Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жұмбақ табақ

Жұмбақ табақ

Баяғы заманда бір ауылда егде тартқан кемпір-шал тұрыпты. Оның жан дегенде жалғыз ұлы, ай мен күндей сұлу келіні, бір немересі болыпты. Күндердің күнінде қариялардың жалғыз ұлы жазылмас ауруға шалдығып, ақыры жастай дүние салыпты.
Жесір қалған жас сұлу келіншекке көзі түскен сол ауылдағы бай әрі болыс қасына нөкерлерін ертіп, әлгі кемпір-шалдың үйіне келеді. Сөйтіп, қаралы келінді тоқалдыққа әкетпекші болыпты. Келіннің қайын атасы мен қайын енесі болысқа бір ақсарыбас мал сойып, оны қонақ етіпті. Мал сойылып жатқанда енесі ошақ басында жүрген келініне:
– Келінжан, мына болыс тегін келмепті. Сені тоқалдыққа алсам деп атаң екеумізге сөз салып отыр. Біз жұмған аузымызды аша алмай, болыстың беделінен жасқанып, не айтарымызды білмей отырмыз дейді.
Сонда жас келін:
– Апа, еш алаңдамаңыз. Болыс ел басқарып отырған есті ұлық қой. Ұлықтың айтқаны ұлы заң. Оны елі атқарады. Ал ұлық халықтың сөзін тыңдайды. Ас жегеннің аузы жұмсақ болады. Болысқа тартатын асты мен дайындайын, сіздер жай әңгімелесіп, еш нәрсенің қылпын білдірмей, отыра беріңіздер. Қонақ кәде мен ас сыйынан кейін ол мәселе шешімін табатын болады, – депті.
Келіннің айтуы бойынша кемпір-шал қонақтармен әңгімелесіп отыра береді. Бір уақытта ет те піседі. Келін астау толы етті қонақтардың алдына әкеліп, ақ дастарханға қойып, далада жүрген ұлын шақырып: «Болыс атаңнан бата сұра» депті. Таңдайы тақылдап тұрған 4-5 жастағы ұл бала:
Ұлық ата, адал асқа берші бата,
Сіз келдіңіз Пайғамбар жасқа.
Сіз салған жолмен халық жүрсін,
Кетпесін бұл өмірде ешбір қата! – деп бата сұрапты.
Сонда астауға салынған кәделі жіліктерді көзінің қырымен бір шалып өткен қақсал болыс астаудағы асқа бір қарап, келінге бір қарап:
Ішпес жерде су бар,
Жемес жерде ас бар.
Астау толы аста,
Ақыл жетпес сыр бар.
Жұмбағын шеше алмас,
Бір жұмақ шың бар! – деп астан ауыз да тиместен нөкерлерін ертіп, райынан қайтып, үн-түнсіз бетін сипап аттанып кеткен екен.
"Сонда келін астауға қандай кәделі жіліктер салған?" деген ой бәрімізде жылт етері сөзсіз. Бұл болыс айтқандай "жұмбақ табақ" деп аталады. Оны болыс пен келін ғана түсінеді. Қалғандары аң-таң болып жұмбақты шеше алмайды. Ауылдан алыстаған соң, болыс нөкерлерінің бірі:
– Болыс, сіз астан ауыз тимей, не жауап қатпай, келінді тоқалдыққа алу райынан қайтып қалдыңыз ғой. Біз түк түсіне алмай қалдық, – деген екен.
Сонда болыс:
– Мына елдің болысы мен емес. Жас болса да, әйел болса да нағыз ел басқаратын нағыз дана, ақылды жан сол екен, – деп терең оймен күрсініпті.
Әлгі жағымпаз нөкер:
– Ой, болыс-ау, әйелдің шашы ұзын, ақылы шолақ, өзі де ақымақтау көрінеді. Бір қойдың бар кәделі жіліктерін астауға толытыра бір-ақ тартыпты. Онда тұрған не бар? Етке тойып алып, жас сұлуды қойынға салу керек еді, –деп жылпылдапты.
Қабағы қатулы болыс:
– Ей, ақымақ. Ақылың тамағыңнан аспайтын қу сорлысың ғой. Ол табақ табақ емес. Ол маған берген жауап. Оның мәнін біліп ал, – деп бір тыныстап алған болыс ат үсінде алдына тартылған бір астау еттің мән-мағынасын былай түсіндіріпті.
– Ол келін, келін емес керім екен. Астауға жетім арқа салыпты. Ол күйеуім кетіп жесір қалдым дегені, бұлшық еті жоқ асық жілік салыпты. Ол сүйеніші жоқ ұлым жетім қалды дегені. Қойдың жарты жүрегін салып, жүрегім жарты, көңілім орта десе, жетім бауыр салыпты. Ол туыстарым күйеуге шыққанымды қаламайды дегені. Қойдың тілі мен жағын кескілеп салыпты. Сізбен тіл табыса алмаймын дегені. Ал сынған, еті ояздау ортаң жілік салғаны, азаматымыздан айырылып, қаралы болып отырмын дегені. Енді мынаны тыңда. Етінің жартысы кесілген кәрі жілік пен құйқасының жартысы жоқ бас салыпты. Түсінгенге қарт қайын атам мен қайын апам бар. Оларды тастап кете алмаймын дегені. Жалғыз тал қара қабырға қатыныңмен кеңес дегенді білдіреді. Талақты үш бөліп салғаны қатыныңды талақ етіп, басыңды босатып кел дегені. Еті аршылған жауырын, ақылың болса осы ауыртпалықтарды көтере аласың ба дегені. Қу құйымшақ пен тоқпан жілікті салып, оның үстіне құйрық маймен басып қойыпты. Ол біздей қойшы құлды майдай жұмсақ сезініп, шынайы отбасымызбен қабылдай аласың ба дегені. Оның қасына қос бүйректің біреуін жарып, біреуін бүтін күйінше қойыпты. Бүйрегің бітеу, қуатың күшті ме, жоқ, жарты бүйректей әлсізсің бе дегені. Міне, біздің хәл осылай. Ал сіздің хал қалай, деп сұрағаны. Жарты шикі өкпе салыпты. Ол – ісің шикі болса маған өкпелеме дегені. Мен оның ақылы мен арына бас иіп, үнсіз, тілсіз кеттім. Атам қазақ «Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз. Көп білсең де көптен артық білмейсің». Білгенің көбейген сайын, білмейтінің да көп екенін түсінетін боласың деп текке айтпаған ғой, – деп болыс әңгімесін тәмамдап алға қарай желе жорта жөнеліпті.
(Желідегі жазбадан)
05 қазан 2024 ж. 170 0