Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қызымыз қызартпасын... немесе ерте жүктіліктің салдары

Қызымыз қызартпасын... немесе ерте жүктіліктің салдары

Қазақ халқы қашанда қыз баласын ерекше қадірлеген. Оны болашақ ана, ұрпақ өрбітуші ретінде жоғары бағалап төрден орын ұсынған. Сондай-ақ ұлттың болмысын қалыптастыратын жан болғандықтан қыз тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қараған. Содан да болар халық арасында «қызға қырық үйден тию» деген мәтел жиі айтылады.
Шынымен де қазақ қызының тәрбиесіне отбасы мүшесі ғана емес, бүтін бір ру, ел жауапты болған. Дәуірлер алмасып, заман ағымы өзгерген шақта біздің ұлттық құндылықтарымыз да жаңаша сипат ала бастады. Соның ішінде қыз баласының тәрбиесі де қырын кетіп жатқандығын жасыра алмаймыз. Естіген құлаққа түрпідей тиетін небір сұмдықтарды естігенде намыстанамыз. Әсіресе, қолындағы қуаршақты бөбекке айрысбастаған қыздардың тағдыры бәрімізді алаңдатады.
Қазіргі жағдайдағы жас ұрпақтың денсаулығын қорғау проблемасының өткірлігі еңбек пен зияткерлік ресурстардың сапасына, болашақта елдің қорғанысы мен қауіпсіздігіне әсер етеді.Соңғы кездері жасөспірімдер мен жастар арасындағы ең өзекті мәселе – бұл олардың ерте жыныстық қатынасқа түсуі және одан туындайтын зардаптар болып отырдеген Арал аудандық ауруханасы Бас дәрігерінің ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Ағила Мектепбаева бұл зардаптарға жасөспірімдердің жыныстық жолмен жұғатын ауруларға шалдығуы және қыздар арасындағы ерте жүктілік жататындығын айтты.
– Аудан бойынша 3746 жасөспірім бар, оның 1720-сы қыз бала. Өткен жылы профилактикалық тексеру кезінде 674-інен экстрагенитальды аурулар анықталып, сауықтырылды. Мектеп жанында оқитын қыз балаларда криминалдық аборт жағдайы тіркелген жоқ. Дегенмен 2022 жылы 16жасқа толмаған 10 жасөспірім жүктілігімен тіркелмеді.Ал осы жылы 2 жағдай орын алып отыр. Оның біреуі 16 жасқа толмаған. «Ерте жүктіліктің алдын алу», «Отбасын дұрыс жоспарлау – маңызды қадам» тақырыптарында 4 семинар-тренингтер ұйымдастырылып, осы шараларға 64 жасөспірім тартылды. Сондай-ақ енгізілген карантиндік шектеу шараларына байланысты мекеменің әлеуметтік желі парақшасында ауданаралық аурухана акушер-гинеколог мамандары мен Жастар Денсаулығы орталығы мамандары арқылы репродуктивті денсаулықты қорғау және жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің алдын алужыныстық жолмен жұғатын аурулардың алдын алу бағытында офлайн және онлайн форматта 11 іс-шара өткізілді, - дейді дәрігер.
Жалпы ерте жүктілік деп 13-18 жаста болатын жүктілікті айтады. Осы уақытта қыз баланың өтпелі кезеңі басталып, ағзада гормондық қайта құрылу үрдісі жүреді. Жүктілік кезінде ағза күшейген тәртіпте жұмыс істейді. Жүрек-қан тамыры, эндокриндік жүйе, басқа да ішкі ағзаға үлкен салмақ түседі. Мұның қиындығы – жас анада көбінесе плацентарлық тапшылық, анемия, токсикоз болады. Ерте жүктілікте қыздың ағзасы осындай жүктемеге әзір болмайды. Сол үшін ең дұрысы – ерте жүктіліктен сақтану. Қыз балаларға ерте жүктіліктің қауіптілігі мен қоғамға әкелетін зардабын түсіндіру мақсатында аудандық аурухана мен білім бөлімі бірлескен түрде түрлі бағытта шаралар ұйымдастыруда.
– Аудандағы 50 мектептің барлығында аудандық аурухана бектіткен мамандармен жоспарлы түрде бірлескен жиындар өткізіп тұрамыз. Қыздар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіземін. Жалпы оқушы қыздардың жүріс-тұрысын қадағалап, оларды түзеп отыру үшін мектептегі қыз тәрбиесіне жауапты мамандар, медбикелер түрлі бағыттағы шараларды ұсынып отырады. Барлық мектепте қыздар клубы бар. Өткен жылы оқушы қыздар арасындағы жүктілік жағдайы тіркелген жоқ. Бірақ колледжде бар. Біз балаға білім мен тәрбие сіңіретін ұйым ретінде мектеп қабырғасында жасөспірімдерге барынша тәрбиелік шараларды ұсынамыз, - дейді аудандық білім бөлімінің бас маманы Ғалия Сейтова.
Иә, дәрігер бақылайды, мектеп қадағалайды. Бірақ мәселенің енді бір ұшы отбасына келіп тіреледі. Отбасында ана бойжетіп келе жатқан қызына жыныстық тәрбие турасында білім беруден ұялмағаны абзал. Бізде көбіне осы жақтан ақсап жатамыз. Егер қыз жыныстық қатынасқа ерте түссе, ол оның салдарын білуі тиіс. Міне, осы кезде ол отбасында анасымен, жеңгесімен жақын сырласуы қажет. Кейде біз баланы өте қатал тәрбиелеп жатамыз. Тәрбиелеу – осы екен деп шамадан тыс қаталдыққа салынып, баланы жастайынан жалтақ етеміз. Осыдан келіп, қыз анасына ашылып, ойындағысын айтуға жасқанады немесе ұялады.
– Жалпы қыз баланың тәрбиесі үшін әрбіріміз жауаптымыз. Сондықтан өмірдің ағысында тосқауылға тап болмас үшін олардың бойына саналы тәрбие сіңіруіміз керек. Ең алдымен анасы қызының өміріндегі ең бірінші жақын адамы екендігін ұқтыра алуы керек. Біз осы тұста қателік жібереміз. Мәселен, бала дәурен қалып, қыз дәуренінің басталғанын ол анасына емес, алдымен құрбысына яки болмаса жеңгесіне айтады. Сол үшін қызды бала кезінен өзімізге сендіріп, оған анадан артық жақын адам жоқ екенін ұғындырып өсіргеніміз абзал. Қыз тәрбиесі анаға сын. Бет шымшып, ерін тістеп қалатын жағдайға тап болғанда балаға білім беріп отырған ұйымды немесе өзгені емес алдымен аналар өзімізді бірінші кінәлі адам ретінде тануымыз керек, - дейді «Арал әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Жүгінісова.
Қыз – сұлулық пен ақылдылықтың белгісі. Ұлтқа келер ұят пен ардың өлшемі. Қыз қылығы – талайды тамсандырып, талайдың жүрегін жаулаған. Қаншама ақынның шабытын оятып, жырына арқау болған. Қыз – қазақтың мақтанышы. Әрбір азамат бір қыз көрсе, оған туған қарындасы мен әпкесіндей, бір ананы көрсе туған анасы мен әжесіндей қараса – қазақ қызы кім көрінгеннің аяғына тапталып, кім көрінгеннің жетегінде кетпейді. Халқымыз: «Бағалай білгенге – бақ қонар», – дейді. Қыз – біздің барымыз да нарымыз, қырмызы қызыл гүліміз. Гүлімізді тамырынан ерте солдырмай, бағалай, аялай білейік.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
14 ақпан 2023 ж. 539 0