Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Киіктің лағы

Киіктің лағы

Сонан бері талай жылдар өтті. Жерінен жеріді ме, ауыл маңындағы сулы қаққа киіктер оралмай жүрген көрінеді. Шілденің шіліңгірі тұла бойды шым-шым күйдіріп, жүрісті ауырлатып келеді. Астымдағы күрең жорға жас жылқы-тын. Бас білдіріп, тақым тигелі де көп болмаған. Жан-жағына еліре қарап, басын ала қашады. Інімнің мінгені әкемнің боз торысы.
Түс ауа сарыжонды қырқаға көтерілдік те, аттарымызды тұсап жібердік. Айран, нанымызды алдымызға алып, жыңғылдың көлеңкесінде ауқаттануға отырдық.
Әудем жерде қос ат жайылып жүр. Тым алыстан ауыл мұнартып, төменде оймақтай болып көл жатыр. Көкжиекте ақ сағым ойнайды. Аспанда көгілдір бояулар мен ақ шарбы бұлттар жүзіп жүргендей. Әні, сонау биік сарғыш төбеден қылаң етіп, шаң көтерілді. Інім де сол жаққа қарап отыр екен.
–Ки-ік-тер,– деді ол бірден.
Кең дала төсін дүбірлеткен қалың үйір көлге қарай құлап келеді. Қапырық ыстық таңдайларын қақсытып, аңқаларын кептірген-ау. Ұзын саны елуге жуық бір үйір көл табанға жақындағанда жүрістерін бәсеңдетіп, шаңырақ мүйізді текесі оқшау шықты. Ойнақшып, шиыршық атқан қимылмен үйірін шолып қарады да, тұнып жатқан мөлдір суға тамсана тесілді. Сосын бүлк-бүлк жеңіл басып жақындай түсті.
Біз де осынау ғашық мезеттен айрылып қалмайық деп жер бауырлай жаттық. Тамаша сәтті қапы жібермей, демімізді ішке тартамыз. Шаңырақ мүйіз теке салқын суды қылқ-қылқ жұтты. Қалың үйір де еркін сіміруге кірісті.
Шөлін қандырып, қарнын сыздатқан киіктің лағы анасының жанына келіп бұғағынан иіскелей бастады. Анау оның арқасынан емірене жалады. Үйір көл табанының көгіне жайыла түсті.
Су жиегінде талайды көрген ешкі мен бейкүнә лақ қана қалды. Ерке сәбидің бейнесін елестеткендей тәтті көрініс жүректі елжіретіп, бізді де өзіне тартып барады. Бір сәт бір-біріне мейірлене қарап қалған...
Жануарлар елең еткенше, жер-көкті солқылдатып, гүрс еткен дауыс шықты. Үйір ышқына қашты. Сейілмеген түтін арасынан жалп еткен жалқы лақты ғана көзіміз шалып қалды. Өн бойымнан ып-ыстық бірдеңе жүгіріп өткендей болды. Кеуде тұсым дүрс-дүрс соғады. Інім де солай қарай қарап тұр екен.
Атқа міне салып шауып келсек, аяғын әлсіз қозғап жатқан лақтың жанында екеу отыр. Аспан әлемін шарасына сыйдырып, жанары мөлт-мөлт жәудірейді лақтың.
Мылтық асынғандармен амандаспадық. Қырын қарап тұрмын. Бойды ашу кернеп, денеміз дір-дір етеді. Бірақ істер шара жоқ. Мына суық жүзді қаныпезерлерден қаймығамыз.
– Олжаға ортақ болғыларың келе ме а-а,– деді құстұмсық, құмай көздісі қызылсыраған құзғындай, лақтың аяғынан ұстап жатып.
– Ешкісін көздеп едім, лағына тигенін қарашы,– деп екіншісі жымысқыланып өтірік өкініп қойды.
Біз кейін шегіндік. Лақтан аққан жылымшы қан топыраққа ұйып қалған. Жанұшыра қимылдағысы келеді, ышқынады. Бірақ әлі жоқ. Көзінен жас ағуда. «Менің не жазығым бар еді. Дала қызығын да көре алмадым-ау. Анамның да ақ сүтіне тоя алмадым ғой. Мынау жарық дүниенің де парқын біліп үлгірмедім. Адамдар неткен қатыгез» деп ішкі шерін шығарып жатқандай елестеді бізге.
Оқ тиген оң қолтықтың асты қарауытып, қоңыр күреңденіпті. Құмай көздісі қынынан пышағын суырып, бауыздауға кірісті. Менің жүрегім езіліп, буыным босай берді. Бұдан әрі қарауға дәтім шыдамай, ауылға қарай тұра шаптым. Көзде жас. Ініме қарасам, ол да ағыл-тегіл жылап келеді екен.
Артымыздан тағы да «дүрс» еткен мылтық даусы естілді. Бәлкім, лағының жатқан жеріне қайта оралған аналықты оққа байлады ма екен қанды қолдар. Білмейміз, еңіреп шауып келеміз...
Осы оқиғаны інім әкеме түп-түгел айтып берген.
–Киіктер енді бұл жерге оралмайды,– деді ол қабағы түксиіп.
– Енді оралмайды.
Сол күні түс көріп, ұйқымнан шошып оянғаным әлі есімде.
Келесі жылы әлгі екеуі айдалада мотоциклмен киікті қуып жүріп мерт болыпты дегенді естідік. Осы өңірге белгілі киік аулаушылар екен. «Киіктердің киесі ұрды оларды» деді ауыл адамдары.
Араға біраз жыл салып, демалысымда туған ауылға барғанмын. Ол аймақтан құралай көз дала еркесін кездестіре алмадым. Досым «қызыл көз құлқынқұмарлар қырып салған шығар. Тұрғанымен ақша ғой» деді даусына мұң орай. Ал мен болсам киіктер мекеніне қайта оралса екен деп іштей тілеп тұрдым. Әсілі, әкемнің айтқаны шындық болды-ау.
Ш. ЖЫЛМАҒАНБЕТОВ
03 маусым 2023 ж. 433 0