Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жақсының өмір жолы

Жақсының өмір жолы

Ғазиз жүректі жандардың ғұмыры жүйрік жылқы секілді,өтеді де шығады. Бірақ сол мезеттің әр сәтін береке мен мерекеге,еңбек пен білімге,шаттық пен шуаққа,жақсылықтарға арнасаң ғана өмір жолың нұрланып тұрмақ. Жиырма жасыңда-ақ алдаспандай жарқ еткен қазақтың қыз-жігіттері жүзге жетіп,дүние жүзін аузына қаратқан елдің ақсақал ақындарын білеміз. Сондықтан шабыт шыңы пендеге қай шақта қонарын тап басып айту қиын.Дегенмен сөзінде салмағы,жасаған ісінде береке жүретін жандар айналасына пайдасын тигізе біледі,шуағын шашады.
Міне,Жүзбай Таңрықбаев та-осындай ақжүрек кісі. Әзиз ғұмырын ғазиз ете білген оның өмір жолы жастарға өнеге.Тынбай ізденіп,жастарша жаңашылдыққа құмартуы,еңбексүйгіштігі мен салмақты ой-пікірі арқылы халқына сыйлы азамат атанып жүр.Ерен жанның өмір жолы,еңбек өтілі,жүріп өткен соқпағы да талайға ой салады.
Жүзбай Ибрагимұлы 1950 жылы 10 мамыр күні Шиелі ауданы бұрынғы Құмсуат,қазіргі Жаназар батыр ауылында дүниеге келген.Ал 1968 жылы Орджонокидзе атындағы қазақ орта мектебін бітіргеннен кейін,Қызылорда қаласындағы политехникумға оқуға түсіп,1971 жылы техник-механик мамандығын алып шығады. Алғашқы еңбек жолын 1970-1975 жылдары «Казсельхозтехника» автобазасында жүргізушіліктен бастайды. Жүргізуші,бақылаушы механик,шебер,аға шебер,гараж меңгеруші қызметтерін атқарған. 1975-1976 жылдардың аралығында «ДСУ-30» мемлекеттік мекемесінде автоколонна бастығы,1976-1985 жылдары автокомбинатта автоколонна бастығы,тәуелсіз партия ұйымының хатшысы,1985-1989 жылдары «АТП Казсельхозтехника» автобазасында директор қызметін атқарған. 1989-1991 жылдары балама дауыспен облыстық автокөлік басқармасының ПартКом хатшысы болып сайланды. 1992 жылы автокомбинатқа директордың орынбасары қызметіне ауысты. 1992-2000 жылдар аралығында «Бауыржан жеке шаруашылық қожалығының» директоры қызметін атқарды.
Асқар тау әкесі Ибрагим де «қамшының сабындай қысқа өмір ас ішіп,аяқ босату үшін ғана берілмейді.Өмірден өзіңнің лайықты орныңды ал,еңбек ет,сол кезде ғана қоғамға пайдаң тиіп,отбасыңды асырайсың.Халқыңның абыройында боласың», - деп ақыл-кеңесін аямапты. Қазақта сөз бар: «өмірден өтуіңе бір күн қалды десең,сол бір күніңді де жақсы өмір сүру керек» деген.
Ол 2013 жылы зейнетке шыққан сәтінде ойланып,енді не істеймін деп өзіне сұрақ қояды. Өзі бала кезінде шығармашылықпен айналысты. «Қазақстан пионері» газеті, «Балдырған» журналына мақала жазып,басылымдардан оған хат келіп тұратын. Онан соң суретпен,спортпен де айналысты. Сонау мектеп қабырғасында жүріп,білімге ынтызар болып,қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып,өзін дамытумен болды.Осы тұста басты айта кететін нәрсе,оның шығармашылығында,кітаптарында,ой толғауларында басты арқау болатын тақырып-ол жастарды тәрбиелеу. Отбасындағы береке,бірлікті сақтау,кешірімді болу мен ерлі-зайыпты кісілердің бір-біріне деген сабыры. Қазақтың қара шаңырағындағы саф алтынға бергісіз құндылықтарды дәріптеу,мықым елге тарату болып саналады.Иә осы қылқаламның қуатты болуы,қазақы құндылықтарды жиі жазуында десек те болады.
Ісі мерекелі,берекелі,сәулетті де дәулетті жандарды көріп,көңіл марқаяры хақ. Жүзі жылы Жүзбай аға да жанына жақын жақсыларды жиған.Жолдас жандарының да жаны жайсаң. Сондықтан болар ол өмірдің өнегелі тұсын,тәлім-тәрбиесін қаламға арқау етуден еш танбасы анық...
Асылзат Жолдасова

Фото: www.facebook.com
01 наурыз 2024 ж. 892 0