Жүректегі нәзік иірімдерді сан құбылтып, лүп еткен әр сәтін алғаусыз жеткізе біледі. Мәңгілік махаббаттан өзіндік мән табады. Ақындардың абызы Абай мен мұңлы марқасқасы Мағжанның ғашықтық жырларының соқпақтарын өзінше өрбітеді. Ой мен сезімнің арпалысты сәттерін алғаусыз білдіреді. Бір мысал! «Мен саған ғашықпын» циклді өлеңдерінің жалқы үзігін алтынның сынығындай жарқырата көрсетіп кетейік:
Сен деп білем бұл жалғанның бүтіні,
Жалғыз ауыз сөзің – Тәңірі үкімі.
Оттан ыстық,
Шыққан сұлу, о, жаным,
Мона Лиза сенен гөрі жұпыны.
Атың мәңгі ұя салды жүректе,
Басқа жанды босағаңа түнетпе.
Саған, саған, жетпей тұрар бір елі,
Қыпша белді қыз Назым да, Жібек те...
Міне, ақын көңіліндегі ару! Мұндай сұлулық алдында бәрінен де баз кешуге бар. Ғашығымен өткен бір сәтке бүкіл өмірін алмастыруға дайын. «Махаббат дәптерінің» әр бетінен ғашықтардың асыл сезімінің тамшылары мөлдіреп төгіледі, төгіледі де жүрегіңді алабұртады.
Поэзияның ақ айдынындағы алтыншы, жетінші толқын – «Қыран шайыр», «Нұртуған шайыр». Қатар соққан қос толқын. Егіздігін кітап аттары да айтып тұр. Бірі – қазақ әдебиетіндегі талантты да тағдырлы қаламгер, қайсар рухты Зейнолла Шүкіровке арналса, екіншісі Арал-Сыр өңірі жыраулық мектебінің дүр қазығы, ақын Нұртуған Кенжеғұлұлының ерекше ғұмырынан сыр шертеді. Олардың өмірі кітап аттас көлемді лирикалық дастандарға өзек болған.
«Қыран шайыр» дастаны – ақынның бірнеше жылғы іштей толғанысынан, композициялық-идеялық ізденісінен туған бас-аяғы жұмыр туынды. Жалпы З.Шүкіров туралы қазақ әдебиетінде жүздеген өлең-жырлар, бірнеше поэмалар жазылған. Яғни, жазылудай-ақ жазылған. Сөйтсе де Толыбай ақын өз тұрғысынан, өз көркемдік шешімімен келіп, Зейнолла өлеңдерінен әр бөліміне эпиграф ала отырып, құлашын кеңге салып толғайды. Тағдырлы қаламгердің өмірінің кеңестік заман мен қатал қоғамның қыспағына ұшыраған сәттерін, әсіресе өктем билік жабық тақырып деп таныған Жанқожа батырдың қаһармандық ерлігін көркем бейнелеген «Сыр бойы» романынан соң дәлдүріштерден көрген түртпегін, нәзік жанның қиналысын оқушы сезіне алады. Батыр да қайсар қазақ Зейнолла ақын коммунистік идеологияның өзіне бой ұсынбай, елдік, ерлік шежіресін ұрпаққа аманаттап кеткенін айта келіп:
Қалайша жан жүрегін жылытпасын,
Көненің сипап қойып құлыптасын.
Өткенге қиялымен көз жүгіртті,
Қатерге тәуекелшіл тігіп басын, – дейді.
Тоғыз бөлімнен тұратын лирикалық дастан былайша тұжырымдалады:
Бойында болған жыры алып, күшті,
Үркітті ашкөз ажал шабыт құсты.
Көгінен өлең-жырдың
Қыран шайыр
Құйрықты жұлдызға ұқсап ағып түсті.
Толыбай Абылаевтың «Қыран шайыр» поэмасы әдебиеттегі дарынды ұстаз-ағасы Зейнолла Шүкіровке қойылған тамаша ескерткіш деп бағалауға әбден лайық.
Қос толқынның сыңары – «Нұртуған шайыр» кітабындағы поэма –  ХІХ-ХХ ғасырларда Сыр бойында ғұмыр кешкен даңғайыр шайыр Нұртуған Кенжеғұлұлы туралы кемел дүние. Нұртуғанның тағдыры да – аяулы тағдыр. Бір басына қиямет-қайым жетерлік. Дегенмен өлең сөздің қас жүйрігі рухани қазынамызды байытқан дастандарын, жыр-толғауларын ғана қалдырмай, небір сөз шеберлерін тәрбиелеп, тұтас бір ақындар шоғырын жыр әлеміне енгізіп кетті. Жыраулық мектеп қалыптастырды. Толыбай ақын поэманың әр бөліміне шайырдың белгілі дастандарының кейіпкерлерін арқау ете отырып, сол заманның шындығын, халықтық шығарманың ешқашан жоғалмайтынын, Нұртуған есімінің ел есінен өшпейтіндігін меңзейді.
Қып-қысқа жаралса да тек ғұмыры,
Бүгіннің биігіне жетті жыры.
Төрінен алады ақын ойып орын,
Ертең де болып жыры көктің үні...
Нұртуған шайырдың Жанқожаны жырлай алмаған қапасын кестелей меңзеп отырып, алдындағы әулиедей екі абызды – Зейнолла мен Нұртуғанды тектен-текке дастанына арқау етпесе керек-ті. Алдыңғы толқынның ақ батасын алып, кейінгі ұрпаққа аманаттап тапсырған сыңайлы.
Жаратылысында лирикалық өлеңнің шебері Толыбай ақын кейінгі жылдары бедерінде жазған «Шектілер», «Қарақұм құрылтайы», «Жерұйық», басқа да поэмалары сюжетті өлең толғаулары арқылы өзінің тарих көшіне көз салған мықты эпик ақын екендігін де айғақтап отыр. Әр дастаны –  Арал өңірі өткеннің қадау-қадау поэтикалық тарихнамасы. Жазылу мәнері, бояулы тілі, көркем бейнелері арқылы оқырмандарын баурап алатын дүниелер.
Мағжан айтқандай «Толқыннан толқын туады» емес пе?! Ендеше соңғы жарты ғасырда поэзия айдынына жеті толқынын жүрегімен тербеп, алақанымен аялап салған арқалы ақын Толыбай Абылаевтың туындылары келер заманның жыр мен сыр толқындарының бір бастауында болары сөзсіз.

Ерғали АБДУЛЛА
 
12 сәуір 2022 ж. 1 112 0