Өзгелерге сабақ болса екен
Жалғыздық жанымды жегідей жеп барады... Жанымда сырласып, мұң-шерімді тарқататын жан да қалмады. Ішімде бүгiп жатқан дүниелердi оқырман қауыммен бөлісіп, бір жеңілдесем деп едім.
Бір үйдің ерке өскен қызымын. Ол кездері не кием, не ішем демедім. Барлығы да өз ойымдағыдай орындалып тұратын.
Сөйтіп, өзім қалаған оқу орнына оқуға түстім. Оқу бiтiрiп, мамандығыммен жұмысқа орналастым. Жұмыс та оп-оңай табыла кетті. Әкемнің бір ғана қоңырауынан кейін бәрі шешіле кетті. Осылайша өмір өтіп жатты. Бір күні бір сымбатты жігітпен таныстым. Ол жігітке шынымен ғашық болдым. Бұрын жігіттер менің соңымнан қалмаушы еді. Енді өзім ізінен қалмағандай күй кештім. Арада біршама уақыт өткен соң, бір-бірімізге деген сезіміміз оянып, отбасын құрдық. Бар мәселе сол кезден бастау алды. Жолдасым қарапайым отбасынан шыққан, арнаулы оқу орнын бітірген ауыл баласы болатын. Еңбекақысы да мардымсыз. Барға қанағат етіп жүре беретін. Ал мен болсам ақшадан тарлық көрмеген, қаланың тікбақай қызы едім. Арамыздағы келіспеушілік осындай үйдегі ұсақ-түйектен басталды. Бұл мінезім енеме де ұнамады, онымен де келіспей қалатын кездерім болды. Оның үстіне жолдасымның соңынан қырындап жүретін қыз-қырқын қатары азаймады. Шаңырақ көтерген соң, көп ұзамай аяғым ауыр екенін білдім. Сонымен не керек, отбасылық өміріміз мен ойлағандай бола қоймады.
Босанғаннан кейiн жағдайымыз күрделене түстi, балаға қажетті заттар да көбейді. Ал күйеуім болса менің қажеттіліктерімді өтей алмайтын кездері көп болды.
Бiр күнi осы жайттардың бәріне шыдамағаным соншалық, қолымды бір сілтедім де, баламды алдым да төркініме қарай пойызға мініп кетіп қалдым. Бірнеше күннен кейін жолдасым артымнан келіп, кешірім сұрап, "ендi бар жағдайыңды жасаймын" деп уәдесін де бердi. Мен де онымен бiрге қайтып келдім. Бірақ "баяғы жартас сол жартас" дегендей, ешқандай өзгеріс байқамадым. Төркiнге бір барған әйелдiң тағы да кете беретін әдеті пайда болады екен. Мен де төркiнге кетiп қалуды жиілеттім, әдетке айналдырдым десем болады.
Сөйтiп екі ортада жүргенде екiншi баламыз дүниеге келді. Бірақ ол да арамыздағы қарым-қатынасымызды жақсарта қоймады. Мен де әдеттегiдей төркінiмде жүре бердiм. Күйеуiм келетiн шығар деп үміттендім. Бірақ арада ай өтті, жыл өтті. Одан хат-хабар болмады. Бiрiншi болып хабарласуға өркөкіректігім жiбермедi. Сөйтіп жүргенде бір күні үйге ажырасу қағазы келіп тұр. Не істерімді білмей қалдым. Ол менiмен қалайша ажыраспақ? Біздің балаларымыз бар емес пе? Мүмкін, мені қайтарудың амалы шығар деп те ойладым.
Сол күні-ақ балаларымды алып қайын жұртыма қайттым. Келсем, бұл жақта мені қуантарлықтай жаңалық күтіп тұрмаған екен. Сөйтсем күйеуім тұрмыс құрмаған жас қызға үйленгелі жүр екен. Сол себепті менімен ажырасуға бекінген. Оны бұл ойынан қайтару мүмкін болмады. Өзім әлгі қызбен де, оның ата-анасымен де сөйлесіп, бар жағдайды айттым. Тіпті ажырасу кұжаттарына қол қоймай да жүрдім. Бірақ бұл амалдарымнан ештеңе шықпады. Ақырында екеуміз ажырасып тындық.
Сөйтіп, бір отбасы екіге айырылды. Мен басымнан өткен осы бiр жағдайға ешкімді кінәламаймын. Бар кінә өзімнен, шектен тыс еркелігімнен, ақымақтығымнан деп ойлаймын. Әкеме сенiп кеудемді көтеріп жүретін едім, ол да өмiрден озып кетті. Анам болса науқас, басқа бауырларым да өз отбастарымен, бізге қарайтын түрі де жоқ. Ендігі жерде бар жауапкершiлiк менiң мойныма артылды. Өзімнің екі баламды жеткізу керек, оған қоса науқас шешем бар. Олардың барлығының жауапкершілігі маған артылды. «Көзден кетсе, көңiлден кетеді» дегендей, әкем бақилық болғалы онымен кезінде сыйлас болған адамдардың қарасы да көрінбей кетті...
Бүгінде мен еңбек етуді, барға қанағат етуді үйреніп келемін. Бастысы, адами құндылықтың ақшамен, дүниемен өлшенбейтiнiн түсiндiм. Бiрақ кеш ұқтым. Менiң басымдағы жайт өзгелерге де сабақ болса екен. Қара су ішіп отырсаң да, берекеге толы шаңырағыңның түтінін түтетiп отырған бақытты әйел болғанға ештеңе жетпейдi екен...
Ж. АЛМАТ